• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Білім 20 Тамыз, 2020

Алматыда 30 мың бала бірінші сыныпқа барады

204 рет
көрсетілді

Алматыда 15 мыңнан астам мұғалім қашықтан оқыту үшін білімін шыңдап, техникалық сауаттылығын арттырды. Алдағы жаңа оқу жылына дейін екі мыңдай мұғалімге компьютер берілмек. Ал үй жағдайында оқытуға мүмкіндігі жоқ ұстаздарға мектепке келіп онлайн білім беруге рұқсат етілген. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Балалардың алаңсыз білім алуы үшін қолжетімді интернет желісі кедергісіз  жұмыс істеуге тиіс. Дегенмен, қалада ұялы телефон байланысы нашар, тіпті ғаламтор жүйесі тартпайтын 46 нүкте анықталып отыр. Осы кедергіні еңсеру мақсатында оқушылар мен мұғалімдер үшін қолжетімді "Білім" тарифі іске қосылмақ. Ресми мәлімет бойынша, биыл шамамен алматылық 30 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Оқушы санының артуына байланысты мегаполисте қыркүйектен бастап жаңа екі білім ұясы пайдалануға берілмек.

"Жаңа оқу жылында қаламыздың орта білім беру желісіне жаңа нысандар қосылады. Қазіргі таңда Алматы қаласында 205 мемлекеттік, 61 жекеменшік  мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекте қосымша екі мектеп іске қосылатын болады. Ол – Әуезов ауданындағы Мамыр шағын ауданындағы 200 орындық жаңа мектеп және Түрксіб ауданындағы Нұршашқан шағын ауданындағы 600 орындық жаңа мектеп", дейді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Сондай-ақ, қаладағы компьютерге мұқтаж жандарға тиісті техниканы бөліп беру мәселесі жіті бақылауда. Ол үшін жергілікті білім басқармасының жанынан қалалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, "Алматы-адалдық алаңы" және "Саналы ұрпақ" ұйымдарынан тұратын арнайы комиссия құрылған. Одан бөлек, әрбір білім ордасындағы қаржының қайда жұмсалып жатқанын publicbudget.kz сайтынан көруге болады. Мектептердегі жөндеу жұмыстары мен материалдық шығын үшін ата-аналардан бір тиын да алынбау керек дейді комиссия мүшелері.

– Білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамына енудегі мақсатымыз – қоғамдық бақылау болсын, әділдік болсын, мөлдірлік болсын деген ізгі ниет. Білім саласында атқарылып жатқан барлық жұмыстардың басы-қасында боламыз, – дейді "Саналы ұрпақ" жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Тоқышев.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.