«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобымен бірлесе отырып Батыс Қазақстан облысы аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза болған Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскері мен бейбіт тұрғындардың сүйектерін іздеуге бағытталған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде.
Әуелі Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобынан Сайқын ауылы маңында Тынық мұхиты флотының теңіз жаяу әскерінің сүйектері табылды деген ақпарат келді. Олар 1942 жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысының аумағына әскер бөлімдерінің орналасуы барысында қаза болған.
2015 және 2017 жылдары жергілікті іздеушілер топтарының көмегімен Батыс Қазақстан облысында қаза болғандардың сүйектері табылып, Бөкей орда ауданы, Сайқын ауылында жерленген. Ресми деректер бойынша 38 теңіз жаяу әскері болған. Қазіргі таңда 17 жауынгердің сүйегі табылып, жерленген.
«Із-түзсіз болып есептелетін, сүйектері табылмаған солдаттар мен бейбіт тұрғындар әлі де көп. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының аумағында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі және Мәншүк Мәметова атындағы іздеу тобының күшімен 14 күнге созылатын қазба жұмыстарын өткізу туралы шешім қабылданды», дейді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
Бұл аймақ соғыс жылдары майданға жақын аумақ болып есептелген. Көп мәрте бомбаланған. Астрахань – Саратов теміржолы бойында 40-50 бауырластар зираты бар. Бұл жол арқылы қару-жарақ, дәрі-дәрмек тасымалдайтын эшелондар өтетін. Дәл осы факт бомбалауға себеп болған. Сол жылдары жауынгерлер мен бірге жергілікті тұрғындар да қаза болды.
Қазақстандағы Ресей Федерациясының және Украинаның елшіліктеріне сол мемлекеттердің аумағынан соғысқа кеткен солдаттардың сүйектерін іздеу жұмыстары туралы хабарландыру жіберілді.