• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Қыркүйек, 2020

Әлеуметтік желінің әлегі

1253 рет
көрсетілді

Бүгінде адамзат баласының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру барысын интернетсіз елестету қиын. Электр қуаты қаншалықты маңызды болса, ғаламтор желісі де содан бір елі кем емес маңызға айналды. Әсіресе, әлемді пандемия жайлап, жұмыс, оқу барысы онлайн режімге ауысқанда интернетсіз жұмысымыз жүрмей, қолымыз байланатын болып барады. Алайда таяқтың екі ұшы барын да ұмытпаған жөн. Бұл шекарасы жоқ шексіздіктің игілігімен қатар өзіндік зияны да бар. Соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға кері әсер тигізетін кездер жиілеп кетті.

Ішкі істер министрлігі де осыған алаңдап отыр. Себебі интернеттегі құқыққа қарсы контенттің балалар мен жасөспірімдерге теріс әсер етіп жатқанын ең алдымен осы ведомствоның мамандары біледі. Сондықтан, интернет өмірдің барлық салаларына еніп, мемлекеттік және жеке қызметтер онлайн режімге ауысып жатқан кезде жаһандық желінің құқыққа қайшы тұстарын ұмытпаған дұрыс болар еді.

Мәселен, жүзіқаралар анонимді интернет-серфинг мүмкіндіктерін пай­даланады. Себебі, жеке парақша­ларын құру кезінде өздерінің шынайы сауалнамалық деректерін көрсетудің қажеті жоқ. Мұндай бет-жүзін, шынайы аты-жөнін жасырған адамдар ең алдымен балалардың интернетті бақылаусыз пайдалануы кезінде ерекше алаңдаушылық тудырады.

– Желіде пайдалы контент қана емес, сонымен қатар балаларға, олар­дың денсаулығы мен психикалық дамуына теріс әсер ететін ақпарат кездеседі. Ата-аналар тарапынан от­басыларда және жақын ортада ба­қылаудың болмауы салдарынан балалар түрлі жайсыздыққа ұрынады. Интернетке олардың қадағалауынсыз кірген балалар зорлық-зомбылық пен порнография насихаттарын қарауы да ықтимал. Мұндай жағдайларда бала тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып жатады. Немесе өздері қылмыс жа­сауына итермелейді, – дейді Крими­налдық полиция департаменті ки­бер­қылмыспен күрес орталығы бас­тығының орынбасары Рүстем Дүй­сетаев.

Мәселен, осы орталықтың маман­дары интернет желісіне мониторинг жүргізу кезінде «Вконтакте» әлеуметтік желісінде порнографиялық фото және бейнематериалдардың та­ралу фактісін анықтады. Ішкі іс­тер министрлігінің қызметкерлері қызыл­ордалық әріптестерімен бірлесіп, осы өңірдің 15 жастағы тұрғынын құ­рықтады. Тәртіп сақшылары тексеру жүргізіп, соның барысында порнография бейнелерін сату фактісін анықтады. Қамқоршысының және балалар психологының қатысуымен сұрақ алынған кезде күдікті жыл басынан бері әлеуметтік желілерде порнографияға интернет-сілтемелер сатып алып, оларды қымбат бағамен сатқанын мойындады. Бүгінде осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Сонымен қатар биылғы маусым айында Ақтау қаласында 35 жастағы ер адам ұсталды. Ол «Вконтакте» әлеу­меттік желісінде 13 жастағы қыз­бен хат алмасып, оған интимдік си­паттағы суреттерін жіберуге мәж­бүрлепті.  Хат алмасу кезінде күдікті кәмелетке толмаған баланы жалаңаш фотосуреттерін жіберуге көндіріп, қосымша фотосуреттер жібермесе оны әлеуметтік желілер арқылы бөлісемін деп қорқытқан көрінеді. Бұл азамат кәмелетке толмағандарды азғырғаны және порнографияны таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тар­тылды.

Сондықтан, аталған ведомство ата-аналарды балаларын интернет желісінде қызықтыратын дүниелерді мұқият зерделеп, кәмелеттік жас­қа толмағандардың телефондарын­да заңмен тыйым салынған мате­риалдардың бар-жоғын тексеруге шақырып отыр.