Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында «Ыстық қазан» онлайн-мейрамханасы тапсырыс берушілерге ыстық тағамды атпен жеткізіп береді.
– Біздің «Ыстық қазан» мейрамханалар жүйесі Қазақстан нарығында пайда болғанына 2 жылдай уақыт өтті. Алматы мен Ақтау қалаларында жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Ақтөбе қаласында да бір мейрамханамыз ашылмақ. Ал Ақсай қаласында жұмысымызды бастағанымызға жарты жылдай уақыт болды, – дейді осы жобаның жетекшісі Жандос Рсалиев.
Ақсайда атпен жеткізілген алғашқы тағамның иесі – 9 жасар Алдияр екен. Ата-анасы ұлының туған күнін достарымен, туған-туысқанымен атап өту үшін сүйікті тағамына көп мөлшерде тапсырыс берген. Ал оны ерекше жеткізу идеясы – Жандостікі. «Ұлттық киіммен, салт атпен аулаға кіріп келгенімізде Алдияр қатты таңғалып, ерекше қуанды. Тіпті сол маңдағы бала-шаға түгел жиналды десе де болады. Бұл Ақсай қаласындағы ерекше оқиғаға айналды. Әлеуметтік желіде жарияланған осы оқиғаны аз күнде 3 миллионнан аса адам қараған екен», дейді Жандос.
Айта кетейік, онлайн-мейрамхананың ерекшелігі – ас, қуырдақ, палау т.б. ұлттық тағамды тапсырыс берушіге ып-ыстық күйінде, арнайы қораппен жеткізеді екен.
– Ыстық тағамды, асты арнайы қораппен ұсыну – әлемнің көптеген елінде қолданылып жүрген заманауи сервис. Оның ұтымды жағы – тапсырыс беруші кез келген жерде ауқаттанып кете береді, басқа ыдыстың керегі жоқ. Сондықтан біздің бастама – заманауи үрдіс пен ұлттық мәзірдің сәтті симбиозы болды, – дейді Жандос.
Батыс Қазақстан облысы