Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясы ауласына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз еліміздің алғашқы Премьер-Министрі Ұзақбай Қарамановтың мүсіні қойылды. Белгілі тұлғаға ел құрметін танытатын шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.
Қайраткер есімі білім ошағына биылғы наурыз айында берілген болатын. Осыдан кейін облыстық бюджеттен қажыр-қайратын елдің өркендеуіне арнаған азаматтың мүсінін әзірлеуге қаржы бөлініп, ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы мемлекеттік комиссия келісімін алды.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хаты оқылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Аралдан шығып, Алашқа танылған елдің ұлының рухын ұлықтау кейінгілерге парыз екенін атап өтті.
– Ұлы адамдардың өмір жолы ұрпақ үшін әрқашан өнеге. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-Министрі қызметін атқарған Ұзақбай Қараманов ағамыздың елдік мүддені жоғары қойған қайраткер болғаны қай буын үшін де үлгі. Жұртына адал қызмет етіп, II дәрежелі «Барыс», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және түрлі жоғары дәрежедегі медальдармен марапатталған Ұзақбай Қараманұлы жұрт жадынан өшпейтін тұлға, – деді облыс әкімі.
Аудан тұрғындары мен қайраткермен үзеңгілес азаматтар, ізбасар інілері жиылған шарада Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ардагер-журналист Шәкірат Дәрмағамбетов лебіз білдірді.
Осыдан кейін қонақтар Ұзақбай Қарамановтың жеке заттары мен ол туралы жазылған еңбектерден жасақталған қоғамдық музей жұмысымен танысып, «Бастау» кәсіби қоғамдастық кабинетінде үздік оқушыларымен кездесті.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназарованың айтуынша, қайраткер есімін иеленген, 1200 орындық №262 мектеп-гимназиясы 2009 жылы пайдалануға берілген. Ұжымда 106 педагог бар. Өткен оқу жылының өзінде 8 мұғалім республикалық идеялар фестивалі мен форумдарда, 21 мұғалім облыстық деңгейдегі семинарлар мен конференцияларда іс-тәжірибесін таратыпты. Биыл білім ошағынан ҰБТ-ға қатысқан 24 түлектің 22-і мемлекеттік білім грантын иеленген.
ҚЫЗЫЛОРДА