Көрмедегі құнды деректерге толы көне кітаптарға көпшіліктің назары ауды. Тым-тым ертеде шыққан жауһар кітаптар С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті кітапханасының сирек қорында сақтаулы. Сирек қордағы 63 ұлттың әліппесі де көрмеде көрініс тапқан.
Университет қабырғасында өткен «Әліппеден басталған, даналықтың данасы» атты іс-шара аясында Абай ғылыми зерттеу институты және цифрлы педагогика кабинеті ресми түрде ашылды. Білім күніне орайластырылған салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат та келіп қатысты.
«Қара сөздерді» қарапайым тілмен түсіндіреді
Абайтанушы ғалымдар ұзақ жылдар бойы Абайдың шығармаларын зерттеп, көптеген әдістемелік әдебиеттер жазған.
Облыстық білім басқармасы Шығыс өңірлік орталығымен бірлесе отырып, мектептерге абайтануды 5-8 сыныптарға арналған, вариативті пән ретінде енгізді. Соған орай университет ғалымдары аймақтық оқу бағдарламасын құрастырып шыққан. Абайтану курсы бойынша мұғалім кітабы да қолданысқа берілді. Бұл бағдарламаларды кез келген ұстаз облыстық Білім басқармасының сайтынан жүктеп, пайдалана алады.
– Лентасы қиылған орталығымыз бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық болуды үйретеді. Абайдың «Қара сөздерін» қарапайым тілмен баланың санасына сіңіреді. Үлкен бөлме көрнекі ақпарат құралдарымен жабдықталып, хакім Абайды зерттеген ғалымдардың еңбектерімен толықты. «Абайдың толық адам ілімін» жазған Мекемтас Мырзахметұлының еңбегін арнайы алдырдық. Орыс тіліндегі еңбектер де бар. Мысалы, абайтанушы жерлесіміз Е.И.Григорьевтің «Адам бол» атты еңбегін студенттер, магистранттар пайдалана алады, – дейді ғылыми зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева.
Осы тұста абайтанушы-ғалым Айжан Қартаева республикада тұңғыш рет Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту жөніндегі оқу құралын жазып шыққанын атап өткен орынды.
Абайдың тойы Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де атаусыз қалып жатқан жоқ. Ғұламаның құрметіне орай Польшада пошта маркасы шығарылғанынан хабардармыз. Ал былтыр бұл мемлекетте Абай орталығы жұмысын бастаған.
Сонымен қатар университет қабырғасында цифрлы педагогикалық зертхана да ресми түрде жұмысын бастады. Мұндағы ғалымдар оқушылардың онлайн оқуы үшін оңтайлы бағдарламалар жасауды қолға алған.
63 ұлттың әліппесі сақталған
Абай институтымен танысқан соң қонақтар көрме залына өткен. Мұнда сонау заманғы әзербайжан, тәжік, татар, ұйғыр сынды түркі тілдес ұлттардың әліппелері жинақталыпты.
Әліппе десе, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі еске түседі. Ол 1910 жылы әліппе жазумен қатар қазақ графикасын жасауға да кіріскен. Араб әріптерін қазақ фонетикасына икемдеп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырған. Сөйтіп алғашқы әліппе 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Кітаптың алғашқы бетіне «Балалар, бұл жол басы даналыққа...» деп авторлық өлеңін кірістірген.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та былтырғы тамыз конференциясында «Біз әуелі елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп Ахмет Байтұрсынұлының сөзін мысалға алған. Содан бері біршама өзгерістер енгізілді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те әліппе қайтарылатынын мәлімдеді.
Сөрелерде қаз-қатар тізілген әліппелердің ішінен құмықтардыкін де парақтап көрдік. Кавказдағы құмық халқы жер бетінен азайып бара жатқанымен, әліппесі осы күнге дейін сақталғаны таңдандырды.
Сан ұлттың әліппесін көздің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізген шығысқазақстандық – Федор Голованов еді. 1921 жылы туып, елу бес-ақ жасында өмірден өткен ұстаздың еңбегі орасан. 1964 жылы қаламұш пен сия сауытты қолданатын каллиграфиялық жүйенің орнына шарикті қаламмен жазуды енгізген де Ф.Г.Голованов еді. Ол қаламсаптың зияны жоқтығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, Кеңес Одағын түгелдей дерлік шарикті қаламсапқа көшірген. Осыдан кейін ол педагогика ғылымдарының кандидаты атанған. Қазіргі таңда талантты педагогтің әліппелер коллекциясы университеттің сирек қорында сақтаулы. Кітапхана директоры Феризат Күзембайқызының айтуынша, әліппелер цифрландырылып, ғаламторға жүктеліп қойған.
Сондай-ақ университеттің сирек қорында өзге өңірлерде кездесе бермейтін 9 мың дана кітап бар. Жауһар туындылар қазақтың тарихына, қазақтың жеріне қатысты болған соң да жинақталған.
Көрмеден Каспидегі балықшылық туралы альбомды, Сібірдің тыныс-тіршілігі бейнеленген суреттер кітабын, 1702 жылы ағайынды Ремезневтердің Қазақстанға шекаралас жерлерді қаламмен сызған картасын көруге болады. Бір ерекшелігі, бұлардың барлығы қайталанбас түпнұсқа дүниелер. Көбі осы университеттің кітапханасынан ғана табылады. Қызықтай келе осыншама қазына қайдан келді дейміз ғой.
– Бұрындары оқу-орнымыз Педагогикалық институт болып тұрған кезде Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада профессор, тарихшы А.Аликсеенко ғылыми жұмысын жазған екен. Сонда дублет кітаптарды бөліп жатқанын көріп қалып, шығыста педагогикалық оқу орны ашылып жатқанын айтады. Құнды кітаптарға «құда» түседі. Сөйтіп пединституттың ректоры Юлмаш Кәрімов пен кітапханашы Людмила Алексеевна Ленинградтан тоғыз мың кітапты іріктеп алып келген, – деп түсіндірді Феризат Күзембайқызы.
Асыл қазынаға бай оқу ордасы үлкен институт ашып, жас ұрпаққа Абайдың ілімін дәріптеуді қолға алған. Сондай-ақ бірінші сыныпқа барған оқушы үшін әу бастағы әліппенің маңызы зор екеніне мән беріп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы