• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 03 Қыркүйек, 2020

Кредитті шектеу – реттеуге беттеу (Президент тоқтаусыз несие беруге тосқауыл қоюға шақырды)

1792 рет
көрсетілді

Мойнындағы көп кредитін өтей алмай, «қара тізімге» еніп кеткен азаматтар аз емес елімізде. «Қара тізімдегілердің» қатары көбейе берсе, оның әлеуметтік зардабы зор болмақ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында атап өтті.

«Тұтынушыларға тоқтаусыз, тіпті жауапсыз несие беруге нормативтік тұрғыдан тосқауыл қою керек. Оның айтарлықтай әлеуметтік зардабы болуы мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауатының төмендігі оларға түрлі несиені жөн-жосықсыз тықпалауға себеп болмауы керек», деді Мемлекет басшысы.

Бұл қуанышта да, қазада да несиеге жүгінетін жандардың қолын қақпай келген қаржылық ұйымдардың тізгінін тартуына түрткі болмақ. Себебі біздің елде қызметіне мемлекет аса араласа бермейтін микроқаржы ұйымдары, ломбардтар мен басқа да қаржы мекемелері көп.

Президент биылғы Жолдауында тұтыну несиесін оңды-солды таратып келген мұндай ұйымдардың қызметі мемлекет тарапынан реттелетінін мәлімдеді.

Дағдарыс дауылы тұрып, елдің табысы азайып, қарызға бату қаупі артқан тұста мұндай қадамның жасалуы құптарлық, әрине. Бұл үшін Мемлекет басшысы айтқандай, заңнамалық және нормативтік база өзгертіліп, қарыз алушының төлем қабілетін бағалауға қатысты талаптар едәуір күшейтілуге тиіс.

2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бо­йынша Қазақстан халқының саны 18,7 млн адамды құрады. Оның шамамен 9 млн-нан астамы жұмыс істеуге қабілетті, экономикалық белсенді тұрғындар тобына жатады. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, экономикалық белсенді халықтың шамамен 71 пайызы кредит алған. Ал несие алмағандардың үлесі 1,77 млн адам немесе 19 пайызға тең. Бұл ретте Қазақстанның жалпы кредиттік қоржыны ақпан айында 25 трлн теңге болды. Мұның ішінде заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да бар. Тарқата айтсақ, жалпы соманың 74 пайызын немесе 17 трлн теңгеден астамын заңды тұлғалар, яғни кәсіпкерлер, компаниялар алған. Жеке тұлғалардың үлесі – 7,4 трлн теңге. Бұл – жалпы кредиттік қоржынның 26 пайызы.

Енді мына бір дерекке назар салайық. «Бірінші кредит бюросы» ЖШС-нің  атқарушы директоры Әсем Нұрға­лие­ваның айтуынша, 2020 жылғы 1 мамыр­дағы жағдай бойынша жеке тұлғалар арасындағы төлем мерзімі өтіп кеткен кредиттердің үлесі 12 пайызға жеткен.

– Елдегі төтенше жағдайға байланыс­ты қарыз алушыларға үш айлық үзіліс берілгені белгілі. Осы аралықта кредиттер бойынша өсімпұл да, айыппұл да есептелген жоқ. Мемлекеттің кредиті барларға жасаған жеңілдігі 15 маусымда аяқталды. Бірақ карантиндік шаралар жеңілдетілсе де, жалғасуда. Демек, ел ішінде жұмысқа шықпағандар әлі де бар. Сондықтан тамыз-қыркүйек айларында төлем мерзімі өтіп кеткен кредиттер көбеюі мүмкін, – дейді Әсем Нұрғалиева.

Демек, жоғарыда біз айтқан «қара тізім» қыркүйек айынан кейін тағы да то­лы­ғуы ықтимал. Кредиттің әлеуметтік зар­дабы да сол тұста байқалуы әбден мүмкін.

Қаржы сарапшысы Андрей Чебо­та­ревтің айтуынша, ел Үкіметі былтырдан бері кредитті оңды-солды беруді шек­теудің қамына кірісті. Мәселен, өткен жылы банктердің кредит беруіне қатыс­ты нормативтік ережелердің ішінара өзгер­тілуі соның дәлелі.

– Жаңашылдыққа сәйкес, табысы тиісті мөлшерден төмен адамдарға ешқандай ұйым несие бермеуі керек. Алайда бұл талап түбегейлі орындалып отырған жоқ. Сондықтан әлі де қосымша шаралар қа­былдау керек. Президенттің Жолдауда осы мәселеге назар аударуы банктерді жағ­дайға одан әрі жауапкершілікпен қарауға шақырары сөзсіз. Зейнетақы төлемі мүлдем жоқ адамдарға несие беру банк үшін де, қоғам үшін де қауіпті, – дейді сарапшы.

А.Чеботарев заңнамалық, құқықтық базаны жетілдіруден бөлек, халықтың қаржылық сауатын арттыруға да ден қойған дұрыс деп есептейді.

– Кредит – қаржылық құрал. Орнымен алып, ұқсата білген адамға пайдасы мол. Балға секілді дер едім. Онымен біреу­дің басын жаруға да, зәулім үй салу­ға да болады. Яғни, пайдасы да, зияны да бар. Біз халыққа қаржыны тиімді жұм­саудың тетіктерін үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылық туралы Жолдауда да айтылды. Рас, халықтың көбі қаржы жұмсауға қырсыз келеді. Осы тұрғыдан ал­ғанда тұрғындар кредит алуды, қаржы жұмсауды әбден меңгермейінше, несие беру­ді заңнамалық тұрғыдан қатаңдату, шек­­теулер енгізу – өте орынды. Бұл ха­лық­тың қаржыға, кредитке деген көзқара­сын, түсінігін өзгертуге күш салады, – дейді ол.

