Бір тойым бар
(Төлегенше)
Жарық сөнбес күн туар сөзсіз дедім,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын,
Бірақ, бірақ ешкімді де шай ішпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай,
Қайта алмайсың светпен бір ән салмай,
Келгендердің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге май шамды сағындыртам.
Электросеттің бастығын үлгі етемін,
Бір тойым бар
(Төлегенше)
Жарық сөнбес күн туар сөзсіз дедім,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын,
Бірақ, бірақ ешкімді де шай ішпей қайтармаймын.
Онда ортаға тасталар ұран сондай,
Қайта алмайсың светпен бір ән салмай,
Келгендердің бәрін де сабылдыртам,
Кемпірлерге май шамды сағындыртам.
Электросеттің бастығын үлгі етемін,
Әйелінің толтырам гүлге етегін.
Менің жарым сол күні кірпік ілмей,
Көптен бері жүзіне күлкі кірмей,
Қуаныштан жүрегі шайқап, есіп,
Бір сөндіріп жарықты, қайта қосып.
Мен өзім де отырам түн ауғанша,
Менің жаным жарыққа құмар қанша,
Шам беремін болмаса көршіме де,
Адалдығы сезіліп тұрар болса.
Немене жанған ағаш, от дегенің,
Керемет қой, қуатты ток дегенің.
Мен әйтеуір, бар жиған-тергенімді,
Жарыққа арнап, той қылып өткеремін.
Біздің үйді сол күні бетке ал, қауым,
Нысанаға ап, жарық шақ тоқталмауын,
Мен бұл тойдан тілеймін жылап тұрып,
Қосылмаған үйімде ток қалмауын.
Мен сөйтіп, өткен күнге бір күлемін,
Өтпелі өмір шаңынан сілкінемін.
Кім білсін, талай жылғы тілегім ед,
Мәңгілік сөнбеуі де мүмкін оның.
Тарақандар футболы
Бұзылғасын мүлде ұйқысы,
Болмай көңіл, күлкісі
Психиатрға барды да,
Шағым айтты бір кісі.
«Түсімде тарақандар көрем,
Бүйте берсем скоро өлем.
Ақ, қызыл түсті көрінеді,
Екі командаға бөлінеді,
Сөйтіп, футбол ойнайды.
Күнде ойнауын қоймайды».
Дәрігер бәрін түсінді,
Таблеткаларды ұсынды.
«Сәрсенбіде келіңіз», – деді.
Сонда науқас:
«Сәрсенбіде, ағасы, келе алмаймын,
Уәдемді, шынында, бере алмаймын.
Ол күні тарақандарымның «тойы» – деді.
Кешіріңіз, финалдық ақырғы ойын еді...»
Амантай МҰҚАТОВ.
Қостанай облысы.
Түйрегіш түйіндер
Баршылықта барымташы аз.
* * *
Үзіле қараған көзге, сүзіле қараған көз керек.
* * *
Тұлпар мінгеннің көңілі сұңқардай сергек болады.
* * *
Сандырақтаған сазгер – әуейі әнші іздейді.
* * *
Жексұрындықты да жекешелендіріп алғандар бар.
* * *
Тентектің тепкісі тегіне барып тиеді.
* * *
Жұғымы жоқ жігіт жұт болмай-ақ жұтайды.
* * *
Бүлік іздеп келген бүйрегіңді де сұрап көреді.
* * *
Тесік қайыққа көңілі жыртық отырады.
* * *
Мығымсынған мысық барыстың бас терісін кигісі келеді.
* * *
Тектімін деп тебісетін, кемеңгермін деп керісетін де бар.
* * *
Дананың сөзі даңғойға дарымайды.
* * *
Қазіргі күннің қажетіне жарамаған – болашаққа болдырып барады.
* * *
Қысылғанда қасыңызбен де қасынасыз.
Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ.
Алматы облысы.
Тост кезегі тимей
Ауыл іші. Кілем арқалаған екі жігіт есік алдында отырған қарияға ұшыраса кетеді. Екеуі де құрақ ұшып:
– Ассалаумағалейкум, отағасы! – деп иіліп сәлем береді.
– Уағалейкумассалам! Иә, қарақтарым, жолдарың болсын! Қайда бара жатырсыңдар, тапа-талтүсте кілем арқалап, – дейді ақсақал да бұларға шұқшиып.
– Тойға бара жатырмыз, атай. Тойға!.. Анау бәленше дегеннің жалғыз ұлы үйленіп, соған бет алғанымыз ғой...
– Жарады, онда. Аллам жарылқасын!..
Арада біраз мезгіл өтеді. Бір кезде сыртқа шыққан қарияға әлгі екі жігіт тағы кездеседі. Екеуі де қызу. Әбден масайып, ішіп алғандары байқалады. Әрең-әрең теңселіп келе жатса да иықтарында манағы қалы кілем. Бұған аң-таң болған ақсақал:
– Оу, тойға бардыңдар ма? Мына кілемдерің не, қайта әкеле жатқан? – дейді жай отырмай. Сонда ана екеуі:
– Атай, жұрт тым көп жиналған соң бізге тілек айту кезегі ти-тимей қалды, содан кі-кілемімізді қайтадан үйімізге әкеле жатырмыз, – депті бұған бажырая қарап.
Төбелесті бастап жібер
Үйлену тойы өтіп жатады. Жаңа отау құрмаққа ниет қойған жастарға тілек айтушылар да есеп жоқ. Тіпті сөздің мәйегін тамызып, бірінен бірі асады. Ара-арасында барқырап ән айтқандар да көбейіп бара жатқанға ұқсайды.
Даяшылар болса, солардың бәрінің бабын тауып әлек. Су әкел дей ме, суы дайын, арақ тап дей ме, онысы да әзір.
Әркімге кезек-кезегімен сөз беріп, арасында әзіл айтып, жұртты күлдіріп жүрген асаба жігіт кенет той иесіне жақындап келіп:
– Алған арақ-шарабыңыз таусылуға айналды, енді екі-үш тостан кейін бітіп қалса, не істейміз? – деп әлгінің құлағына сыбырласа, онсыз да тойдың қамымен басы әңкі-тәңкі болған ол құдалармен стақан қағыстырып, қызып отырғандықтан ба:
– Ендеше, ойланатын дәнеңе де жоқ, төбелесті бастап жібер, – депті.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ.
КӨКШЕТАУ.
Міңгір мен даңғұр
Пықып құрдаспен анда-санда кезігіп, салқын сыра сіміретініміз бар.
Бұл жолы Пықекең:
– Менен үлкен ағамның бірі қалада, бірі ауылда тұрады. Қаладағының ұлы ерке болып еркелеп өсті. Даңғұр есіміне сай әңгір-дүңгір, елгезек, еліктегіш, елп-желп... әке-шешесі «аман болсын, еті тірі, бір жерден тесіп шығатынына сенімдіміз» деп бетінен қақпады. Мектепте жүріп-ақ белсендінің бел ортасында жүрді. Уралағыш, ұрандатқыш. Тәуір оқығанының арқасында қоғамдық жұмыс десе жанып кетеді. Жиылыс, басқосу атаулыдан қалмайды. Мектеп басшылығы да біреуді құттықтау керек болса да Даңғұрды алдыңғы сапқа қоса қояды. Өзі де сөйлей-сөйлей шешен де болып алды. Бір сөзбен қаладағы ағамның баласы белсенді, беделді, сен тұр мен атайын дәрежесінде мектеп қабырғасын бітіріп шықты.
Ал, ауылдағы ағамның баласы Міңгір ілініп-салынып әйтеуір мектебін бітірді. Сабақтан бұрын көбіне төрт түлікпен «тілдесіп», қойын қоздатып, құлын-тайдың жанынан шықпай, ес біліп, етек жапқанынан жылқы құмар болып, бәйге десе танауы делиіп, далақтап ат үстінде шапқанына мәз. Қақ-соқпен жұмысы жоқ, таң атқаннан кеш батқанға дейін төрт түлігін түгендеумен болады. Қызығы да, шыжығы да, айтар әңгімесі де мал төңірегі... – деп ауылдағы ағасының баласының тірлігіне көңілі толмайтынын білдірді.
Келесі бір кездескенімізде Пықып:
– Тіл-көзден сақтасын, қаладағы ағамның баласы Даңғұр шырақ ерлеп тұр. Дамыл таппайды, тек жүрмейді. Елгезек, ұр да жық. Осындағы жоғары оқуында жүріп көзге түсіп, небір бастамалардың бел ортасында болып, үкіметтің үндеуіне бел шеше кірісіп, белді партияның бастамасын қолды-аяққа тұрғызбай насихаттап жүріп, еңбегі еленіп – оқуын шетелде жалғастыруға қолын жеткізді. Онда жүріп те елін, жерін, әсіресе биліктің сойылын соғып, осыған балама жастар ұйымын құрып құрақ ұшты... Аман болса бір жерден ойып тұрып орын алатынына, сөйтіп әулетіміздің атын аспандататынына сенімдіміз.
Ал ана ауылдағы Міңгірдің білетіні мал төңірегінде қалып қойды. Оқитыны да мал жөнінде, көретіні де төрт түлік көрінеді. Пәлекет, сонысына қарамай, малының есебін шығарғанда шемішкеше шағатын көрінеді және өзі қазіргі заманның шықбермес Шығайбайы дейді. Түлігі көбейіп, малшы-жалшы ұстайтын дәрежеге жетіпті, – деген болды.
Кезікпегенімізге көп болған, бірде Пықекең екі саптыаяқ сырадан соң:
– Әлгі қаладағы ағамның баласы Даңғұр басынан кетіп, айықпас дертке ұшырап... Ағам оны ауылға апарып інісінің баласы Міңгірге табыстаған екен, бауырдың аты бауыр, оқыған-тоқығаны бар Даңғұрды Міңгір малшыларына бастық етіп қойыпты.... Өзім де Міңгір інішектен соғым малымды алып қайтайын деп ауылға кетіп барамын, – деп әңгімесін қысқа қайырды.
Ерсұлтан МАҒЖАН.
ТАЛДЫҚОРҒАН.
Асыранды немере
Арғы тегі ауылда жатқан,
Қалаға кетіп, қызықты баққан,
Кіндігіне сырға таққан,
Кербезденіп, қасын қаққан,
Сөйтіп жүріп байқаусызда,
Байсыз-ақ бала тапқан,
Қызы ауылға қайтып келді,
Көрген-білгенін айтып келді.
Жетім бала жылауық,
Аузы тынбайды бір ауық.
Осылай сәби жылаған кезде,
Ана емшегін сұраған кезде,
Әжесі өзінше ән салады,
Естіген жұрт тамсанады.
«Өз баласын емізбеген,
Қолымен көже жегізбеген,
Талаптанып, талпындырып,
«Апа, апа» дегізбеген,
Анаң сенің оңбаған.
Баласына қарамаған,
Мұнша қатыгез бола ма адам!
Сен туғанда қашып кетіп,
Қайтып қайта жоламаған,
Әкең сенің оңбаған.
Қайтейін мен жетімегім,
Анық жылап, жетілерің.
Біз асырап алмағанда,
Шетелге асып кетер едің», –
Деп сөскі тығып аузына,
Әлдилеп әнге басар,
Жұбатудың қамын жасар.
Тіпті олай демес еді,
Кемпір ессіз емес еді,
Қылығына өз қызының,
Шын қынжылып, күйіп отыр.
«Жазығың жоқ жетімек» деп,
Немересін иіскелеп,
Еміреніп, сүйіп отыр.
Қайыпназар ШОТБАСОВ.
Жамбыл облысы.
Тартпасаң... тумағыр
Бүгін бұл үйіне ерте келіп, киімін ауыстырып киіп ас үйде жүр еді:
– Не іздеп жүрсің? – деген сөзден селк етіп бұрылып қарап еді, әйелі екен, сасқанынан:
– Сен үйде ме едің? Үйреншікті не жейтінім, не істейтінім жазылған қағазды іздеп жатырмын да баяғы. Қашан келіп едің? – деп жатыр.
– Зейнеткер үйде болмай қайда болушы еді?
– Не дейді! Қашаннан бері?
– Үш айдың жүзі болды.
...Ойпыр-ай-ә, өте шыққан уақыт. Жұмыс, іссапар, жиналыс, қоғамдық тапсырмамен көміліп өткен өмір... Бұған да тәубе, енді кемпір үйде: ас үйдегі әуреден құтылатын болдым. Негізі, келгеніңде тіл қатысып қауқылдасатын адамыңның болғаны қандай жақсы.
Кемпіріне көз қиығын тастап еді, мұның бары не, жоғы не, бір әлем-жәлем журналдан көз алар емес. Не деп тіл қатса екен?.. Пәлекеттердің бірінің ыңғайы келмейді... Қыз кезінде қандай еді! Ол кезде сөйлескеннен сүйіскендері көп болатын... Барып құшақтап сүйсе ме екен? Мұнысына таңырқап, есі ауысқан болар деп ойлары анық... Дегенмен, бірдеңе деу керек!
Есеңгіреп отыра бермей:
– Юрик көрінбейді ғой? – деп баласын іздеген болды.
– Үйінде шығар, – деп қалды кемпірі.
– Бөлмесінде ме?
– Өзінің үйінде...
– Қайдағы өз үйі, сабағына барып жүр ме?
– Сабағы несі, жұмысына барып жүр. Білдей бір зауыттың инженері балаң!
...Мәссаған, зымыраған уақыт, баласы мектеп емес, институтты да бітірген екен ғой!
Мұның бұл ойын ғайыптан пайда болып есік жақтауына тұра қалған кішкене қыз бала бөлді. Жанарында жас, бір нәрсеге өкпелі.
Кемпірі атып тұрып: «Күнім менің, кішкенем менің», деп айналып-толғанып жатыр.
Бұл түсінбей, кемпіріне күдікпен қарап:
– Бұл баланы қалай түсінуге болады? – деп еді, кемпірі мұны нұсқап:
– Құлыным, мынау сенің атаң! – деп еркелете алдына алып, – Бұл Юрканың баласы, зейнеткерлікке шыққалы бағып-қағудамын. Балаңның жұмыстан қолы тимейді. Қала берді үнемі іссапарда, жиналыс, қоғамдық тапсырмалардан босай алмай жүр емес пе. Баласына келмегелі де үш айдың жүзі болды. Келіннің де шаруасы шаш-етектен, тура өзіме тартқан, – деп жатыр.
Бұл болса ішінен «тартпасаң... тумағыр» деп, әке жолымен тура келе жатқан баласына риза кейіп танытты.
Коломан УГРИК.
Аударған
Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН.
Мектептегі мысқыл
Мұғалім:
– Апа, немереңіз тарихтан тағы «екілік» алды!
– Енді қайтсін, бала жүз жыл бұрын болғанды қайдан білсін.
* * *
Сабақ үстінде мұғалім:
– Егер шалбарыңның бір қалтасында 500 теңге, бір қалтасында 100 теңге тұрса не болады?
– Бұл әкемнің шалбарын киіп алғандығым болады.
* * *
Анасы баласына:
– Неге бүгін мектепке бармадың?
– Апайыма сыйлық жасадым.
– Қандай сыйлық?
– Бүгін апайдың туған күні. Шаршап жүр ғой, менен біраз демалсын дедім.
* * *
Мектеп директоры мұғалімнен:
– Сіздің оқушыларыңыз неге бір айтқандарын екі реттен қайталайды?
– Мен қайдан білейін, мен қайдан білейін?..
Суретші көзімен
Суретті салған Ғалым СМАҒҰЛ.
Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР