• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 07 Қыркүйек, 2020

Шығыстың шығысы – Шындығатай

2078 рет
көрсетілді

Шығыстың шығыстағы нүктесі – Шындығатай. Болды, одан әрі қалың жыныс, биігін бұлт шалған қожыр шыңдар. Солтүстік-шы­ғысын Ресей, оңтүстік жағын Қытай жайлаған. Тура тартсаң – шекарасы бізбен шектеспейтін Моңғолия. Каспийге дейін созылып жатқан қазақтың ұлан-ғайыр қасиетті даласы сол Шын­дығатайдан басталады.

Жаңбыр себелеп тұрғанына қара­мастан елең-алаңда Шындығатайға, Шәң­ген көліне бет түзегенбіз. Зулаған күйі Катон­қарағайдан Берелге жетіп, бауыры биік көлікке жайғасқанша, жер бетіне әлдеқа­шан жарық түскен. Берелден ары сайрап жатқан асфальт жоқ. Безілдеп қоя бере­тін қалта телефонның да үні осы жерден өшеді. Байланыс та, байланып отыратын интернет те жоқ.

Бұқтырманың бойымен заулап келе­міз. Құзар шыңдар төбеден төніп, Алтай биіктей берді. Бұлт кешіп, бауырында өссек те табиғаты тамсандырмай қой­майды. Әр пұшпағын аралап, әр биігінен төменге көз тастағың келеді.

Бөренелері таңбаланған бос үй көп

Аршатыға жете бере тізгіндегі Сы­рым:

– Халқы тәуір-ақ ұйымшыл осы ауылдың, – деді.

– Е-е-е, иә, бірлігі мықты, – деп қос­тады Алмас.

Тау жолын жақсы біледі-ау деп Сы­рым­ды алға салғанымыз жөн болыпты. Ызғытып келіп Аршаты орманшылығының алдына тоқтай қалды. Сөйтсек билет алу керек екен. Ақылы. Ерекше қорғалатын ұлттық парктің аумағы болған соң кез келген адам ойқастап жүре бермейді. Қияқ мұртты орманшы жігіт көк дәптеріне аты-жөнімізді тіркеп алды дағы, билетпен бірге «орманды өрттен сақта!» деген тілдей қағаз ұстатты. Тіркелуіміз осымен болды ма десек, Шындығатайға жеткен соң қорықшы мен заставаға барып тағы белгіленуіміз керек екен.

Сонымен қош, Аршатыны Күншығыс көшесімен жарып өтіп келеміз. «Күн­шығыс» деп дәл тауып қойыпты. Оралхан Бөкейше әзілдесек, күннің арайын бірінші көретіндер де, судың мөлдірін ішетіндер де – аршатылықтар. Әй, бірақ қазіргі заманда күннің көзінен гөрі күнкөріс көзі маңызды. Үдере көшпесе де көшіп жатыр. Бөренелері таңбаланған бос үй көп. Әдетте бұзып әкететін үйдің қанатына белгі салатын. Қара айырықтай қаңырап қалмаса етті.

Бұқтырманың сол жағалауына шықтық та қарағайлы жыныстың ішінде тұрған жалғыз үйге тоқтадық.

– Қымыз бар ма? – деп саңқ етті Сырым.

– Жоқ, – деді үйінің күйкі тірлігінен бас алмай жүрген әйел.

Биыл Катонқарағай жақта қымыз тапшы. Алыпсатарлар литрлеп емес, тонналап қалаға тасыды. Бағасы да шарықтап кеткен. Одан қала берді саумал ішушілер ұзын-сонар кезекке тұрған. Иммунитет көтермек.

Біз бір жұтым қымыз таппай жолы­мызды жалғадық. «Алтайдың төрі – таби­ғаттың төресі екен ғой» деп күбірледі Алмас. Көз қырымды салсам, тұмса таби­ғатқа терезеден телмірген күйі отыр. Ой­дым-ойдым жерден өткен көлік солқ етіп, ойыңды бөліп жібергені болмаса бәріміз қиялға ерік бергенбіз. Алдыңғы көлікте Берел қорық-мұражайына басшылық етіп жүрген Алмас Сарбасов, тарихшы Әділ Сайлаубек, жолбастаушымыз Сырым Асаинов және мен отырмын. Алдыңғы орынға жайғасып, жан-жағымды сатырлатып суретке түсіріп келемін. Кейінгі көлікте – Төлеген мен Жандос. Екеуі де құралайды көзге атқан сұр мергендер. Мергендіктерінен бұл жолы пайда жоқ. Шекара. Аю түгілі тышқан аулауға рұқсат етпейді. 

