• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 10 Қыркүйек, 2020

«НКВД» мөрі

1556 рет
көрсетілді

Тарбағатай тау сілемдерінің Қытай шекарасына таяу тұсындағы Қарабас және Ақберлі тауларында тасқа орнатылған түйме пішіндес шойын геодезиялық белгі бар. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерінің айтуынша, бұл НКВД-ның мөрі.

Тарихи белгі биіктігі бір метрдей төрт бұрышты цементке орнатылған. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту маманы Әсем Көбенованың айтқан дерек­теріне сүйенсек, мөрде «ГУГСК НКВД СССР 1938» деген жазу бар. Тар­қатып айтсақ, «главное управление гео­дезической съемки и картографии». Яғни 1938 жылдары ішкі істер ха­лық комиссариатының құрамына кір­ген геодезиялық түсірілім мен картографияның басқармасы ұйымының белгісі. Демек, осы тұс­тар­ды картаға түсірген соң белгі қойған.

Ал атауының өзі үрейіңді ұшыратын НКВД 1934-1943 жылдары КСРО-ның қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша басқару органы болған.

Сол уақыттағы геодезиялық түсірі­лім мен картография басқармасының ең маңызды жетістіктерінің бірі – 1937 жылы әлемдегі үлкен кеңес атла­сының бірінші томының басылып шыққаны еді. Картада ХХ ғасырдың басындағы жердің топографиялық зерттелу деңгейін көрсетіп, әлемнің физикалық, экономикалық және саяси географиясын қамтыған.

Тағы бір ерекшелігі, атластың аналогтары болмапты. Басылым осы жұмыс үшін Париждегі Халықаралық көр­меде бас жүлдені жеңіп алған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі КСРО-ның ең ірі және ғылыми картографиялық жұмысы еді. Араға үш жыл салып, 1940 жылы атластың екінші томы жарыққа шыққан. Ол картада КСРО-ның жекелеген респуб­ликаларына, аумақтары мен облыс­тарына жалпы географиялық шолу жасалған. Сонымен қатар Азаматтық соғыс тарихы да атласқа кірген. Кейін жер-жерді аудандастыру үшін пайдаланылатын саяси-әкімшілік, физика-гео­графиялық және экономикалық карталардың 52 түрі шығарылған екен.

Тау-тасы тарихқа толы Тарбағатай тау­ларының айтылмаған, қағаз бетіне түспеген құнды деректері көп сияқты. Кішкентай мөрдің өзін зерттеймін деген тарихшыларға үлкен тақырып па дейміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы