• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2013

Жәуке батырға ескерткіш орнатылды

660 рет
көрсетілді

Арқалық қаласына келгендерді енді темір жол вокзалында Жәуке батыр күтіп алады. Жақында өткен қала күні мерекесінде осында белгілі батыр, қолбасшы, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресіп, елінің тәуелсіздігін аңсап өткен Жәуке Назарғұлұлы ескерткішінің ашылу салтанаты болды.

Арқалық қаласына келгендерді енді темір жол вокзалында Жәуке батыр күтіп алады. Жақында өткен қала күні мерекесінде осында белгілі батыр, қолбасшы, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресіп, елінің тәуелсіздігін аңсап өткен Жәуке Назарғұлұлы ескерткішінің ашылу салтанаты болды. Қазіргі Амангелді ауданының Сарыторғай елді мекені өңірінде дүниеге келген Жәуке Торғай даласының аязы мен желіне, ыстығы мен жауынына шар болаттай шымыр боп өсіп, ерте ер жетеді. Қазақты құнарлы жерлерден ысырып бара жатқан, далалықтарға өктемдігін көрсеткен жымысқы саясатқа қарсы 1838 жылы Кенесары Қасымовтың көтерілісіне қосылғанда Жәуке батыр не бәрі он алты жастағы балаң жігіт болатын. Сол жолы Кенесары Ақмола бекінісін басып алғанда жас батыр Жәуке ерекше көзге түседі. Ол Кенесарының сенімді сарбаздарының біріне айналады. 1842 жылы Иман мен Жәуке батырлардың табандылығы арқасында Кенесары Торғай бойына қыстап шығады. 1844 жылы Ресей патшасының әскерлерімен бетпе-бет шайқаста, Екатеринск станицасына шабуыл кезінде де Жәукенің батырлығы көрінеді.

Ескерткіштер – тек өнер туындысы ғана емес, ол бүгінгі ұрпақтың тарихи санасын қа­лып­тастыруға қызмет ететін, патриоттық сезімге тәрбиелейтін тамаша рухани құрал. Бір жақсысы, өзі шағын болғанымен Арқалық қаласы ескерткіштен кенде емес. Мұнда Ахмет Байтұрсыновтың, Кейкі, Амангелді батырлардың ескерткіші қалалықтардың да, қала қонақтарының да рухын көтеріп тұрады. Міне, олардың қатарына Жәуке батыр қосылды. Осы ескерткіштердің барлығы да мүсінші Әбілбек Ұзақовтың қолынан шыққан.

Ескерткіштің ашылу салта­на­тында қала әкімі Ғазиз Бек­мұхамедов Жәуке батыр мүсінін жасауға демеушілік көрсет­кен кәсіпкер Қиссаметдин Сапар­ғалиевқа ризашылық білдіріп, алғыс хат тапсырды. 1994 жылы қазан айында Сары­торғай ауылында Жәуке батыр Назарғұлұлының 175 жылдық мерейтойының кеңінен атап өтілуіне де Қ.Сапарғалиев белсене атсалысқан еді.

Ескерткіштің ашылу салтанатында ардагерлер қуана сөз алды, шашу шашылды. Тас мүсіндегі Жәуке батырдың жүзінен жауын жеңген, арманына қол жеткізген адамның ризалық кейпі білінеді. Батыр дамудың даңғыл жолына түскен азат елінің бүгініне шүкірлік айтып отырғандай. Уақыт байланысы, ұрпақ сабақтастығы осылай болса керек-ті.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

АРҚАЛЫҚ.

Соңғы жаңалықтар