Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз делінген.
Жолдаудағы тапсырманы орындау және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтап қалу мақсатында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі ретінде мына оқиғаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз делінген.
Жолдаудағы тапсырманы орындау және әскери қызметшілердің денсаулығын сақтап қалу мақсатында Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталінде айтарлықтай жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі ретінде мына оқиғаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Шілденің шіліңгір ыстығында 48411 әскери бөлімінде көлік жүргізуші болып қызмет етіп жүрген Ерғазы Мәуленқұлов қасындағы екі жолдасымен бірге тамақтану үшін «Шалқар» шағын сауда орталығына кіреді. Олар мұнда ел-жұрт «Сендвич» деп атап кеткен тағамға тапсырыс береді. Алдарына ас келгенде алдымен Е.Мәуленқұлов дәмін татады. Бастапқыда мойенездің иісінен сәл секем алса да, тәбеті тартып тұрған соң тоқтай алмайды. Ал, қасындағы жолдастары көңілге күдік ұялатқан тағамнан бірден бас тартады.
Жұмыс уақыты біткеннен кейін шопыр жігіт үйіне барады. Ізін ала оның ыстығы көтеріліп, мазасы кетеді. Жұбайы дәрігер болғандықтан, одан мән-жайды сұрайды да, соған байланысты қам-қарекетке көшеді. Осыдан соң бойдағы сырқат сәл бәсеңсігенімен, түн ортасынан ауғанда қайтадан тыныштық бұзылады. Сондықтан жедел медициналық жәрдемге жүгінуге тура келеді. Олар оны алдымен Астана қаласындағы Жұқпалы аурулар ауруханасына апарады. Алайда, сырқаттанған азамат әскери болғандықтан, Бас әскери клиникалық госпитальге жол сілтепті. Науқасты алдымен госпитальдің кезекші дәрігері Елена Эделман қараған. Жедел түрде қажетті тексерістерден өткізген ол Ерғазының қауіпті ішек ауруына шалдыққанын анықтапты. Сол себепті оны жұқпалы аурулар бөлімшесінің палатасына жатқызған. Сондай-ақ, таң атқанша әлгі кісінің тікелей бақылауында болыпты. Ал, ертесіне ем-домды жоғарыда аталған бөлімшенің бастығы, жоғары білікті дәрігер майор Нұржамал Дегенбаеваның өзі жүргізе бастаған. Таңертеңнен кешке дейін тиісті медициналық көмектің барлығы жасалған. Бірақ, оған қарамай науқастың қан қысымы төмендей беріпті. Бұған улы заттың қанға тарап үлгергендігі басты себеп болған. Мұндай жағдай адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, оны анестезиология және реанимация бөлімшесіне ауыстырған.
Подполковник Андрей Левченко басшылық жасайтын бұл бөлімшеде Е.Мәуленқұлов бір аптадай медициналық аппараттың көмегімен ғана тыныс алып жатқан. Сондықтан болса керек, алғашқы күндер науқасты емдеуші дәрігер Нұржамал Кәрімқызы мен жансақтау бөлімшесіндегі қызметкерлер үшін қобалжуға толы болыпты. Әйтсе де, хал үстінде жатқан әскеридің жалпы жағдайын жіті бақылап отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Медициналық басқармасының бастығы, полковник Азизжан Оразалин мен Бас әскери клиникалық госпиталі басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары (сол кезеңде госпиталь басшысының міндетін уақытша атқарған), медицина ғылымдарының докторы, профессор, полковник Гүлпарида Байділдаева әріптестеріне барынша қолдау білдірген. Мәселен, қолда бар дәрі-дәрмектің науқасты айықтыруға дәрмені жетпегендіктен және ақылдасу мақсатында Гүлпарида Талапбекқызы Астана қаласындағы медициналық басқарма арқылы елордалық білікті дәрігерлердің кеңесіне де жүгініпті.
Бас қаладағы білікті мамандардан құрылған арнайы кеңес мүшелері жасалып жатқан ем-домда еш кемшілік жоқтығын айтса, олардың арасындағы №1 қалалық аурухананың дәрігері М.Абдуов мұндай халдегі науқастардың ілуде біреуі ғана аман қалуы мүмкін екендігін ескерте келе, госпиталь қызметкерлеріне медицинада «ЛПС сорипсия» деп аталып жүрген құралды қолданып көруге кеңес береді. Қарапайым тілмен жеткізетін болсақ, бұл – адам бойындағы қанды сүзгіден өткізіп, тазалайтын құты іспетті құрал. Қос алақанды бір-біріне қарата қойып өлшегенде саусақтар ұшпа-ұш тиетіндей шағын ғана көлемі бар. Оны арнайы қондырғыға орналастырады да, одан таралған қос түтікшенің бірі науқас иығының бір жағындағы қан тамырына, ал сыңары екінші жағына қойылады. Содан кейінгі кереметті қараңыз. Бірінші түтікшеден аққан қан әлгі құралдың ішіне құйылғанда онда тазалау процесі жүзеге асады. Яғни, қан құрамында улы зат болса, оның күшін жоюға талпыныс жасалады. Демек, емделушінің бойына екінші түтікше арқылы құйылған қан анағұрлым тазарады деген сөз. Госпитальдің жансақтау бөлімшесінде хал үстінде жатқан науқастың қанында улы зат болғандықтан, оны тазалайтын бірден-бір құрал осы екен.
Бір рет қана қолданысқа жарамды бұл құралдың құны қомақты. Дәлірек айтсақ 800 мың теңге. Алайда, таразы басында адам өмірі тұрғандығын терең түсінген медициналық басқарма мен госпиталь басшылығы әлгі құралдың бір данасын Астана қаласынан тауып, тағдыры қыл үстінде тұрған науқасқа қолданыпты. Нәтиже қандай дейсіз ғой? Апта бойы аппаратқа тәуелді болып келген шопыр жігіт есін жиған. Бұл жаңалық бүкіл госпиталь қызметкерлерін қуанышқа бөлейді.
Мақаланы жазу барысында осы оқиғаға қатысы бар азаматтардың аты-жөндерін толық оқырман назарына ұсындық. Бұл – оларға деген құрметіміз. Адам өміріне араша түсудің өнегелі үрдісін өздерінің нақты істерімен көрсетіп берген оларға қандай құрмет жасалса да лайықты.
Ерлібай ӨЗБЕКБАЙҰЛЫ.