Мәдениет және спорт министрлігінің «ONLINEda bol» жобасы аясында Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Тәжірибе алаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» тақырыбында 26 тамыздан бастап үш күнге созылған халықаралық онлайн семинарды аяқтады.
Басқосудың мақсаты – Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейту және қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, халықаралық деңгейде тілді үйрету тәсілдерін саралау, сонымен қатар өзара тәжірибе алмасу екен.
Үш күндік семинар кезінде: Ұлыбританиядағы «Unicorn Language Sсhool» мектебінің директоры, ағылшын тілінің оқытушысы Сим Роберт, Түркиядағы Гази университеті «Tömer» тілді үйрету орталығының директоры, профессор Незир Темур, Мәскеу қаласы Инновациялық-коммуникативтік лингвистика орталығының директоры, полиглот, синхронды аудармашы Дмитрий Петров, Башқұрт мемлекеттік университетінің оқытушысы, әдіскер-маман Римма Мингазетдинова, сондай-ақ Алматы қаласындағы Сүлейман Демирел атындағы университет, Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының әдіскерлері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Башқұрт мемлекеттік университеті Шет тілдері кафедрасының аға оқытушысы Римма Флюровна «Ағылшын тілінен қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруда қолданылатын коммуникативтік дағдыларды дамытудың тиімді әдістері (Intermediate, Upper- Intermediate, Advanced деңгейлері бойынша) жайлы баяндама жасаса, Анкара қаласы Гази университетінің профессоры Незир Темур «Тіл үйретудің негізгі принциптері» тақырыбында сөз қозғады. Профессор өз презентациясын «Нені үйрету, қалай үйрету, қашан үйрету?» деген қарапайым сұрақтардан бастап, кез келген адамның өз табиғаты болатыны сияқты тілдің де өз табиғаты болады, барлық сұраққа жауапты осы тіл табиғаты аясынан іздеу керек деді. Тәжірибелі тіл маманы сонымен қатар шынайы оқыту моделін құру арқылы тілді үйретудің тиімділігіне назар аударды. Тілді оқыту барысындағы дұрыс құрылған стратегия, оқытушы мен тіл үйренушінің психологиялық дайындығы, жүйелі сабақ, дұрыс таңдалған әдістеме оң нәтижеге жеткізетінін баса айтты.
Сондай-ақ тағы бір шетелдік маман ұлыбританиялық «Unicorn Language Sсhool» мектебінің директоры Роберт Сим өзінің тілді үйретіп жүрген ұтымды әдіс-тәсілдерімен бөлісіп, қоғамдық ортадағы тілдің басымдылығына қарай екінші тілдің қолданылу аясының тарылуы жайлы мәселеге тоқталды.
Ал отандық тіл мамандары тарапынан пікір айтқан Назарбаев зияткерлік мектебі «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлыгүл Дәулеткереева, Marry Sprat, Alan Pulverness, Melanie Williams және тағы басқа әдіскерлердің еңбектеріндегі әдістемелік идеялары арқылы тілді үйретудің тәжірибесімен бөліссе, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Білім академиясының әдіскері Сымбат Мұхаметжанова «Қазақ тілі сабағында жетістікке жету жағдаятын туғызу жолдары» тақырыбында баяндама жасап, тіл үйрету кезінде компьютерлік технологияны ұтымды қолданудың маңыздылығына тоқталды.
Мәртебелі жиынға облыстық тілдерді дамыту басқармасы және тілдерді оқыту орталықтарының басшылары, әдіскерлер қатысып, тіл оқыту мәселесі бойынша көкейлерінде жүрген сұрақтарына толық жауап алса, семинарға Zoom сервисі бойынша 300 оқытушы атсалысты. Фейсбук желісіндегі «ONLINEda bol» парақшасы арқылы бір сағат ішінде 150 маман тыңдап үлгерді.
Жиынның жабылу салтанатында Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Әлібек Асқар қорытынды сөз сөйлеп, баяндама жасаған шетелдік және қазақстандық әріптестеріне ризашылығын білдіріп, қатысушыларға онлайн сертификаттар тапсырды.