Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова мен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қызылорда облысына сапармен келді.
Сенатор мен вице-министр алдымен Жалағаш аудандық ауруханасы құрылысымен, аудандық емхана жұмысымен танысты. Аудандағы 33 мыңнан астам тұрғынға орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік, 3 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Мұнда коронавирус індетіне қарсы күреске 182 медицина қызметкері жұмылдырылып, оларға 65,6 млн теңге үстемеақы төленген. Аудан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 113 жағдай тіркелген, олардың 111-і жазылып шықты.
Сапар аясында Қармақшы ауданы Төретам кентіндегі №80, Байқоңыр қаласындағы №272 орта мектептерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Байқоңыр қаласындағы көпбейінді ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесіп, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Келесі күні сапар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жалғасты. Аурухана 185 төсектік орынға арналған. Эпидемиялық ахуалға байланысты қосымша 170 инфекциялық, 90 провизорлық орын жасақталған.
Осыдан кейін Ұлттық сараптама орталығы, облыстық көпбейінді аурухана мен №3 қалалық емхана жұмысымен танысқан меймандар облыстық мекемелер үйінде дәрігерлермен басқосу өткізіп, індеттің екінші толқынына дайындық барысын талқылады.
Қызылорда облысы