Демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік құндылықтарды орнықтырудағы ең басты құжат – Конституциямызды қабылдағанымызға биыл 25 жыл толды. Конституцияны кез келген саналы қоғамның өмір сүру салтын айғақтайтын Негізгі Заң десек, біздің Ата Заң ортақ құндылықтардың қорғалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, елдегі қоғамдық-саяси құрылымның құқықтық сипатын негіздеп, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін айқындаушы негізгі күш болып бекіді.
Ата Заңымыздың тарихы көпшілкке мәлім. 1995 жылы жалпыхалықтық реферерендум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай келеді. Бүгінде біз Конституцияға сүйене отырып заңдарды қабылдауға, заңнамалық базаларды жетілдіруге, еркін демократиялық мемлекет жолында қоғамды дамытуға болатынын анық айта аламыз.
Кез келген құқықтық актіні қабылдаудан бұрын, оны құрастыру, шарықтау шегіне жеткізіп дайындау үлкен білім мен талдауды қажет етеді. Ал Конституцияны құраушыларға бұл талаптар мен жауапкершіліктің ауыр жүгі еселеп артса керек. Жыл сайын Конституция мерекесінде басты құжаттың әлеуеті, үстемдігі және тарихы ғана аталып өтіледі. Ел тағдырын жазумен пара-пар іске атсалысқандардың есімі көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Әрине жанкешті еңбекке араласқандардың еңбегі мен есімі келешекке мәлім болғаны абзал. Ел Ата Заңның ең басты авторы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болса, уақыт талабына сай жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындаған кезде Елбасы бұл жауапты іске Бауыржан Мұхамеджанов, Игорь Рогов, Анатолий Котов, Ғайрат Сапарғалиев, Майдан Сүлейменов, Владимир Ким, Еркеш Нұрпейісов, Нағашбай Шайкенов секілді белгілі ғалымдар мен саясат қайраткерлерін шақырған. Олар Елбасыға әрі көмекші, әрі сарапшы бола тұра халық идеясын Конституция негізіне берік қалады.
Осыдан кейін, 1995 жылғы Конституция Қазақстанның тәуелсіздігін түпкілікті рәсімдеді. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы мен нығаюына берік негіз болды, адамның құқықтары мен бостандықтарының сенімді қорғалуына кепілдік берді, елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени әлеуетінің барлық адамдардың игілігі үшін қарқынды дамуына жағдайлар жасады.
Конституция нормаларының негізінде мемлекеттік басқарудың барлық институттары құрылды, кәсіби екі палаталы Парламент тиімді қызметін бастап, Үкімет басқаратын атқарушы органдар жаңа қағидаттарға сәйкес жұмыс істейтін болды. Адам құқықтарын сенімді қорғауға мүмкіндік беретін тәуелсіз сот жүйесі құрылды.
Жаңа Конституцияның арқасында Қазақстан посткеңестік экономикадан мұра болып қалған: инфляция, жұмысы тоқтаған кәсіпорындар және тауарлардың толық жетіспеушілігін оңай еңсеріп, әлемдегі серпінді экономикалардың біріне айналған қуатты мемлекет құра алды.
Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, саяси, әлеуметтік және экономикалық салалардағы өзгерістермен қатар, қазіргі заманғы сот жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
1995 жылғы Конституция сот билігін мемлекеттік биліктің дербес тармағы ретінде жүзеге асырудың негіздерін реттеді. Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, Конституция мен заңдардың орындалуын қамтамасыз етуге, судьялардың құқықтық мәртебесі мен сот жүйесін нығайтуға, әділеттілік принциптерінің орындалуына ықпал етті.
Қазір де барлық реформалар мен жаңашылдықтар Ата Заңнан бастау алып, тек соған ғана сүйене отырып жүргізіледі. Соңғы жылдарда сот жүйесінде жүргізілген жаңа өзгерістер осы сөзімізді айғақтайды.
Өткен онжылдықта бірнеше материалдық және процестік заңдар жаңартылды, оның ішінде 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Қылмыстық, Қылмыстық процестік кодекстері және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Азаматтық процестік кодексі жаңа редакцияда қабылданды.
Ұлт жоспарын іске асыру барысында азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігін жеңілдету үшін сот инстанцияларының саны үш сатыға оңтайландырылды, елордада және Жоғарғы сотта инвестициялық дауларды қарайтын мамандандырылған сот құрамдары құрылды. Жоғарғы соттың жанынан Сот төрелігі академиясы өз жұмысын бастады, онда қызметтегі судьялардың жүйелі түрде біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді, барлық сот процестерінің дыбыс-бейне жазбасы енгізілді.
Бұдан кейін Жоғарғы соттың «Сот жүйесінің 7 түйіні» атты ірі жобасы іске қосылып, оның аясында «Мінсіз судья», «Үлгілі сот процесі», «Әділ процесс», «Сапалы нәтиже», «Смарт-сот», «Коммуникациялық стратегия», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобалары сәтті жалғасын тапты.
Қазіргі таңда халық игілігі үшін сот жүйесімен 22 заң жобасы жасалды, оның 11-і қабылданды, алтауы Парламент қарауында, бесеуі мемлекеттік органдарда мақұлдану сатысында. Қабылданған заңдар жаңа судьяларды іріктеу процесін түбегейлі өзгертті, қызметтегі судьяларды бағалаудың жаңа жүйесін енгізді, сот тәуелсіздігін жоғарылату үшін соттың өзін-өзі басқару органдары қайта құрылды, барлық судьяларға сот жүйесінің маңызды мәселелерін шешуге қатысуға мүмкіндік берілді, облыстық соттардың сот алқалары төрағаларының конкурстық іріктеуі енгізілді, сот төрағаларының өкілеттіктері екі мерзімге дейін шектелді.
Бірнеше ай бұрын Азаматтық процестік кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп судьяның процестегі белсенділігі артты, татуласу институттарын қолдану аясы кеңейтілді. Қарапайым азаматтарды мемлекеттік органдардың үстемдігінен қорғау мақсатында Әкімшілік процестік – рәсімдік кодекс қабылданды.
«Болмысын құқықпен айшықтаған, өмірін тәртіппен өргізген ел азбайды», деген дана сөз бар. Ата Заң аясында атқарылып жатқан заңнамалық өзгерістер тек ел игілігін көздейтіні сөзсіз. Конституция тек құқық нормалардың жиынтығы ғана емес, елдің ынтымағы мен бірлігін, тұрақтылығы мен келісімінің кепіліне айналды.
Биыл әлем елдері үшін оңайға соқпағаны анық. Қазақстанда дүниежүзілік ахуалдан тыс қалған жоқ. Жер жаһанды жаулаған індет адамзат өмірін едәуір өзгертті. Бұрын-соңды ел аумағында болмаған төтенше жағдай, карантин режімдері енгізілгенін көрдік. Мұның барлығы Конституция талаптарына сай қатаң сәйкестікте жүзеге асырылды.
Алдағы күніміз жарқын болуы үшін біздің барлық күш-жігеріміз Ата Заңның жоғары заң күшін және тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Алдымызда тұрған басты міндет – Конституция бойынша толыққанды өмір сүру. Мемлекеттік органдар және азаматтар Негізгі Заңға тиімді жұмыс істейтін құқықтық құжат ретінде қарауы қажет. Бұл үшін конституциялық дүниетанымды дамытып отыру керек.
Биыл Ата Заңымыздың 25 жылдығын атап өтудеміз. Осы кезең ішінде еліміздің басты заңы жасампаздық пен ілгерілеудің биігіне жеткізді. Конституция мерекесі судьялар қауымдастығында кәсіби мереке ретінде аталатын бейресми салт қалыптасқан. Өйткені Конституция әрбір судьяның жұмыс үстелінің төрінен табылатын басты құрал. Сол арқылы адам тағдыры әділет таразысына түседі.
Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе беретініне кәміл сенемін. Барлық қазақстандықтарға, әріптестеріме зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін!
Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Атырау облыстық сотының төрағасы