Оның машинасында атылған құстар болған, ал мылтықтың үшеуі де тіркелмеген болып шықты. Машина иесінің өзі алкогольдік ішімдікті де біршама тартқандығы анық көрінген. Табиғат қорғау полициясының назарын аударып, оны тоқтатуға мәжбүрлеген де сол себеп екен: ол LADA Granta машинасын ерсілі-қарсылы теңселтіп бара жатқан...
Күзгі аңшылық маусымы 5 қыркүйекте ашылды. Осы мезетті асыға күткендер қазір жаппай аңға шығып жатыр. Солтүстік Қазақстан облыстық ПД табиғат қорғау бөлінісі де бұл кезде күшейтілген режімде жұмыс істеуге көшеді. Өйткені, аңшылыққа рұқсат берілді екен деп ешқандай рұқсат қағазсыз көзді жұмып мылтықты тарсылдата беретіндер көп. Ондайлардың тағы бір сүйікті ісі – ашық табиғат аясында бөтелкелерді босату. Ал ондай көңілді отырыстардың аяғы қауіпті қылықтарға ұласып жатады. Оның үстіне бәрінің де қолдарында мылтық болған соң жағдай тіпті күрделене түседі.
Жоғары аталған LADA Granta автомашинасы да дәл осы күні ұсталды. Мамлют аудандық полиция бөлімінің инспекторы Рашид Валиев пен аудандық аңшылық қоғамының егері екеуі кезекшілікте жүріп оны тоқтатқан. 33 жасар жүргізушінің мылтықтарға иелік ету, тіркелу, сондай-ақ аңшылыққа рұқсат қағазы болмаған. Машинадан мылтықтармен бірге 18 оқ алынған. Қазір оның үстінен үш әкімшілік хаттама толтырылып, ісі сотқа жіберілді. Мылтықтар заңсыз болғандықтан тәркіленген.
Табиғат қорғау полициясына аңшылық маусымы басталған осы сәттен дамыл жоқ. 5 қыркүйектен бастап жыл құстарын атуға рұқсат берілсе, одан әрі құрларды, бұландарды, қабандарды, еліктерді атуға да рұқсат беріледі. Ал қараша айынан бастап түлкі, қарсақ, қоян аулауға да рұқсат. Аңға құмар жандар осы кезді жібермеуге тырысады. Бірақ бәрі бірдей аңшы куәлігі, төленген госпошлинаның түбіртегі, аң шаруашылығынан жолдамасы қолдарында болуы керектігін біле бермейді. Кейбіреуі білсе де, сондай құжаттарды алып жүруге мойындары жар бермейді.
Жалпы табиғат қорғау саласындағы қылмыстардың, бұзушылықтардың алдын алу СҚО ПД үнемі назарында. Жыл басынан бері "Браконьер", "Таза Қазақстан" жедел-профилактикалық шаралары жүргізілген. Соңғы сегіз айда осы сала бойынша 655 құқық бұзушылық белгілі болды. Оның ішінде 393 аң-құс, 245 балық аулау және 11 өсімдік әлемі бойынша анықталды. Осы бұзушылықтар бойынша жыл басынан бері 22 қылмыстық іс қозғалды. Қазақ ежелден аң-құсты жаппай қыруға, жерді күйдіруге, тіпті өсіп тұрған шөпті жапыруға рұқсат бермейтін халық. Ата-бабамыз аялаған табиғатты бүгінгі ұрпақ та күту керек екендігі абзал борышымыз.