Бүгінде денсаулық сақтау саласына қажетті нәрселер, міне, осылар
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарына деген өз көзқарасын баяндай отырып, әсіресе, жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекет азаматтарға әлеуметтік ең төменгі стандарттарға кепілдік беруі тиіс екенін ерекше атап өтті. Нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу қағидаттары дәл сол әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерге негізделуі тиіс. Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі болуы қажет екені де сөзсіз.
Бүгінде денсаулық сақтау саласына қажетті нәрселер, міне, осылар
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттарына деген өз көзқарасын баяндай отырып, әсіресе, жаһандық дағдарыс жағдайында мемлекет азаматтарға әлеуметтік ең төменгі стандарттарға кепілдік беруі тиіс екенін ерекше атап өтті. Нәтижеге бағытталған мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу қағидаттары дәл сол әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерге негізделуі тиіс. Халық денсаулығы мемлекет дамуының ең басты нәтижесінің бірі болуы қажет екені де сөзсіз.
Денсаулық сақтау саласы қызметтерінің деңгейі мен сапасы, оның қолжетімділігі әрбір адам өмірі сапасының құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан медициналық қызметтердің бірыңғай стандарттарын енгізу жүйелі біртіндеп және негізделген түрде жүргізілуі тиіс, ал медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуын бірыңғайландыру және қазіргі заманғы талаптарға сәйкес келтіру керек. Өйткені, медициналық жабдықтың белгілі жиынтығымен жарақтанған типтік медицина мекемелерін елді мекен түріне байланыстыра отырып салу міндеттілігі нәтижесінде халықтың медициналық қызметтерге нақты қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ашық және тиімді бюджеттеуге негіз болады.
Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік стандарттар – бұл стационарлық, амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек, туберкулезбен ауыратын науқастарға және балаларға санаторийлік көмек, санитариялық-профилактикалық сипаттағы қызметтер көрсету бойынша тегін және жалпыға қолжетімді қызметтердің жиынтығы; халықты медициналық және санитариялық-профилактикалық қызметтермен қамтамасыз ету нормалары мен нормативтері; денсаулық сақтау мекемелерін материалдық-техникалық және кадрлармен қамтамасыз ету нормалары мен нормативтері; дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен жеңілдікпен қамтамасыз ету жүйесі.
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты қолданыста бар.
Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативі әзірленіп, бекітілді. Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік стандарттар жүйесін қалыптастыру бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Бұл – құптарлық жағдай. Сонымен бірге, әсіресе, ауыл азаматтарының медициналық қызметтерге географиялық тұрғыдан қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірқатар кемшіліктер орын алып отыр. Қоғамның медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға дайын болуы көп жағдайларда елдің экономикалық ахуалына байланысты болады. Бұл ретте қаражат бөлу кезінде оңтайландырудың тиімді, әділетті, кәсіби болуы және әрқашан сапалы көмек мүмкіндігіне кепілдік беруі маңызды.
Халықтың белгілі бір санын денсаулық сақтау қызметкерлерімен және медицина мекемелерімен қамтамасыз ету нормативтері әзірленіп, бекітілді. Бірақ медициналық мекемелердің жұмысын талдау барысында елді мекендердің 20%-ына жуығы денсаулық сақтау нысандарымен қамтамасыз етілмеуі, олардың бір бөлігі қабылданған нормаларға сәйкес келмеуі байқалды. Стационарды алмастыру саясаты себебінен медициналық ұйымдардың төменгі деңгейіне қойылатын талаптар кеми түскен.
Бүгінде ауылдық елді мекендерде амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетудің төменгі деңгейіндегі нормативке де қол жеткізілмей отыр. Ауылдық медицина мекемелері бойынша нормативті өзгерту есебінен олардың құрылысы дәрігерлік амбулаторияларды құрумен алмастырылған. Әртүрлі деңгейдегі ауылдық жерлерде амбулатория тапшылығы, норматив талаптарымен салыстырғанда, жоғары күйінде қалуда. Сонымен қатар, аудандық және қалалық деңгейде стационарлық ұйымдар саны бойынша нормативтен ауытқу жағдайы орын алуда.
Медициналық мекемелерге сан жағынан қолжетімділіктен басқа, олардың жарақтануы мен жағдайы өзекті проблема болып отыр. 1 000-ға жуық амбулатория мен стационар күрделі жөндеуді қажет етеді. Осы мекемелердің басым бөлігі автокөлікпен және компьютермен, сондай-ақ қажетті медициналық жабдықпен жарақтанбаған.
Қазақстандағы мемлекеттік нормативтер 50 адамнан кем халқы бар елді мекендерде медициналық көмек көрсетуді көздемейді. Ал түрлі деректер бойынша, мұндай елді мекеннің саны бүгінде 500-ге жуықтайды. Осылайша, бұл тұрғындар мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің ең төменгі көлемінен тыс қалуда.
Әлеуметтік стандарттарды үнемі әзірлеуге және қайта қарауға жүйелі тәсілдерді қалыптастыру шаралары:
әсіресе, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыруды барынша негіздеп жоспарлау және бюджеттеу;
ауылдар мен қалаларда ұсынылатын медициналық қызметтер сапасындағы аумақтық теңсіздікті, сондай-ақ білікті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын жою мәселелерді тиімді шешуге жәрдемдескен болар еді.
Тұтастай алғанда, денсаулық сақтау саласында ең төменгі стандарттардың қолданыстағы нормативтердің негізділігін ДСҰ, ХЕҰ ұсынымдарына сәйкес нақты айқындау, сондай-ақ бұл нормативтерді тиімді орындау бойынша мақсатты бағдарлама әзірлеу қажет болып отыр. Оларға қол жеткізуді бақылау және қаржыландыру көлемін нақтырақ белгілеу мүмкін болатындай бюджеттік жоспарлау негізінде нақты мақсатты индикаторлардың болғаны жөн деп есептейміз.
Гүлнар ЫҚСАНОВА,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы
фракциясының мүшесі.