• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2013

Трансильвания, қайдасың?..

431 рет
көрсетілді

1944 жыл. Шымкенттегі мұғалімдер институтының даярлық курсында оқып жүрмін. Әр мезгiл оқудан арқа босап өзiммен өзiм оңаша қалғанда мен әлденемдi жоғалтып алғандай айналшықтап бара беретiн нысаналы жерiм бар. Ол бүгiнгi Ордабасы алаңына барып түйiсетiн бұрынғы Базар­ная (қазiргi Әйтеке би), Советская (қазiргi Қазыбек би), Мель­ничная көшелерiнiң бойы. Сондағы бiр кезде Бауыржан Мо­мышұлы, Құрманбек Сағындықов, Әбдiлда Тәжiбаев ағалары­мыз оқыған, кейiн қыздар интернатына берiлiп, бұдан алты жыл бұрын 1938-жылдың жазында Сауқым аға тұрған студенттердiң (қазiргi қаржы полициясы мекемесi тұрған) мекенжайы сол тарап­қа барғанда ағатайым осы маңда жүргендей, көше бойы қарсы алдымнан бәз-баяғыдай жарқ етiп шыға келетiндей болатын.

1944 жыл. Шымкенттегі мұғалімдер институтының даярлық курсында оқып жүрмін. Әр мезгiл оқудан арқа босап өзiммен өзiм оңаша қалғанда мен әлденемдi жоғалтып алғандай айналшықтап бара беретiн нысаналы жерiм бар. Ол бүгiнгi Ордабасы алаңына барып түйiсетiн бұрынғы Базар­ная (қазiргi Әйтеке би), Советская (қазiргi Қазыбек би), Мель­ничная көшелерiнiң бойы. Сондағы бiр кезде Бауыржан Мо­мышұлы, Құрманбек Сағындықов, Әбдiлда Тәжiбаев ағалары­мыз оқыған, кейiн қыздар интернатына берiлiп, бұдан алты жыл бұрын 1938-жылдың жазында Сауқым аға тұрған студенттердiң (қазiргi қаржы полициясы мекемесi тұрған) мекенжайы сол тарап­қа барғанда ағатайым осы маңда жүргендей, көше бойы қарсы алдымнан бәз-баяғыдай жарқ етiп шыға келетiндей болатын.

Шымкентке келiп оқуға түскен күнi сол сәтiнде отыра қалып майдандағы Сауқым ағаға жолын қуып қалаға оқуға келгенiмдi хабарлап «№11603 дала поштасында» «сағынышты сәлем хатымды» жазып жiбергенмiн. Араға бiршама күн салып тағатсыз күтiп жүргенде өзiм тұрып жатқан Момбек Бекжанов атайдың «Южная, 5» әдрiсiне жазған хаты да келiп жеттi.

Ұлы Сталинград шайқасын жеңiспен аяқтап, батыс бағытта Оңтүстiк Украина: Новочеркасск, Ростов, Запорожье, Чаплино, Кривой Рог, Тернопольдi азат етушi жеңiмпаз армия құрамында ұзақ жолдан өткен ол – қазiргi кезде Днестр өзенiнiң бергi жағасында, алдыңғы шепте екенiн, «Алдағы таяу күнде арғы, батыс жағалауға өтермiз. Бұл жердiң халқы орыс тiлiн бiлмейтiн молдавандар мен румындар. Жүгерiнi көп егетiн бау-бақшалы ел», деп өзi көрген жайлардан бiраз мағлұмат жазыпты да: «Мына қиын жылдар өтедi, жақсы күндер жетедi, ерте талпынып оқуға келгенiң орынды болған екен, қалқам», деп өмiр көрген, ысылған азаматтығын танытып, тiлек айтыпты.

Бұл 25-ке ендi толған жасында өз заманына кез болған тағдырдың қылкөпiр, тайғақ кешулi қатерлi жолында жүрiп жазғаны еді. Биыл институтты тәмамдап, биiк бiлiмдi мұғалiм болып шығармыз деген Сауқымбек сол күткен күндерiне санаулы ай қалғанда 1939-жылдың сағымды сары күзiнде әскерге алынды. Қаладан бiрер күнге ортамызға келiп, қайырласып аттанды.

– Шырағым-ай, оқудың шегiне жетем деп көп күттiрiп, шаршатып едiң, ендi тағы да кетiп барасың. Тым болмаса… – деп көзiнiң жасын iркiп, кәрi жүрегi қалтырап кемсеңдеген әжемiзге кiнәлi жандай: «Әже, ел тыныш, жан тiрi болса, екi жыл да өте шығар. Алыстаған армандарыңызға да жетерсiздер», – деп жанына медеу тұтқан әжесін жұбатқан iлiкалды немересi Сауқымбегi одан артық не десiн.

«…Жағдай өздерiңiзге мәлiм болған шығар. Ендi бiз сол жағдайды бастан кешуге тиiспiз. Аттанып барамыз. Уәйiм етпеңдер, сау болсақ Отанымызды қорғап оралармыз» деп Челябi облысы «Шебаркул» (Шұбаркөл) әскери лагерiнен, 22.06.1941 ж.» деп хат жазып, суретiн қосып, қысқаша сәлемiн жолдапты.

Өмiр мен өлiм арпалысқан жанталасты соғыста бұрынғыдай хат-хабардың келуi қайдан болсын. Айдан астам жым-жырт үнсiз күндер өткенде ұшқыр көк есегi үстiнен аударыла түсе қалып, қолында хат, қырмандағы көптiң iшiнен менi атымды атап шақырып, ентелеп келе жатқан пошташы Тәшен атай көрiндi. Ол кез Бесшоқыдағы ауыл мектебiнде алтыншыны бiтiрiп, Қантай апаммен бiрге қырдағы қырманда жүрген кезiм. Қуанғаннан төбе көкке жетiп, хат сөзiн үлкендерге дауыс­тай оқи бастадым. «Москва бағытындағы ұрыста оң жақ кеудемнен жараландым. Горький облысы, Арзамас қаласында гос­питальда емделiп жатырмын. Жарам онша қауiптi емес. Уәйiм етпеңдер. Сауығып кетермiн, 17 август, 1941 ж.» деп өз хабарын жазыпты да, ақ картон қағазға қара қарандашпен өзi салған автопортретiн қоса жолдапты.

Сауқымбек аға бiздi қорқытпайын деп сыпайылап «жарам қауiптi емес» деп жазғанмен оқ оң жақ кеудесiнен тиiп, өкпенiң шетiн қамтып, жауырын астынан сыртқа шығып кеткен екен. Бұл жарақаттан (сквозное ранение) сәтiн салып, 40 күнде сауығып, жауынгерлiк қатарға қайта қосылыпты.

Москва iргесiнде ойсырай жеңiлген жау 500 шақырым кейiн қуып тасталған сол 41-шi жылдың қысында жоғары бiлiмдi жас азамат ретiнде Ульяновскiдегi танк әскери командалық кадрларын даярлайтын қысқа мерзiмдi әскери училищеге оқуға жiберiлген едi. Оқуды үздiк бiтiрiп, атақты генерал Р.Я.Малиновскийдiң 2-шi екпiндi армиясы құрамындағы 39-шы гвардиялық танк бригадасы штабы бастығының арнайы тапсырма жөнiндегi көмекшiсi қызметiне тағайындалған жас офицердiң Сталинград iргесiнен сонау бiр қиырда Солтүстiк Трансильвания өлкесiне дейiнгi жорықпен өткен, аяқталмаған арман жолы жатыпты.

Солтүстiк Трансильвания, сондағы аты-жөнi беймәлiм Совата қаласы ең соңғы сапар жолында қалған жер еді. Соғыс кезiнде елге жеткен ресми хабарда былай деп жазылған: «Гвардия лейтенанты Тұрысов Сауқымбек Тұрысұлы Отан үшiн өткен бiр шайқаста бiр топ жауынгер жолдастарымен бiрге ерлiкпен қаза тапқан. Денесi Совата қаласының оңтүстiк шығысында 3 км. жерде жерленген. Жауынгерлiк мiндетiн орындау кезiнде қаһармандық көрсеткен гв. лейтенанты Тұрысов өшпес ерлiгi үшiн 23-шi танк корпусы командирiнiң 8.10.1944 ж. бұйрығымен «Отан соғысы» орденiмен наградталған. Наградасы ұлының ескерткiшi ретiнде анасы Әжiбекова Қантайға тапсыру үшiн Оңтүстiк Қазақстан облысы Шаян аудандық әскери комиссариаты­на жiберiлген».

Содан берi өткен тұтас бiр дәуiрлi өмiрде бас-аяғы 26 жас жасап, жас өмiрi арылмаған арман мен от-жалынды жылдардың ортасында өткен жанның соңғы күн, соңғы сәтi қалай өттi? Оның бiзге шексiз қымбат бейнесiн жапқан шет жердiң топырағын қайтсек көремiз? Осы жай содан берi өткен 68 жыл өмiрде көз алдымыздан кетпей-ақ қойды.

О баста жақсылыққа жаралған мына жарық дүние қашанда жаны жарқыраған iзгi жандардан кенде емес. 1970 жылғы 9-шы Мамыр, Ұлы Жеңiс мерекесiне орай әлi де қатары қалың кешегi майдангерлер газеттер мен радио арқылы бiр-бiрiне iздеу, сұрау салып жатты. Солардың бiрi Алматы облысы, Кеген ауданында тұратын Әбдiрахман Өмiржанов есiмдi ардагер ағаның «Лениншiл жас» газетiнде «Қайран достар қайда екен?» деген хаты жарқырап шыға келдi. Сонда Сталинград майданында бiрге жүрiп, көз жазып қалған достары, қаһарман ағаларымыз Қарсыбай мен Сауқымбекке iздеу салыпты. Iздеушiге-сұраушы кез болғандай, Әбдiрахманды iздеп дүрлiгiп жатқанымызда, келесi күнi радионың таңғы хабарында орталық газеттерге шолу жасаушы диктордың Сауқымбек аға жөнiнде «Отанының ер ұлы» атты мақала басылғанын баян еткенi үйдегi баршамызды өре тұрғызды.

Мақаланың авторы, соғыстың ұзақ жолында ағаммен бiрге жүрген жан досы, батарея командирi болған, майор шенiнде елге аман келiп, көп жыл Жоғарғы Кеңес­те жауапты қызмет атқарған талдықорғандық Сасан Нұрғалымов ағамен көп ұзамай табыстық. Өмiрiнiң соңына дейiн хабарласып, қатысып тұрдық.

– Ей, қарағым-ай! – дейтiн Сасан аға, – соғыс дейтiн ғаламат екiталай дүние! Бүгiнгi бар, ертең жоқ. Мен Сауқымбекпен сол 44-тiң көктемiнде Днестрде, әйгiлi Яссы-Кишинев жорығы алдында штабта өткен кеңесте таныстым. Танк бригада­сы­ның алдағы жорық-жоспары жайында карта алдында шұғыл хабарлама жасаған жас қазақ офицер жiгiтiнiң мәнерлi өткiр сөз алымына сүйiнiп, оның үлкен басшылар алдындағы өзiн еркiн ұстайтын бедел-бейнесiне соншалық риза болғамын. Ол барынша сыпайы – сырбаз, сабырлы – сабаз едi ғой. Аз айлар бiрге жүрiп, бiр тұрдық. Трансильваниядан қашқан жауды өкшелей қуып бара жатқан жорық жолында екi кеш арасында айырылдық. Айрықша тапсырмамен алға кетiп, штаб алаңын әзiрлеу кезiнде қалың орманды тасалап қоршауда қалып қойған бiр взвод жау тобымен болған тұтқиыл ұрыста есiл ерлер есе жiбермей ондаған жауды жер жастандырып, өздерi түгелдей шейiт болды. Ол жай кезiнде газет­терде кеңiнен баяндалған.

– Ағамыз қандай жерде, қалай жерлендi? Iздеп барсақ табылар ма едi?

– Трансильвания – ит тұмсығы өткiсiз жасыл орман жапқан таулы жер. Баурайы тауға қарай биiктеп барып тiрелетiн көкорайлы кең жазық. Жауынгерлер қалаға кiреберiс үл­кен жолдың оң жағына елу қадымдай жерде тұтас батальон – үш жүз адам қатысқан әске­ри құрметпен үш офицер дербес, бес жауын­гер бiрге бауырлас­тар бейiтiне жерлендi. Бейiт­терге басы үшкiрленген шағын ағаш дiң­гектерден басқа ешқандай белгi қойылған жоқ. Румыния – Компартия басқарған достас ел. Жауынгерлер зираты күтiмге алынған болар.

Сасан ағамен болған осы әңгiмеден кейiн де мына аласапыранды дүниеде жылысып талай жыл өттi. Бұл аралықта барша өмiрi арманмен өрiлген қайран қазағымыздың жерiнде арайлап тәуелсiздiктiң таңы атты. Ендi мiне, от-орманымызбен кеңесiп, өмiрбақи сағынған жүрек көз-көңiлден өшпеген ағаны iздеп жолға шыққалы отырмыз. Қарсаңда облыстық әкiмдiкте Роза қызымыз дайындап, ел азаматы Әли Бектаев ұлымыз қол қойып жөнелткен жеделхатқа арада бiрер күн ғана өткенде сонау бiр қиырдағы Бухарестен елшiлiктегi Талғат Ғабдоллаұлы Қалиев бастаған ұлдарымыздың телефонда хабарласқан жарқын даусын есiттiк.

– Елшiлiктен сөйлеп тұрған Ержан Бертаев дейтiн ұлдарыңыз, аға! Бейiт жақсы сақталған. Бұл арадан 354 шақырым Трансильвания, Совата қаласында. Бу­харест­те күтiп алып, өзiмiз бастап барамыз. Келер күндерiңiздi хабар етерсiздер, – дейдi сондай бiр жайлы, жұмсақ үн қатып.

Айтылған күн, айтылған сәт, күн екiндiге ауысқан кiшi бесiн кезiнде қасымда егiз қозыдай екi ұл – Мұхтар мен Нұржаным, Алматының аспанынан көтерiлген ақ күмiстей жарқыраған әуе кемесi 12 шақырым биiкте өзiмiздiң Қаратау, Мыңжылқының үстiмен самғап, Арал, Каспийдi көктей өтiп, қарт Кавказ, Қара теңiз телегейiн қалықтай қалқып күн әлi батпаған, кешкi шуақ-шұғыласына бөленген Бухарестке жеткiздi.

Алдымыздан жарқырай қарсы алған Ержан бастап қаладағы бес жұлдызды зәулiм қонақүйге жайғастық. Уақыт тығыз, таңғы 4-те Ержан мен елшiлiктiң қызметкер тiлмашы Денис атты зыптай биiк молдован жiгiтi бастап Трансильвания арқылы Венгрия астанасы – Будапештке қатынайтын жүйрiк электр пойызбен жөнелдiк.

Алдымыздан, қалың тау баурайынан зауыт құбырлары самсаған қала көрiндi. Бұл Балқандағы ең iрi мұнай өндiрiсiнiң орталығы – Плоешти. Ендi Солтүстiк Трансильванияға бағыт алған бiр кездегi жорықтың жолы – бүгiнгi сапар жолымыз да осы тұстан басталады екен. Ендi қос қапталымыз аспанмен тiлдескен құзар тау. Тау қабырғасы тiрелiп тұрған ну орман. Тас тағанда тасқындап ағып жатқан долы өзен. Тауды тiлiп, өзендi бойлап ұзаққа тартқан бiрi темiр, бiрi даңғыл егiз жол. Жол бойы толассыз ерсiлi-қарсылы ағындап жатқан ұлы өмiр. Жол бар жерде өркендеп жатқан өмiр бар. Тамылжыған табиғат ортасында алға өрлеген сайын аракiдiк қос қапталда қанатын жайған әсем кеңiстiктер көрiнедi. Көгалды айдын жасыл желекке оранған қалыңның арасынан қанқызыл черепица шатырлы әппақ қабырғалы мекенжайлар ақ шағаладай жарқырайды. Ол бiр емес, Трансильвания тау жолында 300 шақырымға ұласып жатыр. Бұл жай ғана ел арасы қыдырманың жолы емес. Кешегi азаттық үшiн қан кешiп, ағаларымыз өткен ұлы жорықтың жолы. Бiр кездерi жойқын соғыстың тас-үйiндi тамтығы қалған жерде жаңа заман таңында өркен жайған мәңгiлiк өшпес өмiрдiң жолы. Осы жолдың бойында Вайдаукер атты стан­сада бiздi күтiп алған қала әкiмiнiң көлiгi 54 шақырым даңғылмен Совата шаһарына түс әлетiнде жеткiздi. Жүрегiмiз теңiздей толқып даярланған «Sovata» атты сәулеттi қонақүйге жайғастық. Ендi мiне, уақыт оздырмай қала басшыларының (Примар – әкiм) қабылдауында отырмыз.

Екi басшының бiрi румын, бiрi мадияр (мажар – қыпшақ) Петер Перенц пен Домакош Андраш атты қос азамат:

– Қош келдiңiздер! Қалай жеттiңiздер, шаршаған жоқсыздар ма? – десiп, жай қарапайым бейнеде алдымызда отыр.

Сөз диалогын бастаған елшiлiктiң бiрiншi хатшысы Ержан Бертаев: – Құрметтi примар (әкiм) мырза! Сiздердiң алдыңызға қазақ елiнiң белгiлi ардагер жазушысы, аса ардақты азамат ағамыз келiп отыр. Сөздi осы ағамыздан бастайық.

Мен: «Аса құрметтi примар (әкiм) мырза, хатшы мырза! Бiз алыс елден, ағайындық жолмен арнайы келгенде достық ниетпен жылы қабылдаған сiздерге деген алғысымызды қабыл алыңыз!

Бiздiң сапарымыз бүгiнде елiмiзде кең өрiстеп жатқан салтанат той-жиындарға қатысты болса, қандай жақсы болар едi. Амал не, бiз өзгеше миссиямен, бұдан көп жылдар бұрын өткен тарихымызға қатысты мәселемен келдiк. Өздерiңiзге белгiлi фашистiк басқыншыларға қарсы соғыста Румынияны азат ету жорығында мыңдаған қазақ ұлы құрбан болды. Солардың бiрi бiздiң ағамыз гвардия лей­тенанты Сауқымбек Тұрысов 26 жасында осы Совата қаласын азат ету кезiнде 1944 жылы 15 сентябрьде қаза болып, бiр топ жауынгер серiгiмен осында қалды. Майданнан бiзге жеткен хабарда ол қаланың оңтүстiк шығысында 3 шақырым жерде жерленген.

Петерс: – Сондай хабар құжаттары сақталған ба, сiздерде? – деді.

Мен гвардия лейтенанты Тұрысов жөнiндегi қаралы хабарды, Москвадағы Қорғаныс министрлiгi Бас штабынан генерал В.Г.Дашкевич әскери архивтен арнайы жiберген ағаның награда қағаздары мен ол қызмет еткен 39-шы гвардиялық танк бригадасының Совата қаласын азат ету кезiндегi жорық жорналының көшiрмесi тiркелген iс хаттамасын ашып, әкiмнiң алдына ұсындым. Әскери құжаттар хаттамасына шаншыла көз жүгiрткен әкiм мен хатшы бастарын бiрер изеп орындарынан серпiле көтерiлдi: «Дұрыс! Кәне, жүрiңiздер. Бiзде қаламызды азат етуде қаза тапқан Совет жауынгерлерiне арналған жалғыз зират – орнында. Барып көрелiк».

Мiне, ендi қаншама жылдар санамызды сарғайтып, сан қилы ой шырмауында шешiлмеген жұмбақтың сыры мен қырын өз көзiмiзбен көруге келе жатырмыз. Сөздiң шындығы керек, адамның басы тағдырдың добы болған сол бiр аласа­пыранды күндерде небiр жайсаңдардың ғазиз басы қайда қалмады. Толассыз, тоқтаусыз дауыл боп өте шыққан қан майданның жолында қалған жауынгердiң көш-жөнекей бiр Құдайға аманатқа қалған топырағы әлдеқашан жермен-жексен болып жоғалып кеткен болса, әлгi қаралы хабарда айтылған 3 шақырым жердегi аңыраған ашық даланың сауырын сипағаннан басқа қолдан не келер едi. Тәңір оңдағанда адамгершiлiктiң қадiр-қасиетiн биiк ұстанған мына шетелдiк қала басындағы ақ ниеттi азаматтар соншалық бiр ыстық ықыласымен, сергек көңiлмен жол бастап келе жатыр.

Қала әкiмдiгi мен қала сыртындағы жауынгерлiк жалғыз зираттың арасы 15 минуттық жол екен. Баяу жылжыған сапта осы санаулы минутта көз алдыңа нелер келiп, не кетпейдi. Өмiрден әлдеқашан кеткен қимас жанның қимас, қымбат бейнесiн құрметпен сақтаған бейiтi түгiлi оны алтын сарай жер жаннаты – ұжмағың да алмас­тыра алмайтыны, ешнәрсеге тұрмайтыны қандай аянышты!

Келдiк, мiне. Қалаға кiреберiс үлкен күре жолдың оң қанатында қаз-қатар самсап, төбесi көк тiреген көк-жасыл биiк шынар ағаштары көмкерген, арғы жағы тау төскейiне ұласып өрге тартқан көкорайлы шаршы алаң. Айнала көксұр аласа гранит қорғанмен көмкерiлген алаңның кiреберiсiне орнатылған шымқай қара мәрмармен беттелген биiк ескерткiш-обелиск. Оның айна-жалтыр бетiне: «Вечная слава советским воинам, погибшим в борьбе за осбовождение города Совата. 1944» деген алтынмен аптап, қашап жазылған жазу.

Алдымыздан ашылған қос топсалы металл қақпадан өтiп, шаршы алаң айдынына қадам басқанда үшкiл төбелi құлпытас бетiнде қызыл жұлдызы жарқыраған бiр-бiрiнен он метрлiк қашықтықта шахмат тақтасындай дәлдiкпен орналасқан төрт бейiт көрiндi. Құлпытастар бетiндегi ойып жазылған жазу: «Неизвестный советский воин. 1944». Бақберген хатында жазған, Сасан аға айтқан, әскери құжаттарда көрсетiлген үш офицер мен бес солдаттың «бауырластық бейiтi». Оң қол, күншығыс жағындағы алғаш қойылған Сауқымбек ағанiкi. Сол жақ қатардағы бiр бейiт бес солдаттiкi. Сырт жағындағы екеуi келесi күнi жерленген Левин мен Шиманскийдiкi. Ұзақ жылдар төзумен шемен болған қайран жүрек аға дидарының орнына көк тастың суық бетiн сипап, ел мен елшiлiктен арнайы дайындалған көгiлдiр батсайымен көмкерiлген алқызыл гүл шоқтарымызды қойдық.

– Кешiр, ағатай, бiз келдiк, көп күттiрдiк, қолымыздан келгенi осы болды! – деген сөз көмекейде кептелiп, жүрегiмiзде бұлқынып жатты.

* * *

Қарт Карпаттың таңы тым ерте арайлап атты. «Гранд-отельде» ұйқысыз түн өткерiп қайтар жолға бет түзеп, шығарып салушы қала басшыларымен бiрге тағы да аға бейiтiнiң жанына келдiк. Құранымызды оқып, алыс елден алып келген ата-аналар мен Қошқарата әулие алысқа тартқан ұлы жорықтың жолында қалған барша қазақ ұлдарына арнап Ұлы баба Бәйдiбектiң қасиеттi топырағын тапсырдық. Қош бол, аға! Қош бол, қимас бауырым, жатқан ұлы Трансильвания!

Еркінбек ТҰРЫСОВ,

жазушы.

Алматы–Бухарест–Трансильвания–Шымкент.

Соңғы жаңалықтар