Мәскеу маңындағы «Алабино» полигонында өтетін танк биатлонына қатысатын қазақстандық команда танкішілер өнер көрсететін техниканы қабылдауды бастады.
Жеребе нәтижесінде Қазақстан командасы сары түске боялған төрт танкіге ие болды. Конкурс ұйымдастырушылары – ресейлік тараптан ұсынылған техниканы техникалық қамтамасыз ету тобы офицерлерінің басшылығымен экипаждар қабылдады.
Қабылдау барысында танкілердің техникалық жағдайы, жауынгерлік машинаның бөліктері және механизмдерінің жарамдылығы мен қабілеттілігі тексерілді. Сонымен қатар танктердің техникалық қамтамасыз етілуі және пайдалану алдындағы дайындыққа назар аударылды.
Қазақстандық әскери қызметшілер жауынгерлік машиналардың жағдайы қанағаттанарлық екендігін және «Танк биатлоны» сайысы аясындағы барлық тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жарыс басталмас бұрын қазақстандық танкішілерге қару-жарақтың дайындығы мен дәлдігін дұрыстап, танк биатлоны трассасының бағытын мұқият зерделеу қажет.
Қазақстан Қарулы Күштерінің командасына халықаралық байқауға іріктеу кезеңдерінің көшбасшылары – танкіші мамандар таңдалды. Алдын ала кезеңдер барысында «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің атынан төрт танк мамандарының экипажы іріктелді. Еліміз атынан сынға түсетін команданы ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергенов басқарады.
Еске сала кетейік, Армия халықаралық ойындары-2020 аясында өткізілетін «Танк биатлоны» халықаралық жарысы 23 тамыз – 5 қыркүйек аралығында «Алабино» полигонында өтеді. Қазақстандық команда алғашқы жеке жарысын 25 тамыз күні бастап, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан танкішілерімен бірге бір топта өнер көрсетеді.
Аталған ойын 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Қатысушы елдердің саны да жыл сайын артуда. Биыл «Танк биатлонына» 16 елдің командалары қатысады. Сарапшылар атап өткендей, байқаудың ең мықтылары – Беларусь, Қазақстан, Қытай және Ресей қатысушылары.
«Танк биатлоны» – биыл қазақстандық команда қатысатын жалғыз байқау. Бұл жалпы командалық жүлделі орындарды жеңіп алу мүмкіндігін айтарлықтай төмендетеді. Өйткені көптеген байқауларда жоғарғы ұпай жинаған команда жеңіске жетеді. Соған қарамастан, қазақстандық жауынгерлер жеңіс тұғырынан көрінуге үмітті.
«Танк биатлоны» танкті басқару, кедергілерден өту және зеңбірек пен пулеметтен нысана көздеу сияқты жоғары шеберлікті ғана емес, сонымен қатар үйлесімділікті, экипаж мүшелерінің іс-қимылын үйлестіруді, жақсы дене дайындығын талап етеді.