Таяуда Швейцарияның Ньон қаласында футзалдан 2022 жылы Нидерландтың Амстердам мен Гронинген қалаларында өтуге тиіс Еуропа чемпионатының жолдамалары сарапқа салынатын іріктеу турнирінің жеребесі тартылғаны жайында біз бұған дейін де хабарлағанбыз.
Алдағы іріктеу турнирі мынадай форматта өтеді: 32 елдің өрендері төрт-төрттен сегіз топқа бөлініп, «үйде» және «түзде» жүйесі бойынша өзара шеберлік байқасады. Әр топта көш бастаған ұлттық құрамалар қарт құрлықтың басты жарысының жолдамасына бірден иелік етеді. Екінші орын алғандар арасында ең көп ұпай жиған алты команда да дәл сондай құрметке бөленеді. Қызғалдақтар еліне сапар шегетін тағы бір команда қосымша кездесу арқылы анықталады. Оған жарыс қожайындары – Нидерландты қосыңыздар. Барлығы – 16 команда!
Іріктеу бәсекелері үстіміздегі жылдың қараша айында басталып, келесі жылдың көктеміне дейін созылады. Ал Еуропа чемпионатының өзі 2022 жылдың 19 қыркүйегі мен 6 ақпаны аралығында өтеді. Амстердамдағы ойындарды 17 000 адамды сыйдыратын «Ziggo Dome» және Гронингендегі матчтарды 4 500 көрерменге есептелген «MartiniPlaza» ареналары қабылдайды.
Қазақстанның футзалшылары 5 топқа түсті. Әзірге екі қарсыласымыз белгілі. Олар – Мажарстан мен Беларусь. Бұл топта өнер көрсететін тағы бір команда Израиль мен Кипр арасындағы кездесуден кейін анықталады. Қай жеңгені іріктеу сынына қатысады. Осы төрттіктің арасында Қазақстан құрамасы басты фаворит екені еш дау туғызбаса керек. Өйткені жерлестеріміз осы күнге дейін Еуропа чемпионатына екі мәрте ғана қатысқанына қарамастан, екі ретінде де үздіктер қатарынан көрінді. Нақтылап айтсақ, 2016 жылы Сербияда өткен доп додасында қола медальды иелендік. Топтық турнирден іркілмей өткен соң ширек финалда Италиядан (5:2) басым түстік. Жартылай финалда Испанияға (3:5) есе жіберсек, үшінші орын үшін тартыста алаң иелерінен (5:2) айламызды асырдық. Ал 2018 жылы Словенияда ұйымдастырылған жарыста төртінші орынға табан тіредік. Сол турнирде өз тобымызда көш бастап, плей-офф сайысының алғашқы ойынында Сербияны (3:1) сан соқтырғанымызбен, жартылай финалда Испанияға (5:5, пенальтиден – 1:3) жол бердік. Қола медаль үшін кездесуде Ресейден (0:1) ұтылдық. Оның сыртында Қазақстан футзалшыларының Азия біріншілігінде екі мәрте (1999 жылы – қола, 2000 жылы – күміс) жеңіс тұғырына көтеріліп, 2016 жылы әлемдік доданың плей-офф сайысында өнер көрсеткені тағы бар.
Ал қарсыластарымыздың қауқары қандай? Енді осы сауалға тұщымды жауап іздеп көрейік. Өз тарихында Беларусь құрамасы Еуропа чемпионатында бір рет қана бақ сынады. 2010 жылы Мажарстанда жалауы желбіреген жарыста Испаниядан ұтылып, Португалиямен тең ойнады. Доп айырмашылығы – 6:14. Өз тобында соңғы орында қалып қойған олар плей-оффқа шыға алмады. Ал әлем чемпионатына белоруссиялықтар мүлде қатысқан емес.
2017 жылы Беларусь өкілдерінің Қазақ елі өрендерімен екі мәрте жолы қиысқанын жанкүйерлердің есінде болар. Алматыда өткен сол жолдастық кездесулердің алғашқысында алаң иелері 0:1 есебімен есе жіберген еді. Есесіне қарымта бәсекеде жерлестеріміздің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ. Есеп – 3:0.
Мажарстан құрамасы қарт құрлықтың басты додасына үш мәрте қатысты. Үшеуінде де сәтсіз өнер көрсетіп, плей-офф додасының жолдамасынан қағылды. Мәселен, 2005 жылы Италия (0:5), Испания (2:4) және Португалиямен (3:5) бір топқа түсіп, аталған командалардың барлығынан да жеңілді. 2010 жылы Әзербайжан (1:3) мен Чехиядан (5:6) ұтылды. 2016 жылы Испания (2:5) мен Украинаға (3:6) қарсылық көрсетіп жарытқан жоқ.
Сөз орайы келгенде, 1989 жылы Нидерландта ұйымдастырылған тұңғыш әлем чемпионатында күш сынасу құрметіне ие болған мажарстандықтар сол жарыста көпшіліктің қошеметіне бөленгенін айта кетуге тиіспіз. Топтық турнирдің тұсаукесер кездесуінде олар әйгілі Бразилиядан (3:2) басым түсті. Бұл ешкім күтпеген нәтиже еді. Келесі матчта атақты Испанияға (3:5) жол бергенімен, одан кейін Сауд Арабиясының (11:2) тас-талқанын шығарды. Бұл осы турнир барысында тіркелген ең ірі есеп еді. Әлемдік доп додасының екінші кезеңінде Мажарстан футзалшылары Нидерланд (3:3) және Бельгиямен (2:2) тең түскенімен, Италиядан (1:3) ұтылды. Осылайша олар жарыс жолынан шығып қалды.
Ал Израиль мен Кипр құрамалары осыған дейін футзалдан өткен жарыстардың бірде-біреуінде ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізе алған жоқ. Олар не әлемдік, не құрлықтық біріншіліктерге қатыспаған. Сол себепті де біздің топқа қайсысы түссе де, олардың жерлестерімізге жарытып қарсылық көрсете алмайтыны анық.
Іріктеу кезеңінің топтық турнирінде өнер көрсететін командалар
1 топ: Сан-Марино/Дания, Хорватия, Албания, Украина
2 топ: Болгария/Армения, Франция, Грузия, Ресей
3 топ: Түркия/Грекия, Әзербайжан, Словакия, Молдова
4 топ: Англия/Солтүстік Македония, Румыния, Сербия, Босния мен Герцеговина
5 топ: Израиль/Кипр, Қазақстан, Мажарстан, Беларусь
6 топ: Швейцария/Германия, Испания, Латвия, Словения
7 топ: Черногория/Литва, Италия, Бельгия, Финляндия
8 топ: Польша, Португалия (чемпион), Норвегия, Чехия