Таутекел жазығына таяғанда темір көпірден өттік. Гүрілдеп аққан өзені Ал­тай­дың сеңгір шыңдарынан Қабамен қатар­ласа басталып, Бұқтырмаға құяды. Қаба өзені Тарбағатай жазығын тіліп ағып, Мар­қакөл жаққа жылыстайды.

Көп ұзамай атшаптырымдай алаң­қайдан шыға келдік. Берел жазығына ұқсас. Қарайып қойшының қорасы көрін­ді. Онда қазір археологтер тұрып жатыр деген соң бұрылып сәлем бердік. Үй иесі жай­лауда десті. «Қыстағы мұндай болса, жайлауы қандай» дедім іштей. Архео­логтер құрақ ұшып қарсы алып, самауырға шоқ салды. Шай ішіп әңгіме тарқаттық.

– Бұл жерде 150-ден астам қорған бар. Қимақтардың, сәнбилердің, тіпті ХVIII ға­сырда жерленген қазақтардың да мазарларын байқайсың. Былтыр анау қорғаннан «уникальный» жәдігерлер табылды. Қазір Өскемендегі Өлкетану музейінде, – деді археолог Айдос Шотбай қорғанның тұсын иегімен нұсқап.

Тарихтан тартып әңгіме шертіп отыр­ғанда беткейден суыр аңқиттады. Жалт қарастық. Ірілеуі шоқиып отыр. Бір-екеуі індеріне қарай борбаңдап барады. Етек жағынан сидиған түлкі жортып өтті. Бұта-қарағанның арасында еш алаңсыз құну тіміскіленіп жүр. Бәрі көз ұшында. Бейне-бір ертегідегідей. Ертеңгі күні айтқаным дәлелді болсын деп суретке тарттым.

 

Шәңген емес, Бұқтырма

Күрті жазығына түс ауа жеттік. Жазық­тың жоғарғы жағынан төрт құлақты мазар­лар көрінді. Жанына жақындай бере бет сипадық. Саманнан соғылған сияқ­ты. Арасына тақтай салып, жымдас­тырып жинапты. Дәл мұндай зираттар Катон­қарағайдың басқа өңірінде жоқ-ау деймін. Топшылауымызша, мөлшері XVIIІ-XIX ғасырларда көтерілген.

Іркес-тіркес келе жатқан қос көліктің жүрісі барған сайын баяулай берді. Аспантастан асқан соң жазықтағы жолдың қос қапталы ит тұмсығы өтпес қалың тайгаға ұласты. Аспантасты кейбіреулер «Дембель тас» деседі. Себебін сұрасақ, шекарадағы солдаттар үйлеріне қайтқанда есімдерін жазып кеткендіктен екен. Рас, алып тастың сау жері жоқ. Шимай-шатпақ.

Жүріп келеміз, жүрісіміз өндіп бер­меді. Аршатыдан бергі елу шақырым бес жүз шақырымға пара-пардай көрінді. Бұқтырманың оң жағалауына қайта шыққан соң, Сырым жақындап қалдық дегендей саусағын шошайтты. Құзар шыңнан атқақтаған суқұламаларға қарап біз отырмыз. Осы күнге дейін ел аузында жүрген Көккөл, Арасан, Язевый сияқ­ты сарқырамаларды ғана білетінбіз. Сөйт­сек мұндағы суқұламалар да құлақ тұндырады.

Шатқалдан шыға келе қабақтың үс­тінен зас­тава ағараңдады. Көлікпен күн жүріп келген Шындығатайымыз – осы. Ал­ды­мыздан автомат асынып шық­қан сол­дат аты-жөнімізді жазып алды. Шека­ра­­дағы ережені түсіндірді. Құп алып, өзен­нің арғы бетіндегі қорықшының үйіне өттік.

Негізгі діттеген жеріміз көлдің жағасы еді. Бірақ қорықшы: «Мына жауын­да көлге көтеріле алмайсыңдар» деді. Руль­дегі жігіттер қорықшының сөзіне құлақ аспады. «Қалған үш шақырым сөз бо­лып па?!» дегендей қойшының қорасы­ның жанындағы тіктен атылып-атылып шықтық та, қия беткеймен өрлей жөнел­дік. Өрлеген сайын мотордың дау­сы ышқына түсті. Машинамыз бір-екі рет көлденеңдей сырғанаған соң «көлді көрмесек көрмейік, аманымызда осы жерде бір шайымызды қойып ішейік» дедік бірауыздан. Шопыр жігіттердің бойларында бағанағыдай қарқын жоқ. Намысқа тырысқанмен, тау қателікті кешірмейді.

– Жә, көлге таңертең жаяулатып барып қайтамыз, – деді Алмас от тұтатып жатып.

Бәрі үнсіз. Бірі заттарды жайғастырды, енді бірі қолына балта алып отын дайын­дауға кетті. Отын дегенің қызыл қарағай мұнда. Бұғының мүйізіндей қу бұтақтар. Сойдиған арамшөптердің арасынан жұрттың орны көрінеді. Ертеде ел отырған. Көккөлдегідей мұнда да қайнаған тіршілік болған. Бертінге дейін мынау жалғыз соқпақпен «скөтемпірт» Моңғолиядан Семейге мал айдайтын. Шекара сызығы бөліп тұр дегенің болмаса, Моңғолия мына тұрған жер. Бабаларымыз жайлаған Жазатыр әне жатыр.

– Негізі Жазатыр – біздің жер. Соның бәрі өзімізде қалып, Моңғолиямен шекте­сіп жатсақ, мынау тұспен даңғыл жол өтер еді?! – дейді Әділ төңіректі көзбен шолып.

– Кеткен жер кетті, осы жерімізге ие болып алайық, – деген Алмас мосының астын көсеп-көсеп жіберді.

Сырым лаулап жанған отқа қазан қойып, бір-екі жілік сүр етті сүңгітіп жі­бер­­ді. Өзен жағалап жүрген жігіттер әп-сәтте он шақты «хариусты» суырып алды. Қар­нымыз тоқ.

Көз байлана шекарада шырт ұйқыға кетіп, таң қылаң бере ояндық. Айналаны қалың тұман басыпты. Тау арасы болған соң ба, түн тоңдырмады. Әйтпесе Алтайға күз ерте түседі. Шатырдан шыға сала өзен­­нің тас­тай суына беті-қолымызды жудық. Таудың тәтті шайынан қанып іштік. Жолсоқты болып қалғандікі ме, көлге кө­терілуге ешкімнің құлқы жоқ секілді. «Ете­гінен елге қайтқан дұрыс болмас, не де болса көріп қайтайық» дедім. Алмас пен Әділ орындарынан еріне тұрды. Жаяу­латып жарты сағатта беткейдің биі­гіне көте­рілдік. Тоқымдай жердегі тоқ­сан түрлі шөп тынысыңды ашады. Бала кү­німізде деймін, Шәңгенді жалғыз тас ұстап тұр дегенді жиі еститінбіз. Тас жылжып кетсе, талай ауылды су шаяды екен деп үрей­ленетінбіз.

Алдымыздан мөлдіреп көл көрінді. Тау басындамыз. Тұрған жеріміздің биіктігі теңіз деңгейінен – 2064 метр. Көлдің арғы басына дейін жеті шақырым. Жағалауы – ну орман. Көлге толған су жалғыз шүмек­тен төменге құлай ағады. Көлдің негізгі атауы – Бұқтырма. Ал «Шәңген» деп орыстың өлкетанушысы – Шангин Петр Ивановичтің атымен аталып кеткен.

Көлді көрдік, көңіл тоқ. Енді ауылға қайтуға болады. Жолдың да ой-шұңқырын біліп қалдық деп желмаядай бүлкілдеп келе жатқанымыз сол, алдымыздан қорық­шының «Уазигі» шықты. «Өте алмайсыңдар, Опасныйда тас құлапты» деді жүр­гізушісі дауыстап. Зәреміз зәр түбіне кетті. Ертең жұмыс. Мына қуыста қамалып жататын жайымыз жоқ. Құлаған тасты алып тастаймыз деп алған беттен қайтпадық. Қорықшы бірге ілесті. Бес-алты тас па десек, кәдімгі шағыл егіліп түскен. Құдай сақтасын, домалап келіп самауырдай тас көлігіңнің бүйірінен соқса, буырқанған Бұқтырмаға топ еткізеді. Тіл тартып үлгермейсің. Сол үшін де дәл осы тұс «Опасный» деп аталса керек. Қазақшаласақ – қауіпті аймақ. «Көз – қорқақ, қол – батыр». Жолды тастан таза­лауға кірісіп кеттік. Қырып-жонып тазаламасақ та дөңгелектің астындағы тастарды жылжытып тастадық та тоқтаусыз ауылға тарттық.

 

Шығыс Қазақстан облысы