• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қыркүйек, 2020

Аягөзде медицинаның мүмкіндігі артты

385 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында: «Тағы бір мәселе – медициналық инфрақұрылымды дамыту. Жыл соңына дейін еліміздің аймақ­тарында 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынады. Ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 за­ма­науи көпсалалы нысан пайдалануға бе­ріледі...

Ұлт денсаулығын сақтауды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медициналық ұйым­дарды қажетті жабдықтармен толық жабдықтауға, төсек қорын 50% -ға жаңартуға, ескірген ин­фрақұрылымды ауыстыруға және өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Жолдаудың бұл бағыты аясында Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ бүгінде аудан тұрғындары арасында медициналық көмектің сапасына көңілі толып, дəрігерлердің жұмысына қанағаттанатын нау­қастар қатары өскен. Бұл аудандағы тиісті медициналық қыз­мет көр­сету базасының нығайғанын көр­сетсе керек.

2018 жылы «Медициналық-инновациялық технология» ЖШС, «Парыз» қоғамдық қоры және Аягөз орталық аудандық аурухана арасында 639 млн 652 мың теңгеге үшжақты келісімшарт жа­салып, компьютерлік томография, жасанды демалдыратын аппарат, УЗИ және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ екінші дең­гейлі инсульт орталығы ашылған болатын. Өз кезегінде бұл инсульт орталығында қазір аудан халқы ғана  емес, сонымен қа­тар көршілес Үржар, Жарма аудандары­ның тұрғындары да ем-дом қабылдауда. Осылайша Аягөз орталық аудан­дық ауруханасын бүгінде «аудан­аралық» мекеме деуге болады.

Былтыр ауданда жаңадан үшін­ші деңгейдегі медициналық көмек көрсететін перинатальдық орталық ашылған еді.

Ал биыл ауруханада заманауи, соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған ангиография бөлімі ашылды. Айту керек, «Ангиография» – жүрек, қан тамырлары ауруларын диаг­ностикалаудың, емдеудің құрамдас бөлігі. Коронарлық ангиография көмегімен жүректің стенокардия, инфаркт, аортаның тарылуы, тағы басқа ауруларды диагностикалауға, емдеуге болады.

Биыл орталық емханаға 200 млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жақында Аягөз ауданаралық ауруханасындағы оң өзгерістерді Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, облыс әкімі Даниал Ахметов келіп көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанов «Triage» жүйесі бойынша жұмыс істейтін қабылдау бөлімін, ком­пьютерлік томография, жаңадан ашылған ангиография және перзентхана бөлімдерін көрсетіп, жұ­мыс барысымен таныстырды. Өз кезегінде Үкімет басшысы инсульт орталығында, перзентханада және жаңадан ашылған ангиографиялық бөлімде жасалған сапалы жөндеу жұмыстарына және медицина қыз­меткерлерінің жұмысына жо­ғары баға берді. Ал дәрігерлер қауымы шетелдерде білімдерін же­тілдіріп, осындай жоғарғы тех­нологиялық бөлімдерде жұ­мыс істеуге мүмкіндік берген Үкі­мет­ке, облыс, аудан басшыларына ризалықтарын айтып, аудан тұр­ғындарының денсаулығын қорғауға бар білімі мен күш-жігер­лерін аянбай жұмсауға уәде берді.

 

Думан АРҒЫНГЕЛДІ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Аягөз ауданы