Құрылысы еліміздің индустрияландыру картасына енген серпінді жобалардың бірі – «Өскемен құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Өскеменде шығарылатын құс еті, одан жасалатын тауық шұжығы қазір еліміздің барлық қалаларында саудаланады. Бір Астананың өзінде 164 сауда дүкендерінде құс фабрикасының өнімдері сатылады екен.
Құрылысы еліміздің индустрияландыру картасына енген серпінді жобалардың бірі – «Өскемен құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Өскеменде шығарылатын құс еті, одан жасалатын тауық шұжығы қазір еліміздің барлық қалаларында саудаланады. Бір Астананың өзінде 164 сауда дүкендерінде құс фабрикасының өнімдері сатылады екен.Жақында кәсіпорын өмірінде тағы бір игі іс жүзеге асып, «Айтас-МП» шұжық фабрикасын пайдалануға берді.
«Өскемен құс фабрикасы» жаңа кәсіпорны құрылысына 1 миллиард 800 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 40 пайызын кәсіпорын өз қаржысы, ал 60 пайызын несие берушілер есебінен жүзеге асырды. Шын мәнінде, елімізде теңдесі жоқ, тәулігіне 30-40 тонна құс етін өңдеу арқылы шұжықтың, құс еті деликатесін шығаратын фабрика Швейцария, Австрия, Германия, Польша, басқа мемлекеттердің қондырғыларымен және жабдықтарымен монтаждалған. Қазір кәсіпорында 200 адам жұмыс істесе, толық қуатына енгенде 400 адам еңбек етпек.
Жаңа фабриканың салтанатты ашылуына Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Қаржы министрі Болат Жәмішев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстан құс өндірушілер одағының президенті Руслан Шарипов, Алматы, Павлодар, Қарағанды облыстары әкімдерінің орынбасарлары, «Өскемен құс фабрикасы» ЖШС-інің бас директоры Серік Толықбаев қатысты. Жиынды ашқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда жаңа кәсіпорынның ерекше орын алатынын, ет өнімдерін Ресей мен Беларуське экспортқа шығару арқылы еліміздің атағын шығарудың мүмкіндігі туып отырғанын айта келіп, кәсіпорын басшысы Серік Құмалбекұлына алғысын айтты.
Өскеменнің елге сыйлы қариялары лентаны қиған соң келген қонақтар алып цехтың ішіне енді. Міне, бір жерде жұмысшылар ақ желең жамылып алып, құс етін бөлшектеп жатыр. Содан кейін ол тоңазытқышта бірнеше сағат суытылып, бабына жеткен соң бірден сауда орындарына жөнелтіледі. Құс етін суытатын мұз арнайы қораптан шығып жатыр. «Тәулігіне 9 тонна пісірілген шұжық, 9 тонна қақталған құс еті, басқа да деликатес, барлығы 40 тонна шұжық шығады», деп кәсіпорын басшысы Серік Толықбаев қысқаша таныстырып өтті. Мұнда еңбек ететін жұмысшыларға жуынатын жер, киім ілетін, демалатын орын бөлінген, тегін тамақ, арнайы киім беріледі.
«Өскемен құс фабрикасы» ұжымы алдағы уақытта да ізденіс пен ілкімділік таныта бермек.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.