Өткен сенбіде, яғни 29 тамызда Алтай ауданы, Зубовск кентінде жеті жасар бала жоғалып кеткен. Із-түзсіз кеткен баланың денесін полиция қызметкерлері бір күннен кейін кенттің маңайынан тауып алған.
«Бала жоғалды» дегенді естісек, алдымен «педофилдің жетегінде кеткен жоқ па екен?» деген күдікті ой санаға сақ ете қалады. Өйткені педофилдердің қанды шеңгеліне тап болғандардың аз болмай тұрғаны бізді әлгі сұраққа еріксіз жетелейді.
Бұл жолы аталған қайғылы оқиға қалай болды екен деп облыстық Полиция департаментіне хабарласқанбыз.
– Заңның «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тергеу іс-шарасы барысында күдікті азамат баланы өлтіргендігін мойындады. Ол қазір Алтай қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев.
Ал баланың нақты қалай өлтірілгенін сараптама нәтижесі көрсетеді. Полиция департаменті баспасөз қызметкерлерінің айтуынша, баланың денесінде педофилдік қылмыс белгілері жоқ.
29 тамызда Алтай ауданы,
Зубовск ауылында жеті жасар баланың жоғалып кеткені жөнінде полиция департаментіне хабар түскен. Баласына іздеу салған ананың айтуынша, ұлы Эдуард әдетте аулада емін-еркін ойнап жүретін. Бұл жолы да кешкі сағат төрттерде ойнауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Алғашында өздері іздеп, одан нәтиже болмаған соң ертесінде құқық қорғау қызметкерлеріне хабарласқан. Хабар түсе сала жоғалған баланы полицейлер мен еріктілер, ауылдастары шұғыл іздеуге шыққан.
Сары шашты, қоңыр көзді баланың кигені сұр жейде, мінгені сұр велосипед еді. Аты-жөні Эдуард Жилиев. Еріктілер, полицияның жеке құрамы толық жұмылдырылып, ауылды, ауылдың маңайын шарқ ұрып іздеген.
Іздеу операциясын Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшылығы өз бақылауына алған. Құқық қорғау қызметкерлері Эдуард Жилиевті табу үшін барлық қажетті іс-шараны жүргізіп баққан. Тіпті жедел-іздестіруге облыстық Полиция департаментінің тәжірибелі мамандары да кіріскен. Қылмыстық полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары мүмкіндіктеріне қарай Зубовск, Снегирев елді мекендерінің әр пұшпағын сүзіп шыққан. Қараусыз қалған ғимараттарды, құрылыс алаңдарын, саябақтар мен скверлерді түгелдей тінткен.
Полиция қызметкерлері сұрастыра келе, кішкентай Эдуард өзі танитын жігітпен кеткенін анықтаған. Әлгі жігіт те Зубовск кентінің жергілікті тұрғыны екен. Баланы бұрыннан танитын көрінеді.
Ата-анасының, ауылдастарының бар тілегі – ұлдарының амандығы еді. Өкінішке қарай баланың денесі Зубовск кентінің маңайынан табылды. Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталуда. Ал тәртіп сақшылары Зубовск кентінің 20 жастағы тұрғынын қамауға алған.
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы