• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қыркүйек, 2020

Өнім көлемі жылдағыдан кем болмайды

156 рет
көрсетілді

Тамыз айының соңғы онкүндігінде Сыр күрішіне орақ түсті. Қазір аймақтағы басты өнімнің 14 929 гектары орылып, жартысынан астамы бастырылды. Орташа өнім гектарына 47,7 центнерден айналуда. Мамандар болжамына сәйкес, биыл жиналатын өнім былтырғы көлемнен кем болмайды.

Жалпы, осы жылы облыс бойынша 184,2 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл – күрiштің көлемі 89,5 мың гектар. Ел несібесін еселеген диқандар осы жазда дария деңгейі төмен түскен тұста алаңдап қалған болатын. «Қазсушар» облыстық филиалының мамандары шаруашылықтарға суды кезекпен берудің кестесін жасап, бұл тығырықтан да шығудың жолы табылды. Бірақ зардабы жылдағыдан қатты сезілген биылғы су тапшылығы өңірде егісті әртараптандыруға аса мән беру қажеттігін көрсетіп кетті.

Осы бағытта облыста алғаш рет қант құмайы – 70, соя – 240, жүгері 1 667 гек­тарға дейін жеткізіліп, ылғал сақтағыш аквагельдерді пайдалану арқылы 80 гектарға күздік бидай егілді.

Жалпы биыл 59,8 мың тонна минералдық тыңайтқыштар, 74,6 мың литр гербицид сатып алынып, күріш егістігінің 65,6 мың гектары арамшөпке қарсы өңделді, 67,5 мың гектар алқап тыңайтқыштармен үстеп қоректендірілді. Қазір күріштен басқа ерте егілетін дәнді дақылдар толығымен жиналып бітті.

Егін науқанында 1640 трактор, 843 комбайн, 458 жатка, 308 жүк көлігі жүр. Жалпы, егін жинау мен күзгі дала жұмыстары үшін 12,5 мың тонна  арзандатылған дизель отыны бөлінген.

 

Қызылорда облысы