• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Білім 26 Тамыз, 2020

Арнайы білім беру ұйымдары қалай жұмыс істейді?

1903 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылында арнайы білім беру ұйымдарының жұмысын 9700-ден астам педагог интернет-платформаларды пайдалана отырып қашықтан оқыту форматында, сондай-ақ штаттық режимде жеке және топтарда санитарлық қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып қамтамасыз ететін болады, - деп хабарлайды Egemen.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа оқу жылы қарсаңында ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар мен ата-аналарға арналған әдістемелік ұсыныстар дайындалғандығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ Түзету педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оқулықтардың электрондық нұсқалары мен бейне сабақтар орналастырылған.

Жалпы еліміз бойынша 420 арнайы білім беру ұйымы бар, оның ішінде 195 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 98 арнайы мектеп, 14 оңалту орталығы және 38 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 75 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) жұмыс істейді. Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында 24 503 бала қолдау алады, оның ішінде мектеп ұйымдарына бармайтын 2415 бала.

Жаңа 2020-2021 оқу жылында тиісті аумақтардың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің келісімі бойынша арнайы білім беру ұйымдарына қашықтан, штаттық, сондай-ақ жабық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі.

Интеллектісі сақталған және ақыл-ойы бұзылған балаларға арналған арнайы мектептерге карантин кезінде штаттық режим мен қашықтан оқыту форматынан басқа, жабық режимдегі оқыту нысаны ұсынылады. Яғни, оқушылар мен қызметкерлер мектеп-интернатта тұру үшін оқу орнына бір мезгілде келеді. Арнайы балабақшалар жалпы үлгідегі балабақшалар режимінде жұмыс істейтін болады.

ПМПК, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және оңалту орталықтары қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, штаттық режимде өз жұмыстарын жалғастырмақ. Сонымен қатар оқыту арнайы технологияларды қолдана отырып, қашықтан оқыту форматында да жүргізілетін болады.     

Арнайы білім беру ұйымдары оқыту форматын ата-аналармен келісе отырып, өздері таңдайды.

 

Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.