Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Жиын басында С.Ахметов еліміздің білім мен ғылым деңгейін әлемдік стандарттарға жақындату Үкімет алдындағы маңызды міндет екендігіне тоқталып, бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткен басым бағыттардың бірі саналатынын айтып өтті.
Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында білім және ғылым саласына қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
Жиын басында С.Ахметов еліміздің білім мен ғылым деңгейін әлемдік стандарттарға жақындату Үкімет алдындағы маңызды міндет екендігіне тоқталып, бұл Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында атап көрсеткен басым бағыттардың бірі саналатынын айтып өтті.
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі басты тақырып турасында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндады. Ол мектепке дейін және мектеп қабырғасында оқыту жайына, техникалық және кәсіптік білім берудің жүйелі міндеттеріне тоқталып, тұтастай алғанда, білім беру үдерісін одан әрі жетілдіру бойынша іс-шаралар туралы хабарлады.
Министрдің айтуынша, «Балапан» бағдарламасының арқасында бүгінде мектепке дейінгі оқытуға 3-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуы екі есеге артып, 36-дан 71,5 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ, білім саласында мектепке дейінгі сапалы оқытуға тең қолжетімдікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа даму бағдарламаларын енгізу, кадрлар дайындау бойынша ресурстық орталық құру, оған қоса, 2014 жылы ерте даму тұжырымдамасын жасау жоспарланып отыр.
Ал білім беру инфрақұрылымдарын дамыту мәселелеріне қатысты сөзінде министр 2014 жылы республикалық бюджет есебінен 50 мектеп салу көзделіп отырғанын, алдағы үш жыл ішінде 146 мектеп салынатынын жеткізді. Нәтижесінде 2016 жылға қарай апатты мектептер үлесінің 3 пайыздан 1,5 пайызға дейін кемитінін, ал жалпы білім беру жүйесіндегі үш ауысымдық оқыту 1,3 пайыздан 0,1 пайызға дейін қысқаратынын атап өтті.
Техникалық және кәсіптік білім беруде айрықша назар білім беру мен бизнестің әріптестігін нығайтуға, кадрларды Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының басымдықтарымен байланыстыра отырып дайындауға аударылады.
2016 жылға қарай дуалды білім беру жүйесімен жұмыс істейтін колледждердің үлесі 20-дан 50 пайызға дейін артады деп көзделуде. Жоғары білім беруде де экономиканы дамытудың инновациялық міндеттерін шеше алатын бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау мақсат етіп қойылып отыр.
Білім және ғылым министрі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты да өзгерістер болатынын атап өтті. Біріншіден, тесттердің мазмұны қайта қаралады. Тесттер базасындағы талаптарға сәйкес келмейтін сұрақтар жойылады. Екіншіден, тестілеу технологиясы өзгертіледі. Компьютерлік тестілеуді енгізу нәтижеге субъектілік факторлардың әсерін төмендетуге мүмкіндік береді, деді министр. Бұдан өзге, ол бір жыл ішінде тестілеуді қайта тапсыру мүмкіндігін енгізу бойынша мәселелерді пысықтау жүргізіліп жатқанын атап өтті.
А.Сәрінжіпов ауыл мектептеріндегі және шалғай өңірлердегі білім сапасын жақсарту бойынша бірқатар шаралар әзірленгені жөнінде ақпаратпен бөлісті.
Шешім ретінде ресурстық орталықтар мен IT-технологияларды шоғырландыруды ұсынып отырмыз. 2015 жылы 160 ресурстық орталық құруды жоспарладық, оларға 640 шағын кешенді мектеп бекітіледі, сонымен қатар, е-learning тұжырымдамасын жаңартып жатырмыз, ол қалалар мен ауылдар арасындағы цифрлық тепе-теңсіздікті қысқартады, деді А.Сәрінжіпов.
Министр айтып өткендей, бүгінгі таңда білім сапасы бойынша қала мен ауыл арасында алшақтық байқалып отыр. Апатты жағдайдағы, үш ауысымдағы мектептердің барлығы дерлігі, сонымен қатар, спорт залдары жоқ мектептер мен ал жоғары санаттағы мұғалімдердің үлесі де қалаға қарағанда ауылда 2 есе аз.
Ауыл мектептерінің мәселелеріне ҰБТ нәтижелерінің қалаға қарағанда ауылда төмендігі дәлел, деді министр. Жалпы алғанда, орта білім беру бойынша таяу 3 жылда Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жоспарларын және оқулықтар жасауды, 100 мың мұғалім оқытуды, қысқа мерзімді курстар арқылы 135 мың педагогты біліктілікті арттырумен қамтуды жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ, 2016 жылға дейін елімізде мемлекеттік тілдегі оқу орындарының саны артпақ. Мектепке дейінгі білім беруде мұндай ұйымдар саны 2 мыңға дейін, орта білім беруде 4 мыңға дейін, ТКО саны 50-ге дейін жеткізіледі, деді министр.
Министрдің баяндамасынан соң Үкімет отырысында орта білім беруді одан әрі дамыту стратегиясы мәселесі бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» басқармасының төрайымы К.Шамшидинова, «Кәсіпқор» холдингі басқармасының басшысы Э.Сәдуақасова, Назарбаев университетінің вице-президенті К.Дайырова баяндады.
Талқыланған мәселені қорытындылай келе, Үкімет басшысы жаңашылдықтар енгізудің сапасын көтеру мен жетілдіру мәселелерінің аса маңыздылығын атап айтты. Премьер-Министрдің пікірінше, бұл жұмыста педагогтар мен жұртшылық тарапынан қолдау, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіністік, пікір үндестігі болуы қажет. Олардың айрықша ықыласынсыз білім беру саласында жаңғырту болмайды, деді С.Ахметов. Яғни, ол ұсынылған жоспарлар мен идеяларда кәсіби мамандардың, тұтастай алғанда, халықтың пікірлері ескерілуі тиіс екендігіне тоқталды.
Мемлекет педагогтық ресурстарды дамытуға, яғни білімін көтеруге, педагог кадрлардың дайындығын жүйелі түрде жетілдіруге зор көңіл бөліп келеді, деді С.Ахметов. Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде кадрлар дисбалансы бар, бұл жас дарынды педагогтардың мектептерден кетіп, жағдайы жасалған, экономиканың бәсекелестік ортасы бар басқа салаларына орын ауыстыруынан болып отыр. Аталмыш мәселелер шешілмейінше, қабылданған мемлекеттік шаралардың тиімділігі төмен және алға қойған мақсаттарға қол жеткізу қиынға соғуы мүмкін.
С.Ахметов, сонымен қатар, аз жабдықталған мектептер проблемаларын шешу қажеттігіне, ресурстық орталықтар құруға тоқталып, Өңірлік даму министрлігіне бұл жұмысқа ауылдық аумақтарды қолдау бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасының жаңа тарауын жасау шеңберінде кірісуге нұсқау берді.
Кешегі отырыста, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарының жобасы және заң жобалау жұмыстарының 2015-2016 жылдарға арналған перспективалық жоспары мақұлданды. Аталмыш жоспарлар жайында Әділет министрі Берік Имашев баяндады. Б.Имашев өз сөзінде 2014 жылы 37 заң жобасын жасау жоспарланғанын хабарлады.
Олардың ішінде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі 10 заң жобасын әзірлейді. Әділет министрлігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 5 жобадан әзірлейтін болады, Өңірлік даму министрлігі 4 заң жобасын, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер, Ауыл шаруашылығы, Қоршаған ортаны қорғау, Қаржы министрліктері 2 заң жобасынан әзірлейді, деп мәлімдеді ол.
Бұдан өзге, Қорғаныс, Білім және ғылым министрліктері, сондай-ақ Табиғи монополияларды реттеу агенттігі 1 заң жобасынан әзірлейтін болады. Ал 2015-2016 жылдары 15 заң жобасын әзірлеу жоспарланған.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».