• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Шетелдік компанияға қатаң талап қойылды

333 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Серік Ахметовтің Алматы облысына сапары аграрлы сала жетістіктерін көруден басталды.

Жетісуда жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар санатына кіретін «Сарыбұлақ компаниясы» ЖШС жобасының жалпы құны 4 млрд. 500 мың теңге. Тұтастай алғанда, республикамызда өндірілетін құс етінің 30 пайызы, яғни 68 мың тоннасы Алматы облысының еншісіне тисе, соның ішінде 16 мың тоннаға жуық құс етін осы өндіріс орны келесі жылдан бастап өндіруді көздеп отыр. Бұл өндіріс орнының өзге құс фабрикаларынан артықшылығы – бүгін іске қосылған ет бағытындағы зауыттың осыдан үш жыл бұрынғы жұмыртқа бағытын да дамытып, бір жылда 220 млн. дана жұмыртқа өндіретіндігі. Бүгінгі күнге дейін 167 миллион дана жұмыртқа өндіріп, мемлекеттен 504 млн. теңге субсидия алды. Ет бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізуге ұмтылған осынау жаңа өндіріс орнына Италия, Нидерланды, Германиядан арнайы сатып әкелінген құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылғаны көңілге қонымды.

 

Премьер-Министр Серік Ахметовтің Алматы облысына сапары аграрлы сала жетістіктерін көруден басталды.

Жетісуда жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар санатына кіретін «Сарыбұлақ компаниясы» ЖШС жобасының жалпы құны 4 млрд. 500 мың теңге. Тұтастай алғанда, республикамызда өндірілетін құс етінің 30 пайызы, яғни 68 мың тоннасы Алматы облысының еншісіне тисе, соның ішінде 16 мың тоннаға жуық құс етін осы өндіріс орны келесі жылдан бастап өндіруді көздеп отыр. Бұл өндіріс орнының өзге құс фабрикаларынан артықшылығы – бүгін іске қосылған ет бағытындағы зауыттың осыдан үш жыл бұрынғы жұмыртқа бағытын да дамытып, бір жылда 220 млн. дана жұмыртқа өндіретіндігі. Бүгінгі күнге дейін 167 миллион дана жұмыртқа өндіріп, мемлекеттен 504 млн. теңге субсидия алды. Ет бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жүргізуге ұмтылған осынау жаңа өндіріс орнына Италия, Нидерланды, Германиядан арнайы сатып әкелінген құрал-жабдықтар орнатылып, іске қосылғаны көңілге қонымды.

Алдағы уақытта өндірген өнімдерін тек елімізде ғана емес, іргелес жатқан шетелдерге де шығаратыны тағы бар. Экологиялық тұрғыдан таза өнімдерімен рынок төрінен орын алуға талпынысы алғашқы қадамынан айқын байқалады.

Үкімет басшысы келесі кезекте Алматы желдеткіш зауы­тына атбасын бұрып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл жобаның жалпы құны 525 млн. теңге болса, қуаттылығы жыл сайын 123 мың дана сапалы өнім шығаруға жетеді. Бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын негізінен ғылыми-өндірістік және ауа райын болжау техникаларын шығаруда. Жалпы, өндірістік жабдық, өртке қарсы желдеткіштер мен жабдықтар, қозғалтқыш базасындағы желдеткіш жабдықтарының бірлескен өндірісі, арнайы жабдықтар болып төрт топқа бөлінетін өнімдері шетел рыноктарына да шығарылуда. Қазір аталған зауыт Қазақстанның азаматтық және өнеркәсіп құрылысы тапсырысының 70 пайызын өтеп отыр.

