Ауыл десе көз алдымызға қазаны қайнаған, май-шелпегі, құрт-майы үзілмеген көрініс келуші еді. Өкінішке қарай, ата-әжелердің ізін жалғайтын бүгінгі ұрпақ дайын өнімге құмартып кетті. Ақсаусақ жандарды көргенде еріксіз ой қамалайды. Сондай тамаша көрініс пен табиғи өнімнің арасы ажырап бара жатқандай.
Әлбетте сар даланы бойлай Сарықұдыққа жол тартсаң, мұрныңа келген көк шөп пен мал қиының көңірсіген иісі де қазақы елден хабар береді. Біздің барлық ойымызды осы ауылдың тындырымды тірлігі сейілткендей болды. Ауылдың берекесін кіргізіп отырған да қорадағы осы көңірсіген қи иісі. Ауыл халқы төрт түліктің тұяғын тең ұстап, пайдасын көруде. Мал өнімін ысырап қылмай, пайдаға асыру бүгінгі басты міндеті болып отыр.
Дулат пен Әлия Ниетқабыловтар 5 жылдан бері құрт бизнесін дөңгелетуде. Тағамдық құндылығы өте жоғары ауылдың «Рафаэллосы» деп осыны айт. Бұл жас отбасы айтарлықтай үлкен цех ашпаса да қорасындағы жиырма шақты сиырын сауып, айран ұйытып, сүзбе сүзіп, сары майын жинап, нәпақаларын тауып жүр. Небәрі 20 жастарында отау құрған Дулат пен Әлия 14 жыл ата-аналарымен бірге тұрды. Жаңажолдық Әлия жас болса да үй шаруасын ширатып, «ене институтынан» тәлім алған. Ал үйдің кенжесі Дулат әкесі Сағынгерейдің шаруашылығын жалғастырып, ағаларымен бірге ерінбей еңбек етті. Сөйтіп екі жас Сағынгерей әкесі мен Нұржамал ананың ақ батасымен өз алдына отау тігіп, бөлек шығады. Алақандай ауылдың орталығынан қаладағыдай ауласы атшаптырым зәулім үй тұрғызды. Зәулім үй оңай ақшамен емес, маңдай термен, адал еңбекпен салынды. Яғни, мақаламызды «40 мың құртқа «салынған» баспана» деп атауымыздың да себебі осында жатыр.
Қора-қора мал болмаса да қолдағы барды бағалап, маңдай терімен бақыттың кілтін тапқан еңбекқор жандар, күніне 300-400 құрт жасайтын Ниетқабыловтарды қазақы өнімнің нағыз «қожайыны» дерсіз! Мұның сыртында сүт өнімдерінен май, қаймақ, ірімшік жасалады.
– Жолдасым екеуміз таңғы сағат 5-те тұрамыз. 20 сиырды сауып біткенше біраз уақыт болады. Содан малды өріске жіберіп, сүт пісіріп, құрттың қамына кірісемін. Құрт жасау оңай шаруа емес, тынбайтын еңбекті талап етеді. Құрт жасап шығару үшін алдымен сүзбе дайындалады. Оны дайындау үшін сүтті пісіріп аламын. Одан кейін айран етіп ұйытып, күбіде пісемін. Бетіне қалқып шыққан майды алып, кейін оны қазанға қатты ысытамыз да қалтаға құйып қоямыз. Құрт жасау процесі күнбе-күн дəл солай қайталанады, – деді қайнаған тірліктің ортасында жүрген Әлия.
Әлияның Дулаттай азаматы, 6 перзенті бар. Сондықтан да болар, өздері армандаған үйге 6 айдың ішінде қол жеткізді. Күндіз-түні тынбай еңбек еткеннің арқасында мол табысқа кенелді. Төрт түліктің қыр-сырын меңгерген Дулат уақытының көбін қорасында өткізеді. Ата-кәсібімізді жалғап, қорасын малға, үйін аққа толтырған оны әңгімеге тарттық.
– Аталарымыз қасиетті төрт түлік мал бағып, өздерінің адал астарын тапқан адамдар. Ақша табамын деген жанға жұмыс көп. Маңыздысы – ниет пен ынта. Өзім әкемнің шаруа қожалығында жұмыс істеймін. Бүгінде шаруашылық алға жылжып келеді. Біраз жыл ата-анаммен бірге тұрдым. Сол сәтте қосымша табыс көзі қажет болды. Басты мақсат ұлттық өнімімізді дамыту еді. Құрттан табыс тауып келе жатқанымызға бес жылдан асты. Қазір қолдан арнайы қондырғы жасадым. Балаларымыз да бізге қолғабыс етуге тырысады. Өмір бойғы еңбектен жинақтаған тәжірибемді балаларымның қабыл алғаны қуантады. Қазіргі таңда бастаған ісіміз үлкен кәсіпке айналып келе жатыр. Болашақта Қытайға аппаратқа тапсырыс беріп, кәсібімізді одан әрі дамыту ойымызда бар. Жұмыс көктем уақытында қайнайды. Сүт көбірек шыққан сайын құрт та көбейеді. Сол уақытта қып-қызыл жұмыс болса, одан кейін саябырлайды. Айына тек құрттың өзінен 200 мың теңге табыс тауып, түскен қаржыны құрылыс материалдарына жұмсап отырдық. Бір айда 5 мың құрт Орал қаласына жіберіледі. Басқа қалаларға да тарату ойымызда бар, – деп жоспарымен бөлісті Дулат.
Терлеп тапқан табысқа еш нәрсе жетпейтіні анық. Ниетқабыловтардың бұл ісі – ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келетіндерге үлгі. Қазақтың сол баяғы жомарт мінезі мен қонақжай қалпы Дулат пен Әлияның бойынан жоғала қоймаған.
Жұлдыз АСҚАР
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы