Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық экономиканы күшейтудің негізгі аспектісі ретінде отандық өндірушілерді және перспективалы инновациялық жобаларды қолдауды атап өтті. Қазіргі таңда ішкі нарықты толыққанды қамту үшін тиімді жағдайлар жасау қажет.
Осыған байланысты Президент өндірушілерді қолдау шараларына тоқталып, олардың арасында квазимемлекеттік сектордың барлық қатысушылары үшін мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай заң құру бастамасын тілге тиек етті. Соған сәйкес қазақстандық қамту сатып алу процесінің негізгі факторларының бірі болуы тиіс.
Президент жаңа экономикалық бағыттың негізгі жеті бағытының бірі азаматтардың игіліктері мен міндеттерін әділ бөлу қағидатына басымдық берді. Бұл шешім шын мәнінде өте маңызды. Осыған байланысты тұрғын үй мәселесін ерекше атап өту қажет. Өйткені жас отбасылар үшін басты проблемалардың бірі – жеке тұрғын үйдің жоқтығы.
Бүгінгі таңда Қазақстан кәсіпкерлері 40-қа жуық түрлі салық төлейді. Сол себепті салық саясатының жүйесі мен тетігін қайта қарау, оның ішінде салық мөлшерлемелерін саралау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды. Бұл шаралар жастарды кәсіпкерлікке тартуға жаңа серпін береді.
Ауылдық жерлер мен моноқалаларды дамытуға көп көңіл бөлінді. Қала құраушы кәсіпорындарды тарта отырып, шалғай елді мекендерді дамыту үшін жаңа жағдайлар жасау қажет. Бұл өңірлік білім беру орталықтарын, оның ішінде шағын қалаларда орналасқан университеттер мен колледждерді дамыту тетігін іске қосуға мүмкіндік береді.
Әлібек РАЙПОВ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ жетекші сарапшысы