Грекиядағы ең ірі босқындар лагері түгі қалмай жанып кетті. Бұл Лесбос аралындағы Мориа босқындар лагерінде осы аптада орын алған екінші өрт. Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні болған алғашқы оқиға салдарынан лагерь қатты зардап шеккен еді, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазір қызыл жалын толығымен ауыздықталды. Абырой болғанда, босқындар арасында зардап шеккендер жоқ. Бірақ кейбір мигранттар түтіннен уланған. Бастапқыда 3 мың адамға шақталған лагерьде қазір шамамен 13 мың адам өмір сүреді. Әлемнің 70 елінен келген босқындар арасында ауғандықтар көп екен.
Бұған дейін алғашқы өрт тіркелгенде Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис болған оқиға үшін босқындардың өздерін айыптаған еді. Оның айтуынша, олар 35 мигрантта коронавирус анықталғаннан кейін әкімшілік тарапына агрессия көрсетіп, карантиннен қашпақ болған. Десе де бұл әрекеттері сәтсіз аяқталыпты.
Өрттен кейін босқындарға лагерьден кетуге рұқсат етілді, бірақ полиция көрші елдімекендерге кіруіне жол бермей, ауылдарға апаратын жолдарды жауып тастаған. Алапат апаттан мыңдаған адам баспанасыз қалды. Билік олар үшін уақытша тұрақ іздеп жатыр.
Ал өзге елдер бұл жағдайға бей-жай қарап отырған жоқ. Мәселен, Германияның Сыртқы істер министрі Хайко Маас бұл оқиғаны гуманитарлық апат деп атады және босқындарды ЕО елдеріне таратуға дайын екендігі туралы да жазды.
Айта кетейік, бұған дейін де әлеуметтік желілерде босқындар мен жергілікті тұрғындар арасындағы жағдай шиеленісіп тұрғандығы жөнінде хабар тараған. Осы жолы да да арал тұрғындары тарапынан босқындарға наразылық байқалыпты. Олар өрт сөндірушілер жеткенде өз елдімекендерінен әрі қарай жүретін жолды жауып тастап, босқындарға жетуге мүмкіндік бермеген.
БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы мигранттар мен жергілікті тұрғындар арасындағы шиеленіс туралы білетінін хабарлады. "Біз барлығын ұстамдылық танытуға шақырамыз және лагерьдегі адамдардан артық қозғалыстардан аулақ болуды және уақытша шешім табылғанша сабыр сақтауды сұраймыз", делінген хабарламада.