Биыл алғаш рет Сырдария ауданындағы ортағасырлық Асанас қалашығына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілуде. Археологтар қалашықтың қақпасын, қорғаныс қабырғалары мен мұнараларын, тұрғын үй орындарын ашуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова мәлімдеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
"Аймақтағы 6 ескерткішке археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Жанкент, Сығанақ, Сортөбе, Қышқала қалашықтарындағы қазба жұмыстары аяқталса, ал, Бәбіш мола және Асанаста әлі жалғасуда. Қазба маусымында археологиялық жұмыстардың зерттеу ауқымы кеңейіп, маңызды нысандарды сақтаумен, консервациялаумен ерекшеленді. Сондай-ақ Жанкент қалашығында консервацияланған бөлменің композициясы жасақталып, Оғыз дәуірінің тұрмыс-салт дәстүрінен хабар беретін, тарихи мүсіндер қойылып, зерттеушілер қалашық ішіндегі тұрғын үйдің ежелгі қалпын қайта жандандырды. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған олжалар облыс музейлер қорына жинақталса, ғылыми-зерттеу есептері архив қорларында сақталады,-деді Мира Абуова.