"Nur Otan" партиясының праймеризіне үміткерлерді тіркеу мерзімі аяқталып, қорытындысы жарияланды. Бұл туралы "Nur Otan" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Елбасы, партия Лидері Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партияішілік сайлау тұңғыш рет республикалық ауқымда өтіп жатыр. Ол – партияны "қайта жандандыру" мен жаңғыртудың қорытынды кезеңі болып отыр.⠀Сонымен, 17 – 28 тамыз аралығында 10 990 адам тіркелді. Олардың 36,9% - әйелдер, 29,6% – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдарынан 3090 азамат ұсынылса, ал өзін-өзі ұсынушылар – 7900 адам. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.⠀Бір орынға үміткерлердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында – 18. Алматы мен Шымкентте – 9-дан, Жамбыл және Түркістан облыстарында – 6 үміткерден келеді. Шығыс Қазақстан облысында әйелдер және Түркістан облысында жастар ерекше белсенділік танытып отыр.⠀7 қыркүйектен бастап праймериздің келесі кезеңі – үгіт басталады. 14 – 30 қыркүйек аралығында онлайн режимде жария пікірсайыстар өтеді.⠀Еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасының аясында қыркүйектің басында біздің өңірлік 216 сайлауалды бағдарламамыздың жобалары жарияланады. Олар халықпен бірге талқыланғаннан кейін жетілдірілетін болады.⠀Осы орайды пайдалана отырып, өз-өзіне және партиямызға сенім артып, праймеризге өз кандидатурасын ұсынған әрбір жанға алғыс айтқым келеді. Біз олардың адал, ашық және барша қатысушыларға берілген тең мүмкіндіктермен бақ сынауларына бар жағдайды жасаймыз.⠀Партияішілік іріктеудің жеңімпаздары Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға арналған партиялық тізімдерімізге енгізілетін болады. Бұл – 5,5 мыңнан астам адам. Ал іріктеуден өтпеген, бірақ елеулі қолдауға ие болған азаматтар партияның жаңа кадрлық резервіне енеді.⠀Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, "еліміздегі мәселелерді бірлесіп шешу үшін ашық диалогты қамтамасыз ету маңызды. Праймериз қатысушылары жергілікті жерлерде өзекті мәселелерді ашық көтеріп, кемшіліктерді анықтап, нақты шешімдер ұсынуы тиіс".⠀Ашық та әділ күресте мықтылар топ жарып шықсын! Елімізді бәріміз бірге өркендетеміз!" - деп жазды Бауыржан Байбек.