Нью-Делиде «The IIC Experience: Festival of Arts» атты халықаралық үндістандық өнер фестивалі аяқталды. Оған Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Филиппиндер, Үндістан және фестиваль тарихында алғаш рет Қазақстан ұжымдары қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Нью-Делиде «The IIC Experience: Festival of Arts» атты халықаралық үндістандық өнер фестивалі аяқталды. Оған Бразилия, Индонезия, Оңтүстік Корея, Филиппиндер, Үндістан және фестиваль тарихында алғаш рет Қазақстан ұжымдары қатысты, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Фестиваль шеңберіндегі Қазақстан бағдарламасы Үндістан халықаралық орталығының өнер галереясында «Құланшы» заманауи өнер орталығының графикалық жұмыстарының көрмесімен ресми ашылды. Оған суреттердің авторы Ләйла Махаттың өзі де қатысты.
Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі – қазіргі қауымаралық үйлесім қорының жетекшісі Ашок Саджанхар (Amb. Ashok Sajjanhar, Secretary, National Foundation for Communal Harmony) Қазақстандағы жұмыс жылдарын жылылықпен еске ала отырып, екі халық мәдениеттерінің ерекше ұқсастығын атап өтті.
Үндістандық көркем өнер сарапшылары көрермендерге «Сақтар желі» тақырыбына арналған 24 шығармасын ұсынған қазақстандық суретшінің жоғары шығармашылық әлеуетіне оң баға берді.
Халық өнерін сүйерлер қазақстандық «Тұран» ұлттық-фольклорлық ансамблінің музыкалық бағдарламасын тамашалауға мүмкіндік алды. Қазақстандық ұжым ұлттық музыкалық аспаптарда ойнаудың жоғары шеберлігін көрсетіп, үнді қауымының жүректерін жаулап алды. Қазақстанның Үндістандағы елшілігі ұйымдастырған музыкалық топ Нью-Делиге сапары барысында, сондай-ақ, Қазақстан-Үндістан 8-ші туристік жәрмеңкесінде өз өнерлерін ұсынды.
Сонымен қатар, фестиваль шеңберінде Канада, АҚШ, Италия, Германия, Нидерланды және т.б. елдердің фильмдері көрсетілді. Қазақстандық кинематографтан Жанна Исабаеваның «Талғат» драмасы да ұсынылған фильмдер тізіміне енді.