• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2020

Сапархан Омаров Ақтөбеде екі күндік жұмыс сапарымен болды

532 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбе өңіріне екі күндік  жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Egemen.kz

Министр  Мәртөк ауданындағы  егіс және сүт, құрама жем  өндіретін  шаруашылықтарда болып, жергілікті тауар өндірушілермен жүздесті. "Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде" студенттермен кездесіп,  жұмыс сапарын Мұғалжар ауданындағы асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықта қорытындылады.  

Мәртөк ауданында 8800 гектар жерге бидай, арпа, жүгері, жоңышқа  егіп,  құрама жем өндіретін "Рад Агро" ЖШС "Бизнестің жол картасы-2020" мемлекеттік бағдарламасы арқылы  жүргізілген инфрақұрылым желілерін таныстырды. "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы  Канададан  6 суару машинасын сатып алған  осы шаруашылық  860 гектар жерде бау-бақша мен көкөніс өсіріп отыр. Бұдан соң тәулігіне 50 тонна сүт өндіріп, облыс аумағынан басқа Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына сүт өнімдерін шығарып отырған "Айс" ЖШС-нің цехтарын да аралап қайтты.  

"Ақтөбе ауылшаруашылық колледжінде"  студенттер өз қолдарымен ағаштар мен бұталардың жүздеген түрін өсірген тәлімбақтың жұмысымен танысты. Оқу ордасының ауласында ауылшаруашылық өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып,  онда облыстың  20-ға жуық кәсіпорны шығаратын  ет, сүт, бал, сусындар мен, көкөніс, нан өнімдері ұсынылды. Сапархан Омаров пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин  ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кездесіп, шаруалар өздері тап болған қиындықтарды ортаға салды. Ең өзекті мәселе – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері   несие алу механизмдерін оңайлату мен  ауыл шаруашылығы техникаларының  қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмек сұрады.  

Мұғалжар ауданында асыл тұқымды  "Мұғалжар" жылқыларын өсіріп, көбейтумен айналысып жатқан шаруашылықтың жұмысымен танысу кезінде  "Ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы тұқымдары" палатасының директоры Еркегүл Тілеген  министрден  асыл тұқымды жылқы басын  көбейтуге мемлекеттік қолдауды күшейтуді сұрады.

Сапархан Омаров Ақтөбе облысына жұмыс сапарының соңында:

– Шаруалармен  кездесу барысында  көтерілген сұрақтарды  жинақтап, талдайтын боламыз. Биыл көктемде пандемияға байланысты қиындықтар ауыл шаруашылығын да айналып өткен жоқ.  Егіс жұмыстарын ұйымдастыру, сырттан техника әкелу мен мамандардың келуі қиынға түсті. Облыстардың арасындағы барыс-келіс  қиындаған кезде   ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне "жасыл дәліз" жасап беруіміздің  арқасында егіс жұмыстары өз мезгілінде  аяқталды.  Рас, жаз қиындау болды, көп өңірлерде маусым, шілдеде  жаңбыр жаумай, бұл егістің шығымдылығына  әсер етті. Ақтөбе облысында астық өсімі жақсы. Облыс  керегін жабады,  қалғанын экспортқа шығару мүмкіндігі бар. Ауа райы ашық болып тұрса, егін жинауды 10-15 күнде аяқтау мүмкіндігі бар",  деп қорытындылады.