Еліміздегі пандемия кезінде адамдар бір-біріне бауырмалдық танытып, көмек қолын созып жатқаны көңіл қуантады. Қысылтаяң кезде тығырықтан өзара жол тауып шығудың өзі ауызбіршіліктің белгісі. Індет іргеге келгенде береке-бірлігі бекем аудандар қор ашып, түскен қаржыға дәрі-дәрмек, медициналық құрал-жабдықтар сатып алып жатты.
Әсіресе Тарбағатай ауданының жұдырықтай жұмылған халқы көпке үлгі болды. Аудан тұрғындары өздері шот ашып, 5 млн теңгеге жуық қаржы жинаған. Ортақ қазанға түскен қаржыны науқастар мен дәрігерлердің қажеттіліктеріне жұмсаған. Індетпен күрес мақсатында ашылған қорға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ақша аударған. Тіпті 1-сынып оқушысы қалтасындағы 645 теңгесін ата-анасына айтып, көмек ретінде қорға салған. Ал АҚШ-та оқып жүрген тарбағатайлық Толғанай Сейітқазина ауылына алаңдап, 112 мың теңге аударып жіберген. Қаржыны әркім әл-ауқатына қарай қосты. Жарты әлемді жайлаған індетпен күресу мақсатында халық денсаулығы, жақындарының өмірі үшін ешкім тартынып қалған жоқ.
Медициналық құрал-жабдық, дәрі-дәрмек болмаса, дәрігердің дәрменсіз екенін байқаған жұрт уақыт оздырмай осылайша өздіктерінен шешім қабылдаған. Оның үстіне күнделікті жарияланып отырған тізімдегі өлім-жітімнің артуы елдің үрейін ұшырған еді.
– Ауру барын біле тұра арқаны кеңге салып жүрдік. Бұл – шындық. Аты жаман дертке тамыр-таныстар шалдығып, облыстан шыға бастағанда ғана елең еттік. Медициналық құралдардың жеткіліксіз екенін байқап, топ құрдық. Қаржы жинадық. Бар ойымыз – дертпен күресуге тамшыдай болсын үлес қосу еді, – дейді қоғам белсендісі Ермек Құрманғали.
Жанашыр азаматтар індетпен күреске үлкен үлес қоса білді. Қорға қаржы жинаған тарбағатайлық жомарт жандар өкпені желдететін аппараттың 10 данасын сатып алды. Дем жетпей қиналып жатқан науқастар үшін ең керегі осы аппарат еді. Сондай-ақ бастарын қауіпке тігіп, күн-түн демей адам өміріне араша түсіп жүрген дәрігерлерді қорғаныс костюмдерімен қамтыды. Бетперде, антисептик сынды күнделікті қажетті заттар да жеткізілді.
Әлемді әбігерге салған пандемия кезінде Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлер де жұдырықтай жұмылып, жомарттық танытқаны белгілі. Ірі қазақстандық «Bi Group» құрылыс компаниясы да медицина мекемелеріне көмек көрсеткен. Коронавирус инфекциясына қарсы күресу жолында «Aitas KZ» АҚ компаниясы медициналық құрылғылар мен препараттар үшін денсаулық сақтау мекемелеріне көмек ретінде 200 млн теңге бөлгенін де ауыз толтырып айтуға болады.
Өзге де кәсіпкерлер «Халифа Алтай» мешіті арқылы мыңдаған жанға көмек қолын созды. Облыстық мешіт пен Зекет қоры қызметкерлері жаздай ауруханада жатқан науқастарға қымыз бен азық-түлік таратып отырды.
Қазір облыстағы жағдай оңалып келеді. Соңғы дерек бойынша, Шығыс Қазақстанда 11 науқас тіркелген. Оның алтауы – Семейде, екеуі – Риддерде. Сондай-ақ Курчатовта екі жағдай анықталған. Ал облыс орталығы мен Глубокое ауданында бір-бірден. Десе де тиісті сақтық шаралары жалғасын таба бермек.
Шығыс Қазақстан облысы