Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Премьер-Министрдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ұсынған Жалпыұлттық жоспар (ЖҰЖ) Мемлекет басшысы белгілеген негізгі бағыттар бойынша 143 тармақтан тұрады, оның ішінде "мемлекеттік басқарудың жаңа моделі" – 10 тармақ, "жаңа жағдайдағы экономикалық даму" – 42 тармақ, "теңгерімді аумақтық даму" – 2 тармақ, "азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық" – 10 тармақ, "қолжетімді және сапалы білім беру" – 16 тармақ, "денсаулық сақтау жүйесін дамыту" – 10 тармақ, "экология және биоалуантүрлілікті қорғау" – 8 тармақ, "азаматтардың мүдделерін қорғаудағы әділетті мемлекет" – 30 тармақ, "цифрландыру – барлық реформалардың базалық элементі" – 8 тармақ, "мемлекетті басқаруға азаматтық қатысу" – 7 тармақ.
Премьер-Министр Үкіметтің басты міндеті халықтың әл-ауқатын арттыру, экономиканы дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құру екенін атап өтті. Бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінде ұлттық басымдықтар қамтамасыз етіледі және бюджеттен тыс қорлардың қаражатын ескере отырып, "кеңейтілген бюджет" енгізіледі. Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үйге қолжетімділікті кеңейту, қолайлы отбасылық-демографиялық жағдайлар жасау, экологияны, білім беру сапасын жақсарту, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылданады.
"Бүгін таныстырылған Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге сай келеді. Президент жоспарды бекіткеннен кейін барлық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оны дереу орындауға кірісуі тиіс", — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары жоспар іс-шараларының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті. "Бізден жеделдік пен нақты нәтиже талап етіледі", — деп түйіндеді А. Мамин.