• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қыркүйек, 2020

Бозоқ – елорданың туристік бренді

1000 рет
көрсетілді

Елорданың батысы, Үркер шағын ауданы­ның солтүстік ірге қапталында шамамен VIII ғасырдың үлесіне тән делініп жүрген Бозоқ қалашығының табаны жатыр.

Жуықта осы жерге Мәдениет және спорт министрлігі Бозоқ мем­­лекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорық директоры Сәуле Бөрі­­баева ханым бастаған және аталған нысанға көп жыл­дан бері археологиялық қаз­ба-бар­лау жұмыстарын жүр­гі­зіп келе жат­қан ғалым, К.Ақышев атын­дағы археология инс­титуты­ның басшысы Ма­рал Хаб­ду­ли­на қостаған бір шоғыр қауым қа­ла­шық басында халқы­мыз­дың дәс­түрлі мұрасы «сірге жияр» рәсі­мін өткізумен қатар, жиналған көп­шілікке ежелгі мекен туралы ғы­лы­ми таныстырылым жасады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы жарық көрген «Еура­зия жүрегінде» атты еңбегінде: «1820 жылы Ресей императорлық «Сибирский вестник» журналында орыс кен инженері Иван Шангиннің күнделігі жарияланды. Осы күнделік беттерінде Шангин Бас штаб тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл-Нұра бойын зерттеп, Бозоқ көлінің жағасында көне қалашық орны барын баяндаған. Осы дерекке сүйене отырып мен Астана төңі­ре­гінің археологиялық картасын жасауға бастама көтердім... Сонымен 180 жылдан кейін, 1999 жылы осы жұмысты атқару­ды зор құлшыныспен қолға ал­ған академик Кемел Ақышев бас­таған археологиялық экспе­ди­­ция қазіргі Астанадан он бес шақырым жерде жатқан қала­ны қазуға кірісті. Кейін анық­­талғ­ан­дай, қаланың нағыз ата­уы Бозоқ екен. Ғалымдар қала­ның гүлденуі Х-ХІІ ғасыр­ларға келетінін анықтады. Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы екендігін дәлелдеп отыр» депті.

Елбасының жоғарыдағы пайым-пікірі соңғы жылдары қала­шық аумағына жүргізіл­ген ар­хеологиялық барлау жұмыс­тары нәтижесінде толық дәлел­деніп отыр. Нысанға 1999 жыл­дан бастап тұрақты  зерттеу жүргізіп келе жатқан Есіл стацио­нарлық археологиялық экспе­д­ициясының жетекшісі Марал Хабдулинаның қорытын­ды есебіне қарағанда, Бозоқ ес­керт­кіші хронологиялық тұр­ғы­дан түрлі нысандар кешені­нен тұрады: ежелгі түрік ғибадат­ханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б. Сонымен қатар  қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымдардың тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қып­шақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни, қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін, ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын ба­қы­лайтын қыпшақтардың қо­нысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені бай­қалады. Оған дәлел – стацио­нарлық, өндірістік және ирри­га­ция­лық құрылыстардың қал­дық­т­ары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монета­лар т.б. Ал XIV ғасырда қала­шық Нұра-Есіл аймағының ислам­дан­ған элитасының рухани орта­лы­ғы­на айналып, діни-мемо­риал­дық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX  ғасырларда мұнда қазақ­тың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді.

Осы орайда, көне қала­шық­тың көлемі және ежелгі орналасуы жайлы зерттеген тарих ғылымдарының кандидаты Айна­гүл Ғаниева, ескерткіш кешен аумағы 412 гектар екенін алға тартып,  Бозоқ ортаға­сыр­лық қалашығын қалпына келтіру ар­қылы Ботай, Сақ, Ғұн, Түркі және Қазақ хандығының бес хро­­но­логиялық тарихи кезең­дерін бейнелейтін қоныстар­дың археологиялық саябақ кеше­нін жасауға толық негіз бар дейді. Нақтырақ айтқанда, ежел­гі дәуірдің сол кезеңдерін бей­не­лейтін жанды музей құру қажет. Мұндай музейлер әлемдік тәжі­ри­беде бар. Қазіргі таңда елі­міз­де 240-тан астам музей болса, олардың 12-сі қорық-му­зей есе­бінде. Бұл барлық музей­лер­дің 5 пайызын құрайды. Елі­­­міз­де қазірге дейін бірде-бір рес­­­пуб­­л­и­ка­лық мәртебесі бар архео­­ло­гиялық және этногра­фия­лық про­фильді музей жоқ. Осы сұра­нысты қана­ғат­тандыруға Бозоқ ескерткіш кешені сұранып тұр.

2004 жылы Бозоқ қалашығын­да шетелдік сарапшылардың қаты­суымен халықаралық ғылы­ми форум өтті. Форумның қоры­тындысы бойынша резолюция қабылданды және қалашықтың ғылыми және мәдени маңызы туралы сараптамалық пікірге қол қойылды. Сөйтіп алғаш рет ескеркіш материалдары Еура­зияның ғылыми археоло­гия­лық кеңістігіне енді.

Осылай жалғасын тапқан жұмыстың нәтижесінде 2018 жылы Үкімет қаулысымен Бозоқ мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қоры­ғы құрылды. «Мұндағы мақсат – көне қала­шыққа археологиялық қазбалар негізінде «Ашық аспан астында ұлттық саябақ» жобасын іске асырып, сол арқылы еліміз­дегі  ежелгі және ортағасырлық стацио­нарлық ескерт­кіш­тер­ді қал­пына келтіру» дейді музей-қорықтың ғылыми қызметкері Қажымұрат Төлегенұлы.

Жоғарыдағы жобаның алдын-ала белгілен­ген бейімдік жоспары бойынша, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақала­сында сипат­тал­ғандай, ата-баба­­ларымыздың жетістіктерін бей­нелейтін музей-қорықтың сәулет көрінісін тұжырымдап, ойын-сауық, демалыс, спорт, денсау­лық функциялары ма­ңызды болатын сапалы жаңа форматты жанды музейін құру.

Яғни, музей аумағында ар­хео­логиялық парк, музей-ғи­ма­­раты, отбасылық демалыс орта­­лықтары, балаларға арналған жасөспі­рім­дер лагері, амфитеатр, биопарк, левадалар, саябақ аймақтары, шығыс базар­лары, қолөнер шеберханалары, тақы­рыптық дәмханалар, шәй­хана, алма бақшалары болады. Толық кешен 300 гектар аумақта орналасады.

Жоғарыдағы археологиялық саябақты іске қосу Еуразияның ежелгі және ортағасыр­лық тарихында отандық және шетелдік ғалымдар­дың зерттеулеріне не­гіз­деліп, қалпына келтіру жұ­мыстары ескерткіштің архео­логия­лық зерттеулері нәтижесі бойынша жасалмақ екен.

Сонымен қатар бұл жерде энеолит кезе­ңі­не тән Ботай қонысының тұрғын үйлері де тұр­ғызылады. Бұл – тас дәуірден металл өң­деуге дейінгі тех­но­логиялық серпіліс кезе­ңі мен жыл­қы өсіру мәдениеті дәуі­рін әйгілемек.

Осылайша, болашақта салынуы тиіс Археоло­гиялық сая­бақ алдағы уақытта ғылыми және шығармашылық жобаларды іске асы­рудың платформасына айналып, елдің турис­тік картасында тартымды мәдени инфра­құ­рылым пайда болуына жол ашады. Сонымен бірге атқа міну мәдениеті мен дала өркениеті тарихымен толық танысуға мүмкіндік беретін көрінеді. Нәтижесінде, Бозоқ мәдениеті – елорданың туристік брендіне айналады.