• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
25 Қазан, 2013

Маңызы артқан мерейлі күн

315 рет
көрсетілді

Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін атап өту шеңберінде кеше осы халықаралық белді ұйыммен бірлесіп Мемлекеттік басқару академиясында еліміз Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «БҰҰ-ның Қазақстанға келуіне – 20 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін атап өту шеңберінде кеше осы халықаралық белді ұйыммен бірлесіп Мемлекеттік басқару академиясында еліміз Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен «БҰҰ-ның Қазақстанға келуіне – 20 жыл» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.

Аталған шараға халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, Қазақстан Президенті жанындағы Мемле­кет­тік басқару академиясының тыңдармандары, ғылым мен академиялық топ, БҰҰ және БАҚ мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты. Семинарға қатысушылар алдында еліміз сыртқы саясат ведомствосы басшысының орынбасары Алексей Волков сөз алып, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың құттықтау хатын оқып берді.

Сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақ­стан­дағы Тұрақты өкілі Стивен Тулл өзінің құттықтау сөзінде адам құқықтарына негізделген БҰҰ мақсаты бейбітшілікті арт­тыру болса, оның жүзеге асып жатқандығынан хабардар етті. Тұрақты өкіл осы ретте «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының қа­был­дануы болашақты нақты бағдарлау екендігіне тоқталып, Қазақстанның жаһандық деңгейде аймақтағы ықпалды күшке ие болуы қажеттігіне назар аудартты.

Бұдан кейін БҰҰ халықаралық күнін атап өтуге жиналғандарды БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун бейнеүндеу арқылы құт­тықтады. Осы жерде өткенге сәл шегініс жасасақ, 1945 жылдың 24 қазаны – БҰҰ Жарғысы қабылданған күн ұйымның халықаралық күні деп аталып жүр. Бұл күнді мерекелеу 1948 жылдан басталса, жыл сайын осы күні әртүрлі кеңестер, пікірлесулер мен фотокөрмелер ұйымдастырылып, БҰҰ табыстары паш етіледі.

1992 жылы 2 наурызда БҰҰ мүшесі атанған Қазақстан Ұйым­ның барлық іс-шараларына белсенді қатысты және оның аясын­да ірі халықаралық форумдарды өткізуге мұрындық болды. Қазақстан осы тұрғыдан келгенде өзін БҰҰ-ның белсенді мүшесі әрі өз ісіне жауапты ел екенін дәлелдей білді.

Орталық Азия жөніндегі субөңірлік офисінің (Алматы қа­ласында орналасқан) директоры Николай Ботев 2015 жылдан кейінгі дамудың аспектілеріне құрылған баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінгі үдерістер БҰҰ жұмысына әсер етпей қоймайды, сондықтан да ұлттық консультациялар маңызы артуда. Бұған дейін тұрақты дамуға негіз қалайтын жаппай орта білім беру, кедейшілікпен күресу және ВИЧ-СПИД-тің алдын алу сияқты мәселелер қамтылып келсе, 2015 жылдан бастап талап түбегейлі өзгеруі мүмкін. Қазірдің өзінде 60-қа тарта агенттіктер мен ұйымдар бірігіп, жұмыс топтарында есептер даярлауға кірісіп те кетіпті. Бұған сарапшылардан өзге 100-ге тарта елдің ұлттық консультациялары атсалысып жатса керек.

Сондай-ақ, жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Қазақ­стан Президенті жанындағы Мем­ле­кет­тік басқару академиясының ректоры Болатбек Абдрасилов орайы келгенде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың еліміздің аяғы­нан нық тұруындағы БҰҰ рөлін жоғары бағалайтынын жеткізді. Және де ол Ұйымның елімізде нарықтық реформаларды жүргізуге, мамандарды даярлауға, экономиканың әртүрлі саласын қайта құруға қосқан үлесін де атап кетті.

Жалпы, семинарға қаты­сушылар Қазақстан Республика­сы­ның БҰҰ-мен өзара қарым-қа­тынасы ырғақты түрде дамып келе жатқандығын атап көрсетті. Мәселен, Қазақстан 2013-2015 жылдар аралығында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып табылады.

Қорыта айтқанда, Қазақстан БҰҰ-ның еліміздің дамуына қосқан үлесін, әсіресе, тәуелсіздікті жаңадан алған жылдардағы қолдауын жоғары бағалайды. Экологиялық зардапты саналатын Семей және Арал өңірлерін әлеуметтік-экономикалық оңалтуға, халық денсаулығына, бала құқығына, гендерлік теңдікке байланысты мәселелерді шешудегі жәрдемінің маңызы зор.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

--------------------------------

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар