• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2020

Әлеуметтік жобалар орталығы ашылды

317 рет
көрсетілді

«Волонтер жылы» аясында Орал қаласында «Ашық жүрек» әлеуметтік жобалар орталығы ашылды. Шараға қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, орталықтың қызметімен, жоспарымен танысты.

Әлеуметтік орталық Ақпа­рат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ашылып отыр. Дәл осындай жоба еліміздің 17 қала­сында қолға алынған. Ұйым­дас­тырушылардың хабар­лауын­ша, орталық 7 бағыт бойынша «Birgemiz» жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында жұмыс істейді.

– Қазіргі таңда «Еріктілер лигасында» жүзге жуық волонтер бар. Біздегі волонтерлерге де көмек қажет. Басты мақсатымыз – жастардың жа­ңа жобаларына қолдау білдіру. Біз алдын ала таңдап алған 7 бағыт бойынша жо­балардың жүзеге асуына мүм­кіндік береміз. Жалпы, Волон­терлер лигасы осындай орталықтар арқылы респуб­ликамызда волонтерліктің дамуына үлес қоспақ. Лига 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде атқарылған игі істер жеткілікті. Орталығымызға кез келген идеясы бар, қайы­рымдылыққа жаны жақын жас келіп жобасын ұсына алады. Яғни көмек сұрап келген болашағы бар жобалар назардан тыс қалмайтыны анық, – деді «Қазақстан волонтерлер лигасының» Батыс Қазақстан облысы бойынша директоры Алтынбек Бисенов.

Ауқымды жобаларды жү­зеге асыруда еріктілер қоз­­­ғалысының маңызы зор екенін атап өткен шаһар басшысы Абат Абайұлы:

– Биылғы жылдың ең бас­ты жаңалығының бірі – Мемлекет басшысының бұл жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы. Бүгінгі таңда Оралда 100-ден аса еріктілер ұйымы, 2 мыңға жуық волонтер жас бар. «Қазақстан волонтерлер лигасы» шта­бының біздің қаламызда ашыл­ғаны қуантады. Еліне, жеріне жаны ашитын, қо­ғамдық өмірге белсенді ат­­салысып, жанашырлық таны­тып жүрген жастардың басын біріктіретін ұйымның ашылғаны ізгі істің алдағы уақытта да жалғасын табуына себепші болмақ. Ал мұндай бағыт-бағдар беруші орталық қайырымдылық санын арттырып қана қоймай, елімізде волонтерлік мәдениетінің қалыптасуына жақсы жағдай жасамақ. Президент кезекті Жолдауында да азаматтық қоғам­ды дамыту қажеттілігін, азамат­тардың белсенділігін арттыру мәселесіне кеңінен тоқталды. Жастардың ең­бекке қызығушылығын оятып, қай мамандықты болсын қадірлеу қажеттігін айтты. Волонтерлер пандемия  кезінде де үлкен күш екенін дәлелдеп, алғы шепте аянбай еңбек етті. Осындай орта­лық­тар азаматтық позициясы бар, белсенді жастардың шо­ғырлануына, идеяларын айтып, жоспарын бөлісетін алаңға айналады деп сенемін, – деді.

Лига волонтерлерін өңір­дегі жастар ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге шақырған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш орталық жұмысына сәттілік тілеп, бірлескен жұ­мыс­тардың жемісті боларын атап өтті.

Орал қаласының волон­тері, Лиганың мүшесі Маржан Мыр­зағалиева орталыққа келіп өзі сияқты достар тап­қанын, ең маңыздысы өзінің мақсатын түсінгенін айтады. «Халқымыз үшін сынға ай­налған пандемия кезінде басқа волонтерлермен бірге жұмыс істедік. Дәрігерлер мен полицияларға тамақ та­сы­дық, мұқтаж жандарға көңіл бөліп, оларға азық-түлік себеттерін жеткіздік. Сол кезде қанша мұқтаж отбасының барын көрдік. Оларды көріп, біздің көмегіміз қажет еке­нін түсіндім. Сондықтан волон­терлікті өмірімнің бөлігіне айналдыруды жөн санадым. Конкурстарға қатысып, өзім­нің жобамды да ұсынсам деген жоспарым бар», деді ерікті.

Жиын барысында алдағы уақытта аталмыш жоба аясында шағын гранттар берілетіні белгілі болды. Орталық қыз­меткерлерінің айтуынша, 300 мың теңгеден басталатын барлығы 107 грант республика жастарының жаңа бастамаларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік сыйламақ.

Шағын гранттар конкурсына үкіметтік емес ұйымдар, бастамашы топтар және жеке тұлғалар қатыса алады. Толық ақпаратпен liga.org.kz ресми сайтында танысуға болады.