Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері медициналық ұйымдарға қайырымдылық көмек көрсету үшін шамамен 27 млн теңге жинады.
Агенттік қызметкерлері коронавирустың таралуына қарсы күреске көмек ретінде бір күндік жалақыны аударуға шешім қабылдады. Жиналған қаражатқа 25 оттегі концентраторы сатып алынды, олар өңірлер арасында тең бөлінетін болады. Өнімділігі минутына 10 литрге дейінгі аппараттар тыныс алу жолдарының аса ауыр дерттерін емдеуде қолданылады.
«Әрбір ұйым әлеуметтік жауапты болуы тиіс. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, біз ауруханаларға оттегі концентраторларын сатып алу үшін бір күндік жалақымызды аудару маңызды және қажет деп есептедік. Сол арқылы СOVID-пен қарсы күреске жанашырлық танытамыз», деді агенттік төрағасы А.Шпекбаев.
Сондай-ақ бұған дейін Интеллектіні дамыту халықаралық институтының директоры, Корея Республикасының жергілікті өзін өзі басқарудың лауазымды тұлғаларына арналған оқыту бағдарламаларын әзірлеуші, профессор Джо Гю Юн және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзара ынтымақтастығы арқасында оңтүстіккореялық тараптан Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберілгенін атап өткен жөн.
«Эйр Астана» әуекомпаниясының қолдауымен 50 мың АҚШ долларын құрайтын, жалпы салмағы 1,5 тонна жүк Алматы әуежайына келді. Келіп түскен гуманитарлық жүк «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы медициналық мекемелерге жіберіледі.
Агенттіктің аумақтық бөлімшелері жұртшылық өкілдерімен бірлесіп жүкті соңғы тұтынушыға дейін жеткізуді қамтамасыз етеді. Гуманитарлық тауарды мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін барлық келіп түскен дәрі-дәрмектер мен бұйымдар «Гуманитарлық көмек – ТЕГІН» арнайы мөртаңбасымен таңбаланады.
Агенттік қызметкерлері елге келіп түсетін барлық гуманитарлық көмекті бөлуді ашық бақылау процесін жолға қойғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Антикордың ұсынысы бойынша бірыңғай дистрибьютордың ресми сайтында арнайы бөлім құрылды, онда кез келген адам елге келіп түскен гуманитарлық көмекті бөлу туралы толық ақпаратты көре алады.
Өз кезегінде, «Adaldyq alańy» жобасы аясында бағаны көтеру фактілерін болдырмау мақсатында еліміздің дәріханаларында ақпараттық брошюралар орналастырылуда. Онда Covid-19 және вирустық пневмонияны емдеуге қолданылатын дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетілген. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін уәкілетті органның Call-орталықтарының нөмірлері мен дәрілердің шекті құнын реттейтін нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасай отырып, QR-код орнатылды. Бұл бастама дәріханалардың сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің бағасын негізсіз көтеруінің тежеуші факторы болып табылады.