Қаржылық сауат десе, «математика миыма қонбаған» деп ат-тонын ала қа­ша­тындар көп. Сарапшының айтуынша, дәл осындай жандарды әбігерге салмас үшін қаржылық сауаттылық деп қиындатпай, отбасылық бюджетті оңтайлы жұмсау деп қана қарастырған абзал.

– Қаржыны дұрыс жұмсамаудың салдарынан кейбір отбасылар жалақыдан жалақыға қарап отырады. Жоқтық жан алқымнан алғанда банкке жүгіреді. Бұл дұрыс емес. Қаржылық білімді отбасынан, мектептен бастау керек. Доллардың бағамы мен мұнайдың бағасын білу шарт емес. Оның керегі де жоқ. Қолда бар ақшаны қайда жұмсап, қалай үнемдеу керектігін білсе жеткілікті, – дейді сарапшы.

Осы орайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің құрылғанын атап өткен жөн. Агенттік халықтың қар­жы­лық сауатты­лығын арттыруға күш салып келеді.

А.Чеботарев айтқандай, Президенттің кредит беру мәселесіне кешенді түрде қарауы да құптарлық қадам.

– Заңнамалық талаптар бойынша табысы жоқ адамдарға кредит берілмейді делік. Бірақ олар ақша алудың басқа да жолдарын қарастырады ғой. Бізде әзірше «көлеңкеде» жатқан, яғни мемлекет тарапынан бақыланбайтын ломбардтар, микроқаржылық ұйымдар бар. Міне, банктен жолы болмай шыққандар соларды жағалайды. Ол үшін ломбардтар мен микроқаржылық ұйымдарды да мемлекет өзі реттеуі керек. Президенттің осының алдын алуға қам жасап жатқаны құптарлық, – дейді сарапшы.

Рас, микроқаржылық ұйымдардың айдарынан жел есіп тұрғаны да шындық. Мәселен, жоғарыда айтқан Қазақстанның жалпы кредиттік қоржынындағы 25 трлн теңгенің 300 млрд теңгеге жуығын шағын қаржылық ұйымдар, ал 84 млрд тең­гесін онлайн қарыз берушілер үлестірген. Бұл ретте соңғысының көрсеткіші күрт өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда онлайн қарыз беретін ұйымдардың көрсеткіші 50 пайызға өскен.

Қаржылық сарапшы Расул Рыс­мам­бетовтің пікірінше, кредит халықтың шынайы қаржылық жағдайын жасырып тұрады.

– Мен әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға кредит беруді құптамаймын. Иә, несиеге үй, теледидар, ең соңы киім-кешек алу да қалыпты дүниеге айналды. Мұндай несиелер нарықтағы нақты жағдайды үнемі жасырып тұрады. Бұқара халық қарапайым дүние үшін несие ала берсе, елдегі кедейлік шегі нақты картинаны көрсетпейтін болады. Кредитті алған соң өтеу міндетті. Бірақ қазақстандықтар табысының негізгі бөлігін ішіп-жемге жұмсайды. Мәселен, 2020 жылы орташа жалақы 204 мың теңгені құрады. Алайда мұндай жалақыны жұрттың бәрі алып отырған жоқ. Менің зерттеуім бойынша, 2006 жылы қазақстандықтар отбасылық бюджеттің 10 пайызын ішіп-жемге жұмсаған. Бірақ өткен жылы жағдай күрт өзгеріп, көрсеткіш 50 пайызға дейін жетті, – дейді қаржылық сарапшы.

Халықты тығырыққа тіреген пандемия банктерді де біраз ойлантып тастады. Себебі дәл қазіргі уақытта қаржы ұйымдарының өздері де кредит беру талаптарын қатаңдатуға мүдделі. Олар елдегі жағдайды көріп-біліп отыр. Соның әсері шығар, 2020 жылдың екінші тоқсанында бірінші тоқсанмен салыстырғанда кредит беру 8,8 пайызға азайған. 

– Пандемияға байланысты эконо­микалық сектордың теңселуі банктерге де айтарлықтай ықпал етіп отыр. Өйт­кені қарыз алушылардың қаржылық жағдайы нашарлаған сайын сын-қатерлер де көбейеді. Банктер несиелер бо­йынша міндетті төлемдер жасалмауы мүмкін деп алаңдаушылық білдіруде. Бұл заңды, әрине. Қарыз алушылардың кредитті уақтылы төлемеуі ұйымның көрсеткішіне, банк активінің сапасына әрі табысына кері әсер етеді. Сондықтан кредит беруді шектеуге банктердің өздері де мүдделі, – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері.

Қорыта айтқанда, алдағы жағдайды дұрыс бағамдап, кредит беру мәселесіне ерекше тоқталған Мемлекет басшысының осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеуі қаржы нарығындағы ойыншылар үшін де, қалың бұқара үшін де орынды шешім болғаны анық. Оны сарапшылар да қуаттап отыр. Ендеше, Президент айтқан дүниелер ойдағыдай орындалса, қысылтаяң шақтан қиналмай өтуіміз мүмкін.