• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
26 Қазан, 2013

Бокс. Әлем чемпионаты мәреге жетті (ВИДЕО)

334 рет
көрсетілді

Жүргізуші – Руслан Игілік. Бүгін, 26 қазан күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде бокстан XVII әлем чемпионаты өзінің мәресіне жетті. Алатау баурайындағы шаһардың шаршы алаңын он күн бойы шайқалтқан жаһандық жарыс биылғы жылдың қаһармандарын анықтады. Ал мұндай атаққа Қазақстанның – 4, Куба мен Әзербайжанның – екі-екіден, Ресей мен Италияның бір-бірден былғары қолғап шеберлері қол жеткізді. Чемпионат финалы әдеттегідей аса жеңіл салмақтағылардың шайқастарынан басталып, біртіндеп көтеріле берді. 49 килоға дейінгі салмақтағы қазақстандық Біржан Жақыпов пен алжирлік Мохаммед Флиссидің арасындағы жекпе-жекте бұлардың біріншісі басым түсті. Чемпион ұрысты бастан-аяқ бір деңгейде өткізді. Оның салқынқанды қимылы арасында соққылар сериясына ұласып кетіп жатты. Сөйтіп, алғаш рет 2005 жылы әлем біріншілігінің қола жүлдесін алып үлгерген қыран араға сегіз жыл салып, оны алтын медальге айналдырды. Есеп – 3:0. 52 килоға дейінгі салмақта ресейлік Миша Алоян чемпион атанып, осының алдында, 2011 жылы Бакуде қол жеткізген атағын сақтап қалды. Ол осылайша қатарынан екінші мәрте топ жарды. Оның өзбекстандық Жасурбек Латиповпен жекпе-жегінің бірінші раунды қарсыласының қанжығасында кетті. Чемпион содан кейін ғана барын салып, соңғы сәтте таразы басын өзіне аударып әкетті. Есеп – 2:1. 56 килоға дейінгі салмақта әзербайжан Джавид Челебиевтің бағы жанды. Ол ресейлік Владимир Никитинмен шайқасын да толассыз шабуылмен өткізді. Бірақ қарсыласы да қайтқан жоқ. Сол жұдырық сілтестердің арасында төрешілер Хазар теңізінің жағасынан келген оғланның соққылары көбірек дәл тиді деп есептеді. Есеп – 2:1. 60 килоға дейінгі салмақта бразилиялық Робсон Конкейкао мен кубалық Лазаро Альварес Эстрада алтын медальдың тағдырын талқыға салды. Бұл де екі жақтың бір-біріне оңайлықпен беріспеген тартысты таласы болды. Дегенмен, Бостандық аралының қабыланы бірер соққы болса да артық жасап отырды. Сол артықшылық Альваресті чемпион етіп шығарды. Есеп – 2:1. Осының арқасында ол да қатарынан екі мәрте әлем чемпионы атанды. 64 килоға дейінгі салмақта күш сынасқан қазақстандық Мерей Ақшалов пен кубалық Ясниер Толедо Лопес бәсекесінде бұлардың алғашқысының басымдығы бірден байқалды. Текетірес барысында қарсыласын ұдайы орап кетіп отырған ол соңғы раундта ептеп есе жіберіп алды. Есеп – 3:0. 69 килоға дейінгі салмақта қазақстандық Данияр Елеусінов кубалық Ариспоид Диспайнмен ұрысында ұтқанына ешкімді күмәндандырған жоқ. Команда капитаны барлық кезеңде де шайқастың тізгінін өз қолында ұстап отырды. Есеп – 3:0. 75 килоға дейінгі салмақтағы қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы ирланд Джейсон Куиглеймен бақ сынасты. Мұнда 20 жасар жас жігіт Альбион жерінен келген қарсыласынан артық көрінді. Ол бір рет тіпті Джейсонды нокдаунға да түсірді. Соңында төрешілер Жәнібектің айқын басымдықпен ұтқанын паш етті – 3:0. 81 килоға дейінгі салмақта кубалық Хулио Сезар де ла Крус та қатарынан екінші мәрте чемпион атанғандар қатарына қосылды. Ол бұл жолы да дәл Баку финалындағыдай қазақстандық Әділбек Ниязымбетовпен қолғап түйістірді. Өкініштісі, біздің бағлан сондағы ұтылыстың қарымтасын қайтара алмады. Есеп – 2:1. 91 килоға дейінгі салмақта итальян Клементе Руссо ресейлік Евгений Тищенконы талассыз жеңді. Алғашқы екі раундта қарсыласынан кем түскен орыс боксшысы соңғы бөлікте қимылдады. Бірақ бәрі кештік етті. Есеп – 3:0. 91 килодан ауыр салмақта әзербайжандық Магомедрасул Меджидов та 2011 жылы алған чемпиондық атағын сақтап қалды. Оның қазақстандық Иван Дычкомен жекпе-жегінің алғашқы екі раунды қарсыласының пайдасына шешіліп тұрды. Ал үшінші раундта ол арасынан бірнеше секунд салып, бәсекелесін екі рет ұрып құлатты. Бұлардың соңғысы нокаут болып шықты. Сөйтіп, Иван Әзербайжан астанасындағы чемпионаттың жартылай финалындағы жеңілісі үшін бұл қарсыласынан қарымта қайтара алмай қалды. Сонымен, чемпионат бітті. Онда 4 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль алған Қазақстан құрамасы командалық бірінші орынға шықты. Екінші орынды 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен Куба боксшылары жеңіп алды. Үшінші орынға 2 алтын, 1 қола медалі бар Әзербайжан командасы орналасты. {youtube}1LycbvNM8hk{/youtube} {youtube}4p2brNQnT1o{/youtube} {youtube}TS6vkFQDfis{/youtube}
Соңғы жаңалықтар