• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Өнімдерін өздері өңдейді

471 рет
көрсетілді

Жақында Шардара ауданында мақта өндірісімен айналысатын «Ұзын ата мақта» ЖШС зауыты өз жұмысын бастады. Жылына 40-45 мың тонна тазартылмаған мақтаны өңдейтін бұл зауыт құрылысы Ұзын ата елді мекенінде 2012 жылы басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны 900 миллионнан астам теңгені құрап, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 700 миллионнан астам теңгені (5 млн. АҚШ доллары) «Еуразиялық Банк» АҚ арқылы жылдық 7 пайызбен 7 жыл мерзімге алыпты.

Жақында Шардара ауданында мақта өндірісімен айналысатын «Ұзын ата мақта» ЖШС зауыты өз жұмысын бастады. Жылына 40-45 мың тонна тазартылмаған мақтаны өңдейтін бұл зауыт құрылысы Ұзын ата елді мекенінде 2012 жылы басталған болатын. Құрылыстың жалпы құны 900 миллионнан астам теңгені құрап, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 700 миллионнан астам теңгені (5 млн. АҚШ доллары) «Еуразиялық Банк» АҚ арқылы жылдық 7 пайызбен 7 жыл мерзімге алыпты.

– Оңтүстік Қазақстан облысында индустрияландыру картасына енгізілген жалпы сомасы 448 млрд. теңгені құрайтын 150 жоба жүзеге асырылып, соның арқасында облыс аумағында 19 мың жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді ОҚО өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Әлтаев. – Үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында облыс­тан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жалпы сомасы 600 млрд. теңгені құрайтын 104 жоба қосымша жіберілді. 2010-2012 жылдары облыс аумағында 58 жоба іске қосылып, 5 236 жаңа жұмыс орны құрылған. 2013 жылы 50 жаңа жобаны іске қосып, 4 569 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Үстіміздегі жылда 8 ірі жоба іске қосылып 598 жаңа жұмыс орны ашылған.

Ал, «Ұзын ата мақта» ЖШС басқарма төрағасы Бақытжан Тілеужанов бұл зауыт табиғи газ­бен жұмыс істеп, соның есебінен шығарылатын өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне септігін тигізетін жалғыз жоба екенін айтады. «Еліміз бойынша осындай жобада салынған өндіріс орындары аз. 2012-2013 жылдың мақта жинау маусымында зауытта орнатылған құрал-жабдықты калибрлеу мақсатында тазартылмаған мақтаның 5 мың тоннасы өндірілді. Өндірілген мақтаның нұсқасы Ресей Федерациясы, Қытай, Украина мемлекеттеріне жіберіліп, жоғары сапасына үздік баға берілді», дейді зауыт басшысы.  

Мекемеде тұрақты 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылса, мақта жинау маусымында мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Үстіміздегі жылы зауыт басшылығы 5 мың тоннадан астам мақта өңдеуді жоспарға қойды. Сондай-ақ, Ресей, Қытай және Еуропа елдерімен мақтаны жеткізу туралы келісімшарттарға қол қо­йылған. Алдағы уақытта мекеме басшылығы өндірісті ұлғайтып мақта майын, жем қоспаларын, пилеттерді шығаруды, сондай ақ, тоқыма өндірісін құруды жоспарға енгізді. Сонымен қатар, ОҚО кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы мекемеге экспортты қолдау бағдарламалары аясында көмек көрсетпек.

Жалпы алғанда, Оңтүстік Қа­зақстан облысы бойынша ақ алтынды егуде Шардара ауданы алда келеді. Енді олар мақталарын тазарту үшін алысқа сабылып шаршамайды. Биыл танаптардан 55 мың тонна мақта жинап алған шардаралықтар енді өз өнімдерін жаңадан ашылған зауытта өңдейтін болады. Өндіріс соңғы үлгідегі қытай технологиясымен жабдықталып, жұмыс толығымен автоматтандырылған. Зауыттың мақта қабылдайтын 30-дан аса цехы жұмыс істейді.

– «Ұзын ата мақта» зауыты – облысымыздың индустрияландыру картасына енгізілген нысан. Зауыттың іске қосылуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағынан өсуіне елеулі үлес қосады, – дейді Шардара ауданының әкімі Қамытбек Айтөреев.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы,

Шардара ауданы.

––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Арман ӘБДІРАШҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар