Қазақстан – қуатты ел. Бізде мұнай мен газ, түсті металдар секілді табиғи байлығымыз бар. Жеріміз де ұлан-ғайыр. Сол жерді ауыл шаруашылығы мақсатында игеріп, халықты көкөніс, бақша өнімдерімен қамтып отырған құрылымдар аз емес. Біздің «Дастан» шаруа қожалығы жыл сайын 120 гектар алқапқа көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, өңір тұрғындарына сапалы өнім ұсынып келеді. Мемлекет тарапынан шығынның 25-30 пайызын өтеу үшін субсидия алып отырмыз.
Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жердің шетелдіктерге сатылмайтынын қадап айтты. Үкіметке бизнеспен бірлесіп, алдағы 5 жылға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа сапалы ұлттық жобасын әзірлеуді бастау жөнінде тапсырма берді. Бұл, әрине ауыл шаруашылығы саласының мамандарын бір серпілткені даусыз. Дәл осылай деудің бірнеше себебі бар.
Біріншіден, төрткүл дүниені жайлаған пандемия бір-бірімен экономикалық, іскерлік, тіпті сауда байланысын орнатқан елдердің әріптестігін тежегені даусыз. Себебі қауіпті індеттің кең таралмауы үшін шекаралар жабылды. Бұл Қазақстанға өзге елдерден импорттық өнімдердің тасымалдануын тоқтатты. Бұрын біз көршілес Ресейден ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын алушы едік. Тіпті минералды тыңайтқыштарды да өзге елден тасымалдайтынбыз. Демек, енді бізге халықты отандық сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды көбейтетін кез келді.
Екіншіден, ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды әлі толық дайындай алмай отырмыз. Бізге агрономия мен ветеринария саласының білікті мамандары қажет. Жыл сайын жоғары оқу орындарын аталған мамандықпен бітірген түлектер қайда? Олар еңбек жолын неге шаруа қожалықтарынан бастамайды? Биыл шаруа қожалығына жұмысқа шақыруға жоғары білімді агроном іздеп, Атырауды айтпағанда, көршілес Батыс Қазақстан облысынан да таба алмадық.
Үшіншіден, ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту кенжелеп қалғаны жасырын емес. Себебі бізде көкөніс, бақша дақылдары тұқымының, минералды тыңайтқыштардың ерекшелігі туралы семинар-кеңестер өткізілмейді. Осы саладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың ғалымдары шаруа қожалықтарына ақыл-кеңесін беріп, тіпті студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуге ұсыныс білдірсе, біз оларға қолдау көрсетер едік.
Төртіншіден, шаруа қожалықтарының бәрінде бірдей білікті агроном жоқ. Сол себептен, тұқымдар мен минералды тыңайтқыштар сататын дүкендерде кем дегенде бір агроном болғаны жөн. Өйткені олар дүкенге келген шаруагерге тұқымның сапалық құрамы, өзге де ерекшелігі туралы кеңес берер болса, тұрғындарға сапалы өнім ұсынуға жол ашылар еді.
Бесіншіден, жастарды ауыл шаруашылығы саласындағы еңбекке баулу да қалыс қалып отыр. Біз жыл сайын ауылдағы ата-аналардың келісімен балаларды жеңіл жұмысқа тартып келеміз. Биыл шаруа қожалығында 15 жасөспірім жұмыс істеді. Оларға еңбегіне сай жалақы төледік. Мақсатымыз – еңбекке баулу. Сонымен бірге маңдай термен тапқан нанның дәмі тәтті боларын сезіндіру.
Алтыншыдан, біз жерді жалға алып отырмыз. Өзіміз өсірген өнімді 100 шақырым қашықта орналасқан Атырау қаласындағы қоймаға тасымалдамай, алқаптың басында сақтағымыз келеді. Бұл үшін әрине әлемдік стандартқа сай келетін қойма салуды ойластырып жүрміз. Ерте пісетін көкөністерді өсіретін жылыжай, тіпті шағын өнім өңдеу цехын ашсақ деген мақсат бар. Алайда жерді жалға алу мерзімі аяқталғанда, қыруар қаржыға салған мұндай нысандарды қайтеміз? Еңбегіміз еш болмай ма? Міне, бізді осындай мәселелер алаңдатады.
Өйткені ініміз екеуміз «Дастан» шаруа қожалығын құру үшін банктен де, мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдікпен берілетін несиені де алмадық. Шаруашылығымызды аяқтан тұрғызу үшін жеке қаражатымызды салудан тартынған жоқпыз. Асыл тұқымды мал сатып алдық, көкөніс пен бақша дақылдарын өсірдік. Қазір шаруашылық аяғына нық тұрды. Асыл тұқымды малға берілетін субсидияны алып отырмыз. Халыққа көңілге қонымды бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынып келеміз. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып, олардың әлеуметтік жағадайының жақсаруына қолдау көрсеттік. Шаруашылықтың құрылғанына 10 жыл толғанда үздіксіз 10 жыл жұмыс істегендерге жеңіл көліктерді сыйға тарттық. Жыл сайын бір отбасына тұрғын үй салып бердік.
Біздің шаруашылықта жұмыс істеушілер қатары қысқармайды. Оларды дағдарыстың қыспағына қалдырған жоқпыз. Жалпы, қандай қиындықты да еңсеріп, экономиканы өркендетудің кілті – еңбекте. Сол себептен, әлемдік пандемиядан кейін отандық экономиканы жаңғырту үшін ауыл шаруашылығы саласына да бетбұрыс қажет. Ал бұл үшін Үкіметтің агроөнеркәсіп саласын дамытуға арналған бес жылдық бағдарламасында біз бетпе-бет келіп отырған жоғарыдағы мәселелерді оңтайлы шешудің тетігі қарастырылғанын қалаймыз.
Қоныс ЕРМАНОВ,
«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі
Атырау облысы,
Махамбет ауданы