Премьер-Министр Серік Ахметов Алматы-Қапшағай арасында салынатын G4 City атты спутниктік 4 қала жобасының жүзеге асырылу барысымен егжей-тегжейлі танысып, шетелдік компания өкіліне қатаң талап қойды. Негізі бұл жоба жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы 6 жыл бұрын Алматы облысына келген жұмыс сапарында берген болатын. Сонымен қатар, Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бактың Қазақстан Республикасына сапары барысында бекітілгені тағы бар. Елбасының дәстүрлі Жолдауында Алматы қаласының маңынан спутниктік 4 қала Green4 жобасын бастау ұсынылған. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанды дамыған үстіне дамыта түсу үшін Орталық Азия халықаралық сауда ұйымына енгізу. Сөйтіп, елдің жалпы экономикалық рыноктағы белсенділігін арттырып, туризмді дамытып, экологиялық тепе-теңдікті сақтап, Алматы қаласын өндіріс орындарынан біртіндеп босату арқылы еңбек рыногы мәселелері мен тұрғын үй проблемаларын шешу болып табылады. Жоба бастамашысы – «Каспийская Группа» АҚ холдингі құрамына енетін «G4 City» ЖШС. Жалпы аумағы 8 мың гектар жерді алып жатыр. Оның ішінде тұрғын үй қалашығының аумағы – 181,2 гектар. Бұл арқылы Алматы облысы мен қаласындағы демографиялық мәселе оңды шешімін тауып, 304 мың адам тұрғын үймен қамтылады деп күтілуде. Жіктеп айтсақ, «Gate City» (әлеуетті тұлғалар) – 130 мың адам, «Golden City» (мәдени-білім, ғылыми-медицина орталығы) – 103 мың адам, «Growing City» (логистикалық өндіріс саласында) – 50 мың адам, «Green City» (туризмде) 21 мың адам тұруға лайықталған. Жалпы жобаны іс жүзіне 2008 жылы асыру жоспарланған-тын. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 14,8 млрд. теңге бөлінгені тағы бар. Спутниктік 4 қаланың бас жос­пары да жасалып, инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы бекітілген. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезеңінде пайдалануға жалпы аумағы 10,3 шақырым жер бөлініп, онда бірінші кезеңде электр қуатымен, газбен, сумен қамтамасыз ету жұмысын Үкімет тапсырмасына сәйкес Алматы облысы әкімдігі белгіленген кестеге орай жүйелі түрде жүргізуде.

2012 жылы 24 қазанда Сеул қаласында осы жоба бойынша тұрғын үй құрылысын жүргізуге «CS Development LLP» ЖШС мен «POSCO E&C» атты Оңтүстік кореялық компания арасында келісімге қол қойылған еді. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізетін компаниялар тұрғын үй құрылысы үшін ұйымдастыру және дайындық жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау­да. Бірінші кезекте «Қоянқұста» тұрғын үй құрылысын салу 2014 жылдың наурыз айында басталады деп күтілуде. Мұның сыртында тұрғын үй құрылысын салу жұмысы бойынша «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы жұмыс жүргізілуде. Міне, бағамдап көрсек мәселенің мәнісі тек «өйтуде», «жоспарлануда» дегендей шығарыпсалма сөздермен шектелуде. Сондықтан да, Серік Ахметов дүйім жұрттың алдында шетелдік компания өкілі Юрий Цхайдан нақтылықты өте қатаң талап етті. «Құрылыс жұмысын бастай алмасаңыздар, ең бастысы, келісімдегідей өте жоғары деңгейдегі ғимараттар тұрғыза алмасаңыздар, осы мақсатқа орай алған қаражаттарыңызды қазынаға қайтарыңыздар», деді Үкімет басшысы.

Елбасы Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында автомобиль жолдарының сапасыз салы­натындығы туралы әділ сын айтқан болатын. Бүгінгі таңда елімізде магистральдардың беріктігін нығайту жүргізілуде. Астана – Өскемен және Павло­дар бағытындағы Астана – Қарағанды, сондай-ақ, Арқалық және Батыс Қазақстан автомобиль жолдары салынуда. «Әлемде жол құрылысын сапалы салумен қамтамасыз ету технологиясы бар. Сондықтан, Көлік және коммуникациялар министрлігі бұл технологияны белсене жүзеге асыруы керек», деді Серік Ахметов. Сондай-ақ, Үкімет басшысы облыстық деңгейдегі автомобиль жолдарын кеңейтіп, нығайту қажеттігін де ескерте кетті.

Қорыта айтқанда, Үкімет басшысы аграрлы облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, қолға алынған жобаларды дер кезінде ел игілігіне беруді тапсырды. Ал, құрылыс салуда сөзбұйдаға салып, артын сиырқұйымшақтандырып отырған шетелдік компания өкіліне баса айтқан өткір сыны шенеуніктердің ғана емес, БАҚ өкілдерінің де айызын қандырды.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.

Соңғы жаңалықтар