• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Қыркүйек, 2020

Мемлекет-жекеменшік әріптестігінің маңызы зор

504 рет
көрсетілді

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Қазақстан өзінің құқықтық кеңістігін қалыптастыруды қолға алды. Алғаш қабыл­данған заңнамалық актілер­дің бірі 1991 жылғы 23 жел­тоқ­сандағы «Қазақстан Ре­с­пуб­ликасындағы кон­цессия­лар туралы» заңы болды. Мемлекет бұл заң­ды қабылдай отырып, мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі саласындағы құқық­тық қатынастарды реттеудің маңыздылығын көрсетті.

Аталған саланың қалыптасу хронологиясына көз жүгіртсек, жоғарыда аталған заң 1993 жылы күшін жойып, 2006 жылы «Кон­цессиялар туралы» заң қабыл­данды. Кейін оған өзгерістер ен­гізіліп, алғаш рет МЖӘ ұғымы беріліп, принциптері айқындалды. Жобаларды икемді құрылымдау үшін келісімшарттардың жаңа түрлері қарастырылды. Сонымен қатар бизнес үшін тартымды жаңа механизмдер пайда болды. Атап айтсақ, тарифтік реттеудің тұрақтылығы, секвестрден қорғау және конкурс рәсімдерінің екі сатылы болуы сынды жаңашыл­дықтар қалыптасты.

Алайда осы саладағы құ­қық қолдану практикасы бизнес субъек­тілерін мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігіне тарту шара­ларының жеткіліксіздігін көр­сет­ті. Концессия механизмі ірі инф­­­ра­құрылымдық жобаларға ба­ғытталды. Сондықтан халық­ара­лық тәжірибе негізінде мем­ле­кет-жекеменшік әріптестігін қолдану жүйесін жеңілдету қажет болды. Осы ретте «Қазақстан-2050» стратегиясында МЖӘ ме­ханиз­мін енгізуге ерекше көңіл бөлін­ді. Соның нәтижесінде 2015 жыл­ғы 31 қазанда «Мемлекет-же­ке­меншік әріптестігі туралы» жаңа заң қабылданды. «МЖӘ орталығы» АҚ әдіснама кеңсе­сінің вице президенті Рысбек Нұр­пейісовтің айтуынша, жаңа заң тікелей келіссөздер арқылы шарт жасауға мүмкіндік берген еді.

– Жаңа ереже қатысушылардың шеңберін кеңейтіп, әріптестердің құқықтары мен міндеттерін белгі­леді. Қаржыландыру көздері мен мем­лекеттік қолдау шара­­ла­рын айқындап берді. Сол сәт­тен Қазақ­с­танда мемлекет-жекемен­шік әріп­­­тестігінің дамуының жаңа ай­­на­лымы басталды деуге бола­ды. Оған дәлел, МЖӘ шарт­тары­ның белсенді өсуі. Арнайы заң қабыл­данғаннан кейін 2016 жылы 15 МЖӘ шарты жасалды. 2017 жылы – 163 шарт, 2018 жылы – 292, 2019 жылы – 274, ал биыл 63 шарт іске асты, – дейді Р.Нұрпейісов.

Нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ, жыл са­йын заңнамаға тиісті өзгерістер енгі­зіліп отырды. Мәселен, әр сала­ның ерекшелігі ескеріліп, стан­дартталған МЖӘ жобаларын жоспарлаудың арнайы рәсімдерін белгілеу мүмкіндігі туды. Сонымен қатар жобаны жоспарлау мерзімі 7 айдан 3 айға дейін қысқарды. МЖӘ шарттарын қазынашылық тіркеу талабы енгізілді. Бұл талап ұзақмерзімді шарттарға инвес­торлардың сенімін арттырды.

– 2018 жылғы заңнамалық тү­зетулер МЖӘ шарттарының екін­ші деңгейлі банктер үшін кепіл ретін­де қабылдануын қамтамасыз ету­ге бағытталды. Дүниежүзілік банк МЖӘ инфрақұрылымдық жо­ба­ларына зерттеу жүргізіп, оның қо­ры­тындысын жариялады. Бұл зерттеуде Қазақстан МЖӘ са­ла­сында заңнамалық базаны қа­лып­тастыру жолында өте жақ­сы нәтиже көрсеткен. Был­тыр Еу­ро­падағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қоры­тынды есебінде: «Қазақстан ұлт­тық және аймақтық деңгей­лер­де МЖӘ дайындаудың жақсы құқық­тық және институционалды негі­зін құрды» деген баға берілді. Бұл біз үшін үлкен нәтиже, – дейді вице президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ин­вес­торлар кеңесінің отырысын­да МЖӘ әлеуетін сапалы ашып көрсету қажеттігін атап өтті. Инвестициялардың қайтарымы бюджеттік төлемдер арқылы ғана емес, басқа да нарықтық құралдар арқылы қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды.

Жалпы алғанда, МЖӘ жеке инвестицияларды тарту және инфрақұрылымдық қызмет­тер­дің қолжетімділігі мен сапасын арттыру институты ретін­де бү­гінде үлкен әлеуетке ие. Оның ме­ха­низмі­нің негізгі артықшы­лығы мем­лекеттік бюджетке тү­се­тін ауырт­палықты азайту.

Көпке аян, әлемді жайлаған індет ел экономикасының күрт құлдырауына әкеп соқты. Осы тұста аталған саланы дамыту маңызды. Бұл алдымен бюджет қаражатын үнемдеу үшін жеке сектордың ресурстарын тартуға мүмкіндік берсе, екіншіден кәсіпкерлік субъектілері үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ашады. Биыл «мемлекет-жекеменшік әріптестігі туралы» заңға 5 жыл толды. Осы жылдар аралығында орталық елімізде әлеуметтік салада өз белсенділігін көрсетіп, экономикамыздың өсуіне үлкен үлес қосты.