Алматыда зиялы қауым өкілдерімен кездесуде "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басты міндеттерге тоқтала келе Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев Жолдаудан туындайтын ұлттық құндылықтарды жаңғыртудағы ұлы миссияда бірлесіп атқаратын бағыттар бойынша ой-пікірін ортаға салды, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде "Ұлт және Абай" тақырыбына тоқталып, "Ұлтымыз бен жұртымыздың жаңа болмысын қалыптастыру үшін бізге Абайдан асқан ақылшы жоқ. Осынау мәртебелі міндет жолында ұлы ақын мұрасына сүйеніп әрекет жасасақ, берекет табатынымыз анық. Біз іздеген барлық сауалдың жауабы хакім Абайдың өлмес өлеңінде, салиқалы сөзінде тұр. Абай аңсаған қоғам – ойы озық, санасы сергек "толық адамның" толыққанды қоғамы. Біз ақын мұрасына және зиялылар әлеуетіне сүйеніп, осындай қоғам орнатуымыз керек.
Ол қоғамның ұлттық идеясы білім мен ілімге жетелейтін тәуелсіз елдің ағартушылық ұстанымы болуға тиіс. Ұлт болмысын жаңғырту барысында Абайды толғандырған жағымсыз қасиеттерден арылуымыз керек», деп атап өтті.