• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Ғылым 20 Тамыз, 2020

Жамбылдық жас өнертапқыштың табысы

662 рет
көрсетілді

Бүгінгідей ғылым дамып, өркениет өрлеп тұрған дәуірде білімді ұрпақтың қалыптасатыны да заңдылық. Егемен еліміздің ертеңі саналатын жастардың дені жаңалыққа құштар, ғылымға әуес. Бұл орайда еліміздің әр қиырында талантымен талайды тамсандырып жүрген білімді жас­тар жетерлік. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Мөлдір Айжарық та сондай жастардың бірі.

Жас өнертапқыш им­пульс­ті, температураны, сонымен қа­тар баланың геолокациясын қада­ғалай алатын және бұл туралы ата-анаға хабарлама жіберетін жа­ңалық ойлап тауып, оған «Your friend» деген атау бе­ріпті.

Мөлдір Айжарық бұл биз­нес-жобаны 11-сыныптан бас­тап ұстазы Әлия Жусан­бае­ваның жетекшілігімен эко­но­мика сабағында қолға ала бастаған екен. «Қоғам­ның мә­­селелерін зерттей оты­­рып, көптеген ата-ана ба­ласының денсау­лы­­ғына тиісті уақыт бөле алмайтындығын байқа­дым. Өйткені олар көп уақы­тын жұмыста өткізеді. Осы мәсе­лелерді зерттей келе, баланың денсаулығын бақы­лайтын және ата-анасына мәлімет жібере алатын смарт-білезік жасау идеясы пайда болды», дей­ді ол. Айта кетейік, жас ғалым ZhasCamp Accelerator әлеуметтік жобаларды дамыту бағдарламасының түлегі. Аталған бағдарламаның нә­ти­­жесінде ол ғалым және Technologies Lab бас директоры Тимур Рыспеков сынды тәлімгер тапқан. Кейіннен мен­тордың жетекшілігімен код жазып, құрылғының жұ­мыс прототипін жасап шық­қан. Қазіргі кезде ол жобасын дамыту үстінде. Сондай-ақ Мөл­дір Айжарық ойлап тапқан құрылғы пайдаланушы сенсорларды өз қажеттілігіне сай ауыстыра алады екен. Бүгінде тек өндіріс пен аталған жобаны одан әрі дамыту үшін инвестициялар тарту мәселесі ғана қалып тұр. Жоба 3 жас­тан 8 жасқа дейінгі балаларға арналған. Өнертапқыш енді аталған жоба арқылы аудиторияны кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар мен құтқарушыларды қамту да ойында бар екен. Бүгінде жас өнертапқыш осы бизнес-жоспар бойынша белсенді жұмыс істеуде. Ал жоғары оқу орнына түс­кен соң әртүрлі мамандық сту­дент­терінен жобалық топ құ­руды жоспарлауда.

 

Жамбыл облысы