• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Абай 21 Тамыз, 2020

Абай оқуларының жеңімпаздары анықталды

825 рет
көрсетілді

Кеше ұлтымыздың ұлы ойшылы, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған тұңғыш классик Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерде жарияланған «ІV Абай оқулары» әдебиет сайысының жеңімпаздары анықталды.

Елбасы кітапханасының директоры, профессор Әмірхан Рахым­жановтың айтуынша, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар туған сайын Абайдың мұрасы жаңа қы­ры­­нан жарқырай ашылып, қадірін арттыра түспек. Данагөй ақын­ның шығармашылығын жаң­ғыртуда Елбасы кітапханасы Абай оқуларын ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырып қана қой­май, жастардың оқуға құш­тар­лығын оятып, өмірлік көзқа­расын кеңейту мақсатында биыл «Абай – 175» жобасын іске қос­ты. Ойшылдың пәлсапалық мұ­ра­сын арнайы бағдарламамен әзірлеген семинар-тренингтер мен біліктілік дәрістерінің не­гізіне алады. Ресми сайтындағы электронды каталогтың көмегімен мекеме Абай еңбектеріне қол­жетімдікті іске асырды. Ой­шыл­дың туған күніне орай Елба­сы кітапханасы ақынның рухы мен шығармашылығына арнап көрмелер мен түрлі іс-шара­ларды ұйымдастыруды да әдетке айналдырған. 2016 жылы Кітапхана архивінің қызмет­кер­лері Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Жидебай ауылына сапармен барып, Семей қаласындағы тарих және өлкетану музейінен, құжаттау орталығынан, Абай атындағы әм­бебап кітапханадан ақпарат жинап, тың деректермен қорды толықтырды.

Бүгінде Абай оқулары еліміз­дің түрлі аймақтарынан қолдау тауып отыр. Үш жылдың ішінде марапаттау рәсіміне қаты­сқан белгілі абайтану­шылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым және мәде­ниет саласының сыйлы өкілдері бұл шараның маңыздылығын белгілеп отырады.

Биылғы байқауда қазылар ал­қасының шешімімен жүлделі орындар мен номинацияларға ие болғандар:

І орын – Нұр-Сұлтан қала­сының №2 көпбейінді ауруханасы медицина қызметкерлерінің ұжымы;

ІІ орын – Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы Альсана Смаи­лова;

ІІІ орын –  Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Сортөбе ауы­лындағы орта мектептің 3 сынып оқушысы Карима Люшанло;

«Абай мұрасын насихаттаушы» номинациясының жеңімпазы – Алматы облысы, Еңбекші қазақ ауданының Есік қаласындағы В.Терешкова атындағы орта мек­теп­тің 2 сынып оқушысы Юсуф Ширинов.

Ал «Ең кішкентай үміткер» номинациясында жеңісті қан­жы­ғасына байлаған Павлодар облысы, Екібастұз қаласының №24 «Айналайын» балабақшасының тәрбиеленушісі Жігер Хасен көрермен көзайымына айналды.

– Жігердің өлең оқуға құш­тарлығы 3 жасында оянды. Абай шығармашылығына құрметі де ерте қалыптасқан. Оның өлең­дерін жаттауға келгенде, мектеп бағдарламасындағы қысқа үзін­ділерді қанағат тұтпай, толық нұсқасын жаттағанды ұнатады. Өлеңнің әні болса, шырқап орын­дағанды жөн санайды. Бала түсі­нігіне қиындау сөздер мен ұғым­дардың мәнін ылғи сұрап ойына түйіп жүреді. 7-8 өлеңін жаттаған ша­ғында ол Абайдың қара сөздеріне көшті. Қызығы, сыңары Жібекке қарағанда, Жігердің ойлау қабілеті өзгеше, ағалығы білініп тұрады. Өмірге көзқарасы, ақыл-парасаты Абай мұрасының арқасында қалыптасты десек артық болмайды. Осы тұста өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне үлес қосып келе жатқан Елбасы кітапханасына алғысымыз шексіз, – дейді Жігер Хасеннің анасы Меруерт Оразалина.

– Абай мұрасы – қазақ хал­қының асыл қазынасы. Ұлы ойшылдың қаламынан туған өлең жолдарын төрт жасар баланың аузынан естігенде көкіректі еріксіз мақтаныш кернеп, бойды өскелең ұрпаққа деген ризашылық сезімі билейді. Әдебиет эстафетасында көптің көзіне түсіп, дарынымен ерекше­ленген қатысушылар жылда марапатталғанымен, бұл сайыста жеңілгендер болмайды. Себебі Абай мұрасын дәріптеуді міндет тұтқан байқаудың әр қатысушысы сол мақсатты жүзеге асырып, маңызды істің орындалуына септігін тигізеді. Бұл – ортақ жеңіс, – дейді Кітапхана директоры Әмірхан Рахымжанов.

«Instagram», «Facebook» әлеуметтік желісіне #Ел­ба­сы­Кі­­тапханасыАбай#Абай­ды­Оқи­мыз175#Библио­тека­ЕлбасыАбай #читаемАбая175 хеш­тегімен шыққан 454 посттың 332-сі қазақ тілінде, 122-сі орыс тілінде жарияланған. Тұсауы ке­сілген сәттен бастап Абай оқу­ларына 1000-нан астам адам қа­тыс­қан.

Топ жарған жеңімпаздарға ал­ғыс хаттар мен сыйлықтар тара­тылмақ.