• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қыркүйек, 2020

Көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетілуде

1501 рет
көрсетілді

Тіршіліктің күре тамырын жал­ғастырушы, өмірдің өзегі ардақты аналарымыз деп жатамыз. Алтын құрсақты аналарға алтыннан алқа тағып, құрмет көрсетуде ешкімнен қалыс қалып жатқанымыз жоқ. Мемлекет әлеуметтік көмек беруде де аянып қалмақ емес. Жуықта ғана Өскемендегі көп балалы аналардың бірі баспаналы болса, енді бірі кәсібін ашты.

Мемлекет тарапынан халықты әлеу­меттік қорғау жүйесінде ана мен баланы қолдау үшін жан-жақты жағдай жасалып жатқаны белгілі. Шыр етіп дүниеге келген сәбиге біржолғы жәрдем­ақы, күтіміне байланысты ай сайын жәрдемақы төленеді. Төлемнің көлемі бала санына қарай өсіп отырады.

Сондай-ақ алтын құрсақты аналар да белгілі мөлшерде жәрдемақы алып отыр. Шығыс Қазақстан облысын­да «Алтын алқа», «Күміс алқа» бел­гі­лері­мен марапатталған немесе бұрын «Ба­тыр ана» атағын алған, I және II дәре­желі «Ана даңқы» ордендерімен мара­патталған 13 754 көпбалалы ана тұрады. Оларға ай сайын 17 780 теңге кө­лемінде мемлекеттік жәрдемақы тө­ленеді.

Ағымдағы жылдың 1 қаңта­рынан бас­тап төрт және одан да көп бірге тұ­ра­­тын кәмелетке толмаған балалары бар отбасы­лар әр балаға 4 АЕК (11 112 теңге) көлемінде мемлекеттік жәр­дем­ақы алуға құқылы. Облыс бо­йынша бұл жәрдемақыны 13 713 көп­балалы отбасы алады.

«Қазақстан Республикасында зейнет­ақымен қамсыздандыру туралы» заңға сәйкес, кем дегенде бес бала туып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жастан зейнеткерлікке шыға ала­ды. Сонымен қатар «Алтын алқа» және «Кү­міс алқамен» ма­рапатталған аналар кө­лік құрал­дары мен жер салығын, баж са­лығын төлеуден босатылған. Жыл сайын 8 наурызға орай об­лыс­тық бюджет қаражатынан «Алтын алқа», «Күміс алқа» ал­қа иелеріне, бұрын «Батыр ана» атағын алған және бірінші, екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп­балалы аналарға 5 АЕК көлемінде біржолғы төлем жүр­гізіледі.

Әсіресе қалалық жерде тұра­тын көп­балалы отбасылар үшін басты мәселе – баспана еді. Облыста тұрғын үймен қамтамасыз ету де рет-ретімен шешімін тауып келеді. Былтыр 523 көпбалалы отбасы тұрғын үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойласа, ағымдағы жылы 271 көп­балалы отбасы баспаналы болды.

Соның бірі – бес баланың анасы Гау­һар Ермекова. Олар 2008 жылы от­ба­­сы­мен Өскеменге көшіп келіп, Согра ша­ғын ауданы жақтағы саяжайға тұ­рақ­таған.

– Жолдасым слесарь сантехник болып жұмыс істейді. Өзім Солнечное ауылындағы қарттар үйінде медбикемін. Он жылдан асты, Өскеменде тұрып жатырмыз. Балаларымызды оқытайық-тоқытайық деп ауылдан көшіп келіп саяжайда тұрдық. Қалай десек те, сая­жайдың аты саяжай еді. Енді міне, кең сарайдай үш бөлмелі пәтерге қол жет­кізіп отырмыз, – дейді қуаныштан төбесі көкке жеткен Г.Ермекова.

Ол бірнеше жыл Тұрғын үй­-ком­му­налдық шаруашылығы арқылы пәтер кезегінде тұрған. Кезегі келіп, «Бақыт­ты отбасымен» пәтер алу мүмкіндігі ту­ған­да алғашқы жарнасы жоқ еді. Бағы­на орай облыс әкімі Даниал Ахметов қолдау көрсетіп, облы бюджетінен 1 млн теңге тұрғын үй сертификатын берді.

Гаухар мен Ержан төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыш қыздары Аида Семей мемлекеттік медициналық академиясында оқиды. Болашақта анестезиолог дәрігер болып шығады. Үлкен ұлы Ертемір – С.Аманжолов атындағы университеттің студенті. Екеуі де грантқа түскен. Сабақты жақсы оқығандары үшін алатын стипендия­лары бар. Ерасыл болса, Назарбаев зияткерлік мектебінде, Нұрасыл Білім инновациялық лицейінде оқиды. Ал кенже ұлдары Нұралы – 3-сыныпта.

Мемлекеттік бағдарлама дәл осындай бақытты жыл соңына дейін тағы 766 көпбалалы отбасына сыйламақ.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылыс бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді меншікке сатып алу кезінде ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру үшін бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу мақсатында тұрғын үй сертификаттарын ұсына отырып, жеңілдік тетігі енгізілді.

«Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 2020 жылы об­лыстық бюджеттен аз қамтылған көп­балалы отбасылар үшін тұрғын үй сертификаттарына 88 млн теңге бөлінді. Оның 50 млн теңгесі Өскеменге, 25 млн теңге – Семейге, 13 млн теңгесі Тарбағатай ауданына үлестірілді. Биылғы сертификаттар әлеуметтік осал топтардың үш санаты бойынша мүгедек балалары бар және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, толық емес және көп­балалы отбасыларға қайтарымсыз не­гіз­де берілді. Ал атаулы әлеуметтік көмек жыл басынан бері 9 709 отбасыға, оның ішінде 3 379 көпбалалы отбасына және 6 330 аз қамтылған отбасыға тағайындалды.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар да жалғасуда. Биыл аталған бағдарлама бойынша 3 млрд теңге көлемінде 606 шағын несие берілді. Оның 378 млн теңгесі көпбалалы отбасыларға ұсынылған.

Бүгінде бағдарламаның игілігін көріп отырған өскемендік көпбалалы Арна Наурузова тігін шеберханасын ашқан.

2020 жылдың 8 айында 527 млн тең­геге 951 грант берілді, оның 37%-ы­ көпбалалы отбасылар үшін, 16%-ы аз қам­­тылған отбасылар үшін берілген.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында облыс әкімінің өкімімен өңірдің қалалары мен аудандарында қоғамдық комиссиялар құрылып, тиісті жұмыстарды атқарып отыр. Олар жергілікті жердегі көпбала­лы және аз қамтылған отбасылардың мәселелерін үнемі назарларында ұстап отырады. Ал мемлекеттің, жергілікті басшылардың көпбалалы анаға, бауыр ет балаға жасалып жатқан қамқорлығы жалғаса бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы