Алматы Орталық мешітінде "Батыр ана", "Құрмет" орденінің иегері, ел анасына айналған Бибіжамал қажы Аблазимованы еске алуға арналған қайырымдылық шара өтті, деп жазады Egemen.kz
Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай, Алматы қаласы мешіттерінің имамдары, "Ықылас-2050" қайырымдылық қоры және еріктілер қатысты.
Бұл игі шара аясында еліміздегі мұқтаж отбасыларға қамқорлық жасалып, соның ішінде Алматы қаласы бойынша 500 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, он баланы өмірге әкелген "Батыр ана", "Құрмет" орденінің иегері, жақсылыққа жаны құмар Жамал апаның ел үшін істіген сауапты амалдарын еске алып, жылы лебізін білдірді. Сөз соңында жомарат анаға дұға бағыштап, рухы пейіште шалқысын деп тілек тіледі.
Қаланың бас имамы Жамал апаның ғибратты ғұмырынан сыр шершетін бүктемелер салынған азық-түлік себеттерін мұқтаж отбасылардың үйлеріне барып өз қолымен табыстады. Қайырымдылық себеттері мұқтаж жандардың үйіне имамдар мен еріктілердің көмегімен арнайы көліктерде жеткізіп берілді.