Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына сай бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз», деп атап өтті. Осы пайымдардың қазіргі жағдайда өзектілігі айрықша екені айқын. Ұлттық сананы сақтау мен жаңғырту қазақстандық патриотизм ұстанымын шынайы қалыптастыру мен оны нығайту мәселелерімен ұштасып жатқаны анық.
Тәуелсіздік – еліміздің ең басты құндылықтарының бірегейі. Сондықтан тәуелсіздігімізді күннен-күнге нығайту, ұлттық мүддені күнделікті қорғау, ана тілімізді тиесілі тұғырына қондыру, жетілген ұлттық ой-сананы қалыптастыру – азаматтарымыздың асыл парызы. Осы мақсаттағы кезек күттірмес іс-шаралардың бастысы – Отанымызда шынайы патриотизмді қалыптастыру және оны жетілдіру. Аталған мақсаттарды жүзеге асырудың негізгі де түйінді қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясында толық қамтылған. Тек оларға жіті мән беріп, басшылыққа алып, талаптарын орындау керек.
Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз еліміздің құқықтық актілерінің ішінде ең жоғарғы санаттағы Негізгі Заңы болып табылады және Республика аумағында оның пәрменді күші тікелей қолданылады. Қоғамдағы құқықтық тәртіп пен заңдылықтың орнығуы – еліміздің азаматтары мен мемлекеттік органдарының Ата Заңымыздың нормаларын, талаптарын қалтқысыз орындауы – еліміздің одан әрі баянды да өрлеп жетілуінің басты шарты. Қазақстан қоғамының даму процесі Негізі Заңның қуатты жасампаздық әлеуетінен бастау алып жүзеге асады. Бірақ айта кетер жайт, Ата Заң нормаларының қағидаттары мен талаптары әлі де болса толығымен жүзеге асырылмайды. Өйткені қоғам мүшелерінің бірқатары оларды әлі жіті зерделеп, терең ұғынып, басшылыққа алмаған. Оған дәлел ретінде өмір мысалдары біршама кезігетіні аян.
Тәуелсіздік, патриотизм мен құқықтық ұстаным егемен Қазақстанның дамуы мен нығаюының маңызды негіздері. Сондықтан қоғамымыздың әр мүшесінің бойында патриотизм сезімдерін қалыптастырып, оның деңгейін көтеру қазіргі жағдайда өте өзекті мәселе болып келеді. Еліміздің идеологиясының басты тұтқасы – тәуелсіз даму жолынан таймай алға басу болып саналады. Сондықтан Негізгі Заңның қағидаттарының маңызын насихаттау азаматтардың отаншылдық, патриотизм ұстанымдарын қалыптастыруда өте маңызды. Ата Заңымыздың құқықтық нормаларын терең білу, жете түсіну қоғам мүшелерінің Отанға деген сүйіспеншіліктерін, оны қорғауға бағытталған азаматтық борыштарын арттырады.
Бізге патриотизм ұғымының мәнін айқындау маңызды. Патриотизм – гректің «patris» сөзінен шыққан түсінік. Әуелгі мағынасы «отан, туған жер», қазіргісі – отанға деген сүйіспеншілік, туаған жерге, халқыңа деген адалдық. Шынайы патриот әрдайым елге шынайы сүйіспеншілік танытып, оның өткенін, бүгінгісін, келешегін зор мақтаныш тұтып, жан-жақты көркейіп, гүлденіп дамуына қажымас адал еңбегін арнайды. Патриоттық талпыныстың басты мақсаты – елдің тыныштығын, халықтың ынтымағын нығайту, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты орнықтыру, ұлттық мүддені қорғау.
Патриоттық іс-әрекеттердің қолданыстағы заңдарда қамтылған елеулі сипаттарын атап өтсек, Ата Заңымыздың 36-бабында: «1. Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. 2. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», делінген. Сондықтан Отанды қорғау Қазақстан азаматтарының бірден-бір қасиетті борышы болып саналады.
Қазақстанның Негізгі Заңының 37-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті», деп атап көрсетілген. Осыған орай қазақстандықтар үшін тарихи ескерткіштерді қорғап, сақтау және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру азаматтық парыз болып саналады.
Ата Заңның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті», делінген. Табиғатты қорғап, аялап, оны келешек ұрпаққа қалдыру – отансүйгіш патриот жанның тағы бір қыры.
Негізгі Заңымыздың 34-бабында азаматтардың бірден-бір патриоттық іс-әрекеттерінің жағымды сипаты ретінде, орындауға міндет мынадай маңызды талаптар қамтылған: «1. Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. 2. Әркім Республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті».
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері ретінде танылатын Туы, Елтаңбасы және Гимнi Конституциялық заңмен айқындалған. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге ұрпақты тиянақты түрде тәрбиелеу, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын терең түсіндіру отансүйгіштікті, қазақстандық патриотизмді қалыптастыратыны сөзсіз.
Нақыпбек САДУАҚАСТЕГІ,
заңгер-публицист